Сырдария ауданы әкімінің сайлауы басталды

449

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз» деген болатын.

Ел Президентінің бастамасымен, ағымдағы жылдың 5 қарашасында елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін пилоттық режимде сайлау өткізу белгіленді.

Осыған орай, бүгін Сырдария ауданында жергілікті уақыт сағат 7.00-де аудан әкімінің сайлауы басталды. Аудандағы барлық сайлау учаскесінде Мемлекеттік Гимн орындалып, сайлаушылар дауыс бере бастады.

Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау учаскесінде соғыс және еңбек ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 102 жастағы Яхия Тасыров алғашқылардың бірі болып дауыс беріп, саяси науқанның жоғары деңгейде өтуіне батасын берді.

Айта кетейік, бүгінде аудан халқының саны 38025 адамды құрайды, оның 22 101-і сайлауға қатысады. Аудан бойынша 18 сайлау учаскесі бар. Барлық сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Тұрғындардың дауыс беруге қатысуға белсенділігін арттыру мақсатында сайлау учаскесі бойынша 1, 100, 500, 1000, 2000-ыншы және ең алғашқы дауыс беруші мен ең қарт сайлаушыға арнайы сыйлықтар беріледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<