«Анаға тағзым» орталығы ашылды

528

0

Сыр елінде сүйіншілейтін жаңалық көбеюде. Кеше шежірелі аймақтың 85 жылдығы аясында сәні мен сәулеті келіскен тағы бір ғимарат халық игілігіне берілді. Аймақтағы барлық аналар мен қыз-келіншектерге арналған «Анаға тағзым» орталығының ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, еңбек ардагерлері қатысты. Жаңа нысан жанынан ашылған, ұлт тарихындағы ұлы аналарға арналған ескерткішке гүл шоғы қойылып, құрмет көрсетілді.

Игі шарада аймақ басшысы жұртшылықты орталықтың ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты қағидасы бүгін де мәнін жоғалтқан жоқ. Кезінде Социалистік Еңбек ері атанған 12 ақ жаулықты анамыз шыққан біздің киелі өңірде қажырлы еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген олардың ізбасарлары да жетерлік. Алдағы уақытта осы ғимаратта өткенге құрмет көрсетіліп, ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз насихатталады, – деді облыс әкімі.

Ғимарат белгілі меценат, кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен салынған. Құрылысқа 1,7 млрд теңге қаражат жұмсалды. «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасына үн қосып, ел игілігі үшін өз қаражатына құрылыс жүргізген кәсіпкер ғимарат жанына «Анаға тағзым» ескерткішін және тұрғындар демалатын аллея салып, сыйға тартып отыр.

Іс-шарада аймақ басшысы орталық құрылысына бас демеуші болған М.Дүйсенбаевқа, кешен құрылысын жауапкершілікпен, сапалы жүргізген «Шыңғыс» құрылыс мекемесінің басшысы С.Қарамұрзаевқа облыстың ең жоғары наградасы – «Құрмет грамотасын» табыстады. Сондай-ақ бірқатар мердігер мекеме қызметкерлері «Алғыс хатпен» марапатталды.

Мұнан соң еңбек ардагерлері Дайрабай Ысқақов, Алма Бақтиярова, Әзия Қыстаубаева сөз алып, жерлестерін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Шара барысында Марат Дүйсенбаев жаңа ғимараттың кілтін орталық басшысы Алтынай Молжановаға салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар, Т.Жүргенов атындағы қор төрағасы Сәпен Аңсат бата берді.

– Облыстың 85 жылдығы қарсаңында ашылып отырған жаңа орталықтың ұлт тәрбиесінде еңбегі зор аналарымыздың ісін дәріптеуде үлесі мол болады деп сенемін. Аналарға, аруларға құрмет білдіріп, жаңа ғимаратты сыйлаған азаматтарға алғысым шексіз. Бүгінгі шараны сонау Бегім ана, Гүлбаршын ана, одан берірек Сәлима Жұмабекова, Балдырған Мұстапаева, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова және басқа да елге өнегесімен танылған, отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген әйел-аналарға деген зор құрмет деп білемін. Қазір облыс орталығымен қатар, аудан, ауылдарымыз да көркеюде. Жаңа ғимараттар салынып, халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң ықпалын тигізіп келеді. Лайым, осындай жақсылыққа толы жаңалықтарымыз көп болсын, – деді еңбек ардагері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Әзия Қыстаубаева.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – креативті индустрияны жан-жақты дамытуды жүктеді. Президент тапсырмасына сәйкес осында «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмысын бастайды. Қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтерді ойлап тауып, экспорт дамуына үлес қосатын жерлестерімізді бір жерге шоғырландырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да жағдай жасалмақ. Мұнда «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі және «Ана тілі» дебат клубы да құрылған.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<