Білім гранты иегерлері белгілі болды

574

0

Өңір жастарының жоғары білім алуына түрлі мүмкіндіктер жасалған. Биыл облыс әкімінің білім гранты бойынша 100 студентке оқу ақысын және жүріп-тұру, тамақтану шығындарын ішінара өтеуге әлеуметтік көмек тағайындау үшін облыстық бюджеттен 85,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Білім грантына кімдер ие болғанын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

Ғабит Жаңабаев айтты.

– Үйлестіру кеңесінің отырысында өңірге қажетті 100 мамандық бойынша аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктерінің және тиісті мемлекеттік органдардың ұсынымдары ескеріліп, грант бөлінісі бекітілді. Үміткерлерден қабылданған өтініштер бойынша 18-21 тамыз аралығында аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссиялардың отырыстары өткізілді. Бөлінген 100 гранттың 97-сі тағайындалды.

Атап айтар болсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне 78, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне 15, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне 3, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына 1 грант бөлінді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің хореография, шет тілі, әлеуметтік жұмыс мамандықтарына бөлінген 3 гранттың біреуінен өтініш беруші өз еркімен бас тартқан. Ал 2 мамандық бойынша қосымша зерделеу нәтижесінде отбасының табысы белгіленген критерийден асып кетуіне байланысты тағайындаудан бас тартылған, – деді басқарма басшысы.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<