Биыл 8 айда елімізде жолдағы апаттан өлім-жітім 3 пайызға төмендеді

370

0

Фото: ҚазАқпарат

Осы жылы жол-көлік апаты салдарынан өлім-жітім азайды. Бұл туралы Қазақстанның орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі Парламенттік комиссия отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан қайтыс болғандар мен жараланғандар санын азайту бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан өлім-жітім 15 пайызға артқан еді. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3 пайызға төмендеді», – деді А. Ғиният.

Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларынан кейін салдарын азайту үшін медицина саласында тиісті қадамдар ескерілген. Бұл тұрғыда республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға жақын орналасқан ауданаралық орталық ауруханалар құрамында 28 травматологиялық бөлімше қызмет етіп жатыр.

«Мұнымен қоса, Төтенше жағдайлар министрлігі құрылымында республикалық маңызы бар жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде 40 медициналық-құтқару пункті жұмыс істеп тұр. Жалпы, жараланған адамдарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Бұл ретте, жол-көлік оқиғалары салдарын одан әрі төмендету мақсатында мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ведомствоаралық жұмысы қажет», – деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, А.Ғиният Қазақстанда адамдардың өмір сүру ұзақтығы 74 жастан асқанын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<