Дәрігер еңбегі дәріптелді

651

0

«Елім деген ерді ел құрметтер» дейді халық даналығы. Мұндай бағаға  туған халқының болашағы үшін тер төгіп, құрметке бөленген азаматтар ғана лайық. Кеше Сыр өңірінде танымал дәрігер, облыстың Құрметті азаматы Ернияз Омаровтың бюсті ашылды. Елеулі еңбегінің арқасында қадірлі болған дәрігердің бюсті көпбейінді қалалық аурухана ауласына орнатылды. Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев медицина майталманының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесін атап өтіп, қойылған бюст-ескерткіш аймақтағы медицина саласында еңбек ететін барша мамандарға деген құрметтің белгісі екенін айтты.

– Антына адал болған Ернияз Омарұлы аймақтың денсаулық сақтау саласының атасы атанды. Еңбек жолын Тереңөзектегі «Арысқұм» жайлауындағы малшылар қонысында фельдшер болып бастап, медициналық бекет меңгерушісі, облыстық ауруханада хирург, емхана меңгерушісі, қалалық, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің, басқарманың меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ауласына бюсті қойылған осы қалалық көпбейінді аурухананың, 5 аудандық, 7 ауылдық аурухана мен 20-дан астам ауылдық дәрігерлік емхананың ашылуына еңбек сіңірді. Қызметтің қай сатысында жүрсе де, дәрігерлік міндетін мүлтіксіз орындады. Елу жылдық еңбек жолында он мыңға жуық ота жасап, талай науқасты ажалдан арашалап қалған. Әсіресе, балаларды емдеуге баса мән берген. Көп жылғы тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, медицина ғылымдарының кандидаты атанған. Зейнетке шықса да, дәрігерлік қызметін жалғастырып, жас мамандарға білгенін үйретіп, тәрбиеледі, – деді аймақ басшысы.

Абзал азаматтың медицина саласындағы еңбегі лайықты бағаланып, «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген дәрігер» құрметті атағымен, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының және Қызылорда облысының Құрметті азаматы атақтары берілген. «Өмір белестері», «Ажалға араша», «Сыр медицинасы» кітаптарының авторы.

– Ернияз Омаров қызметте жүргенде ауруханалар салуға көп еңбек сіңірді. Әсіресе, ауыл медицинасының дамуына, емханалар ашуға септігін тигізді. Құрылыс басында жүріп, тезірек ел игілігіне беруге жұмыс жасады. Мұның барлығы – оның қажымас қайраты, ерен еңбегі. Жақсының өзі кеткенмен, артында қалған игілікті ісі мәңгілік өшпейді емес пе?! Ернияз Омарұлы елге деген қамқорлығын аямаған осындай адам еді, – деп еске алды ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрғанбай Маханов.

Сонымен қатар, салтанатты шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова мен Ернияз Омарұлының жұбайы Хадиша Омарова жерлестерін құттықтап, игі тілектерін арнады.

Е.Бекмырзаұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<