Шахтадағы шырғалаң елге оңай соққан жоқ

432

0

«Апат айтып келмейді» деп өз-өзімізді жұбатқанымен, құрбан болған отандастарымыз оралмайды. Келместің кемесінде кетті. Сараптап қарасақ, тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандық шахталарда 200-ден астам адам қаза тапқан екен. Өкінішті!

Ал кешегі апат болған Костенко шахтасына өндірістік қауіпсіздік департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан екен. Былтыр бұл кен орнынан 200-ге жуық кемшілік анықталған. Апат 700 метр тереңдікте болған. Мамандардың айтуынша, алдымен өрт тұтанып, 8 минуттан кейін жойқын жарылыс болған. Жалын 2 шақырым жерге жайылған. Жарылыстың қатты болғаны сонша, тіпті телекоммуникациялар істен шыққан. Жарылыс толқыны тек сол жердегі лаваға емес, «К-2» деп аталатын көршілес лаваға да жеткен.

Металлургиялық комбинатқа қарасты барлық 8 шахта уақытша жұмысын тоқтатты. Мамандар шахталарда газдың бар-жоғын тексеріп шығады. Кеше кешкілік дерек бойынша 46 адамның қаза тапқаны белгілі болды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы шахтадағы өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

– «Костенко шахтасында орын алған апат кезінде қаза болған кеншілердің отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахталарында апатты жағдайлардың жиі орын алуы өкінішті. Кәсіпорын басшыларының салғырттығы салдарынан қаншама отбасы асыраушысынан айырылып, қасірет шегіп отыр. Мұншама қайғының орнын толтыру мүмкін емес. Кешегі апат – Қарағанды көмір бассейні тарихындағы ең ірі апаттардың бірі. Ауыр қайғы. Осындай қиын сәттерде зардап шеккендерге рухани қолдау көрсетіп, ауыр қайғыны бөлісіп жатқан барша отандастарыма алғысым шексіз. Мен қандай жағдайда да халқыммен біргемін! Қайғыңа ортақпын, Қарағандым! Қаза болғандардың иманы саламат болсын, жарақат алғандар тез сауығып, отбасыларына оралсын, – деді Халық Қаһарманы, Тоқтар Әубәкіров.

Трагедия неге тыйылмай тұр?

Әлемнің озық, дамыған елдерінде де шахта жарылып, жан тапсырып жатқандарды естіп, апаттың айтып келмейтінін ұғамыз. Дегенмен де бақылау мен зерттеудің озық үлгісі шахта әлеміне жетсе, апаттың алдын алуға болатындай. Иә, бәрі айтуға оңай. Тек тілегіміз, тірегіміз болып жүрген ер азаматтар әр кеште аман-есен отбасымен қауышса, нұр үстіне нұр. Еліміздің байлығы – қалың қаржы емес, халық екені даусыз.

Бұған дейінгі шахтадағы апат та адам шығынына әкелді. Тексеруден өткен деген шахтадан шикілік шығып, соңы тергеуге ұласты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті «Қазақстан» шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді. Апат кезінде шахтада 227 адам болған, олардың 222-сі жер бетіне шығарылған. Бірақ, өкінішке қарай 5 адам қаза болды. Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырманы сол кезде берді. Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылған-ды. Өкінішке қарай апат қайталанды. Бұл жолы құрбан саны тым көп.

Жер астындағы өмірдің оңайы жоқ. Әсіресе, өмірін көмір қазуға арнағандардың еңбек жолы қауіп пен қатерге, сын мен сынаққа толы.

«– Әкем қайда, анашым?

– Жұмысында.

Нәзік діріл байқалды тынысында.

Жұлқып-жұлқып жүрегін анасының,

Бір ақиқат кетті еріп тіл ұшында.

Жасыра алмай сыныпта     сағынышын,

Бір аңсардың жалыны қарып ішін:

– Кенші болам, – деп жазды дәптеріне.

Әкесінің қасына бару үшін…

Табу үшін…», –

деп жырлаған ақын Дәулет Жадырасын да талайдың көңіл пернесін бір шертіп өтті. Жетім көңіл, жесір мұңның бұлтын сейілту үшін, тыйылмай жатқан трагедияны тоқтату мақсатында қатал шешімдер қазірден қабылданбаса болмайтын секілді.

Деректерге жүгінсек, 1995 жылы 24 қарашада Ленин атындағы шахтада метан жарылды. Апат салдарынан 13 кенші қаза тапты. Ал 2006 жылы сол шахтада ең ірі апат орын алды. 20 қыркүйек күні шахтада желдету құбырларын жөндеп жатқан. Осыған байланысты негізгі желдеткішті өшіріп тастады. Тергеу комиссиясының қорытындысына сәйкес, электрші қауіпсіздік ережелерін бұзған. Тоқты ажырататын аппаратта сыммен жалғап қойған жерлер болған. Содан желдеткіш істемеген соң газ жинала берген. Ал тоқты қосқанда сым жалғанған жерден ұшқын шығып, метан жарылған. Сол кезде жердің астында 368 кенші жүрген. Жарылыстың қатты болғаны сонша, қаза болған адамдардың денесі бір шақырымға ұшып кеткен. Апат кезінде 41 адам мерт болды. Кеншілерді жабық табытта жерледі.

2008 жылдың 11 қаңтарында 400 метрлік тереңдікте метан жарылып, арты алапат өртке ұласқан. Сол кезде жердің астында 191 адам болды. 161 кеншіні шығарып үлгерген. Қалған 30 адам қаза тапты. Олардың ішінде 21 кеншінің денесі сол күйі табылған жоқ.

2011 жылы Қарағанды облысының кеншілері төл мерекесін тойлаудан бас тартты. Себебі сол жылы Саран қаласына жақын Күзембаев атындағы шахтада екі кенші қаза тапты. Сол күні шахтада 107 адам жұмыс істеген. Кенеттен көмір мен газ атқылап, жұмысшылар үйінді астында қалған.

2020 жылдың маусымында Шығыс Қазақстан облысында орналасқан «Шығыстүстімет» ЖШС Орлов өндірістік кешенінің шахтасында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде екі жұмысшы қаза тапты. Тағы бір шахтер ауруханаға жеткізілді. Жылдың соңында тағы бір қайғылы оқиға болды. 30 желтоқсанда жарылыс жұмыстары кезінде «Ақтөбе Мыс компаниясы» ЖШС-ның төрт қызметкері қайтыс болды.

Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында 2021 жылы 11 қарашада апат болды. 64 кеншінің 56-сы жоғарыға өз күшімен шығып үлгерген. 8 жұмысшы қалып қойды. Алтауы қайтыс болды, екі адам газдан уланып қалды. «АрселорМиттал Теміртау» 100 процент кінәлі деп танылды.

Өткен жылы Ленин атындағы шахтада дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен метан жарылды. Артынан өрт шықты. Апат салдарынан 5 кенші қаза тапты. Көбісі қырыққа да келмеген. Ең жасы 26-да болған. Тәуелсіздік жылдары осы шахтада 60-тан астам кенші қаза тауыпты.

Қарағанды көмірін Аппақ Байжанов 1833 жылы тапқан. Ал көмір өндіру ісіне Ушаков 1856 жылы ден қоя бастапты. Ол Сармантай-Мұрат рулары иелік етіп отырған жер телімін 250 рубльге сатып алған. Сонымен, Қарағанды шахтасы 1857 жылы ашылған «Иванов разрезінен» бастау алады. Сонан беріде қара отын қазамын деп қаза тапқандар аз болмай отыр.

Өкініштісі сол, қазақ елі 29 қазан күні аза тұтты.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<