Жадында жақсылардың жүрер сөзі

370

0

Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде жазушы, журналист Сарбұлақ Ибрашұлының  туғанына 75 жыл толуына орай «Жадында жақсылардың жүрер сөзі» атты еске алу кеші өтті. Оған  жазушының замандастары, әріптестері, ағайын-туыстары, дос-жарандары қатысты. Кеш замандастардың естеліктерімен, оның атқарған жұмыстары жайлы әңгімелеуден бастау алды. Ұзақ жыл бойы бірге қызмет  істеген әріптесі, ақын Мұхамеджан Нұрханов, саяси ғылымдар  докторы, Әбдіжәлел Бәкір, Шиелі ауданының құрметті азаматы, ақын Пернебай Ізмәмбетов және зайыбы Анархан Марданова С.Ибрашұлының адами қасиеттері туралы айтты.

Оның қаламынан  «Мұстафа Шоқай», «Қарт Қаратау, тіл қатшы», «Мақпал түндер музасы-ай», «Қызғаныш  тауқыметі» және «Махаббат  құрмалдығы» кітаптары жарық көрген. 1992 жылы шыққан «Мұстафа  Шоқай» кітабы бүкіл түркі әлемінің  тарихи тұлғасына айналған біртуар тұлға, Түркістан автономиясының басында болған, 21 жыл шет елде эмиграцияда жүріп, қазақтың  бостандығы үшін  күрескен   Мұстафа  Шоқай туралы жазылған ең алғашқы еңбек еді.

Ә.Бәкір әлем таныған тұлға М.Шоқайдың өмір жолы, оның шет ел кітапханаларында жатқан ғылыми еңбектерінің  зерттелуі, ол еңбектердің ана тілімізге аударылуы туралы мәліметтер айтты. Тұлға туралы толымды еңбек жазған С.Ибрашұлының есімін есте қалдыру тұрғысында ұсынысын жеткізді.

Кеште өнерпаздардың орындауында С.Ибрашұлының сөзіне жазылған «М.Шоқай» әні орындалып, оның «Ассалаумағалейкум» өлеңі оқылды.

Соңында Сарбұлақ Ибрашұлының аруағына ас беріліп, Құран бағышталды.

Жұмагүл БАЛАБАЙҚЫЗЫ.

Тасбөгет кенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<