Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға

324

0

Жалағаш ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов Жалағаш кентіндегі барлық білім ошағында болып, ата-аналармен, ұстаздармен кездесті.

Жиында Ғани Кенжеғараұлы егемен елдің болашағында жастардың маңызды рөл атқаратынын жеткізіп, бала тәрбиесінде босаңсуға болмайтынын тілге тиек етті.

– Барлығымыз да ата-анамыз, бәріміз де бала тәрбиелеп отырмыз, үкіліген үмітіміз де солар, сондықтан ата-аналар бала тәрбиесінде босаңсымауымыз керек, ауданда осыған дейін жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдайлар да орын алды, оны жасыра алмаймыз. Ертеңгі күні біз соның алдын алып, алдағы уақытта қайталануына жол бермесек, ертең жемісін ел болып көреміз, себебі бала жас шыбық секілді, басында қалай қалыптасса, жүре келе дәл солай өседі. Сондықтан біз олардың осы бастан тәрбиесіне мән беруіміз керек, рас, құзырлы органдар, ұстаздар шама-шарқынша міндетін атқарып жатыр, бірақ бұл бала тәрбиесіне тек солар ғана жауапты дегенім емес, бала тәрбиесіне ата-аналар да жауапты, осыны естен шығармайық, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Мұнан кейін ата-аналар, ұстаздар да осы мәселе төңірегінде ойларын ортаға салып, бірқатар ұсынысын жеткізді. Мәселен, олар кейбір мектептердің ішінде бейнебақылау камералары орнатылғанымен ауласында жоқ екенін айтады, Ғани Кенжеғараұлы алдағы уақытта бұл ұсынысты зерделеп, шешіміне жұмыс жасайтынын жеткізді.

Кенттегі №123, 201, 246, 31 және 202 орта мектептерде бас қосқан ата-аналар мен ұстаздар алдағы уақытта балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға жұмыс жасайтынын айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<