Қос жеңіс: «Жеңісімді құтты мекенімнің 10 жылдығына арнаймын»

1565

0

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық конкурста Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Гүлзат Шынтасова бас жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар ол «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мұрындық болған «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2023» байқауының облыстық кезеңінде де топ жарып, республикаға жолдама алды.

Тағамтану саласының терминдеріне жалпылық сипат беру мақсатында өткізілген «Қазақша мәзір» додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 31 тіл жанашыры қатысып, мемлекеттік тілде ас мәзірін қалыптастыру бағытында 4 кезеңде бақ сынасты. Университтердің профессорлары мен түрлі мекеме басшылары, магистранттар, мектеп мұғалімдері мен журналистер арасынан озып шыққан Гүлзат Бұрабайқызы 250 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.

Үнемі ізденісте жүріп, кәсіби дамуына ерекше мән беретін жас ұстаз «Педагогикалық идеялар панорамасы-2023» байқауында да тәжірибесімен бөлісіп, үздіктердің қатарынан көрінді. 164 педагогтің тәжірибесі таныстырылған сайыстың аймақтық кезеңінде Гүлзат Шынтасова «Оқу сауаттылығы» аталымы бойынша видеосабағын ұсынып, республикалық кезеңге қатысуға жолдама алды.

«Бұл сайыстарға қатысу барысында мектебімнің маған берген мүмкіндіктері өз септігін тигізгені анық. Осы тұрғыда жеңісімді құтты мекенімнің 10 жылдығына арнағым келеді. Болашақта тіл жанашыры ретінде де, ұстаз ретінде де жүйелі, нәтижелі жұмыс атқара беретін боламын», – дейді жеңімпаз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<