«Тең қоғам» теңдікке бастайды

509

0

Былтыр Шиелі ауданының орталығында мүгедектігі бар азаматтар үшін «Тең қоғам» орталығы ашылған еді. Бұл үшін бұрын газет редакциясы болған ғимарат жергілікті әкімдіктің қолдауымен күрделі жөндеуден өтті.

Ғимарат 4 млн теңгеге жуық қаржыға түрлі керекті кеңсе және тренажерлық құрал-жабдықтармен толтырылды. Бұған «Baikanur solar» ЖШС демеушілік еткен. Қазір осындағы барлық заттың мүмкіндігі шектеулі жанның қажетіне әбден жарап тұрғанын көрдік. Орталықта жасы үлкендермен қатар балалар да бос уақытын өткізеді.

– Орталыққа қай уақытта болсын, үлкендер де, балалар да келе береді. Ешкімге шектеу жоқ. Бұл жердің басты мақсаты – сол топтағы азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Бірі шахмат, дойбы ойнаса, бірі спортпен шұғылданады. Сурет салатындар да жетерлік. Қыз балалар тоқыма тоқып, кесте тігеді. Арнайы бөлмеде түрлі мультфильм қарап, караокемен ән де айтатындар бар. Түрлі ойыншықтар да жетерлік. Әсіресе, кішкентайлар құрастыру ойыншықтарымен ойнайды. Массаж алып, буын бұлшықеттерін дамытатын емдік бөлмесі де жұмыс істеп тұр, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Бақытжан Байділдаев.

Білгеніміздей, орталықтағы жұмыстарды үйлестіру үшін 29 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында медбике, психолог, педагог және арнайы шақыртумен үйге барып тұрақты қызмет көрсететін мамандар да бар.

Ауданда 2382 мүгедектігі бар адам болса, оның ішінде балалардың саны – 353. Ал жыл басынан бері мыңға жуық тұрғын әлеуметтік қызметтер порталы арқылы гигиеналық құралдарға өтінім берген. Сондай-ақ, жүріп-тұруы қиын 67 адам кресло арбамен, 103 адам тифлоқұралдармен, 16 адам сурдоқұралдарымен қамтылған. 258 мүгедектігі бар адамға протездік құрал алынды. Үйде қызмет көрсетілетін 138 жалғызбасты қарт пен мүгедектігі бар 112 балаға арнаулы әлеуметтік қызметтер тұрақты көрсетілуде.

Тағы бір қуаныш, мүмкіндігі шектеулі 248 тұрғынның 148-не санаторияға жолдама берілген. Қалғаны брондалып тұр. Сонымен қатар, облыс орталығындағы «Талсуат» елді мекенінде орналасқан орталыққа жеке оңалту бағдарламасымен 46 мүгедек, 47 зейнеткер жіберілді. «Алақай-нұр» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйіне психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 15 балаға жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіліп отыр.

Айтпақшы, оларға инватакси қызметін көрсету тұрақты бақылауда. Былтыр наурызда аудан әкімдігінің қолдауымен «Үміт» мүгедектер қоғамдық қорына кресломен жүретіндерді отырғызу және түсіруге арналған гидравликалық құрылғысы бар инватакси көлігі табысталған. Бұған «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС демеушілік көрсеткен. Сонымен қатар, Шиеліде ерекше қажеттілігі бар адамдардың жүріп-тұруына кедергі болмау үшін пандустармен, бейімделген лифтілермен, дәретханалармен, көзі көрмейтіндерге арналған бағыттаушы белгілермен қамту, инфрақұрылымды жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді.

                Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<