Рухани келісім – татулық тірегі

485

0

Кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Рухани келісім – татулық тірегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараға облыстық дін істері басқармасының басшысы Дінмұхамед Ермеков және дінтанушы-теологтар, құқық қорғау органдарының мамандары мен Астана және Түркістан қалаларынан арнайы шақырылған ғалымдар қатысты.

– Қазақ елі тәуелсіздік алғалы этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға жақсы көңіл бөлуде. Соның айғағы, осы «Рухани келісім күні». Сонау 1992 жылдан бастау алған осы атаулы күн бүгінгі этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің қалыптасуына алғышарт болды. Тәуелсіздікке табан тірегелі еліміз көп векторлы саясатының арқасында бәсекеге қабілетті, іргелі мемлекеттердің қатарына қосылды. Ал экономикалық дамуы тұрақты, дағдарыстан жол тауып шыға алатын еліміздің басты байлығы, теңдесі жоқ қазынасы – халықтар достығы. Оның түбірі ғасырлар қойнауынан басталып, тағдыр тауқыметінде шынығып, еліміздің тәуелсіздігімен қатайып келеді. Өздеріңізге белгілі, биыл облыстың 85 жылдығы. Тарихы терең Сыр елінде бүгінде біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Ал осы ел игілігі үшін жасалған жұмыстар бізді біріктіре түседі, – деді басқарма басшысы.

Мұнан соң Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығының Діни ахуалды талдау және бақылау бөлімінің директоры Талғат Жақиянов пен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы, PhD доценті Мұхит Төлегенов сөз сөйледі.

– Еліміздің тәжірибесі сындарлы диалог пен өзара түсіністік, адамдардың рухани бірлігін нығайтуға арналған алаң бола алатынын дәлелдейді. Оның үстіне қазір әр облыста достық қарым-қатынас толықтай жолға қойылды. Бүгінде Рухани келісім күні қазақстандықтарды дәстүрлі моральдық құндылықтар арқылы біріктіріп, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылық үшін толеранттылық пен рухани келісім идеяларын насихаттайды, – деді Талғат Жәрдемқұлұлы.

Конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев пен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Абу де өз ойларын ортаға салды.
– Бүгінде Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға қол жеткізген бірегей тәжірибесі ел ішінде, тіпті, әлемдік қоғамдастықтың сұранысына күн өткен сайын ие болуда. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары жаһандық деңгейдегі рухани келісімді қамтамасыз етудегі біздің елдің еңбегін әлдеқашан мойындаған. Жалпы әрбір ұлт өзінде бар жақсылықты жалпының игілігіне жұмсауы тиіс. Себебі ұлт байлығының жетістігі – біржақты жеке мүдделерді жеңе отырып, халықты рухани келісімді асқақтатуға шақыру. «Рухани келісім» күні бірлік пен мейірімділік, жақсылық пен өркендеу күніне айналсын, – деді бас имам.

Конференция соңында қатысушылар бір ауыздан бейбітшілік пен келісім көздің қарашығындай сақтайтын басты құндылық екенін атап өтті. Еркін пікір алмасудан кейін облыстағы конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту бағытында белсенділік танытып жүрген бірқатар азамат марапатталды.

Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<