Мың бала маздатқан мәңгілік тарих

1099

0

Көршілес Ақтөбе облысында 9-10 қараша күндері тағылымы терең, берері мол айтулы шара өтті. Алты Алаштың айбыны болған  жаужүрек мың бала мен олардың сайыпқыран сардары Сартай батыр Байжанұлының құрметіне арналған, елдік пен ерлікті дәріптеген жиын екі күнге созылды. Бейсенбі күні ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, соңынан көрермен назарына «Сартай батыр» спектаклі ұсынылды.

Тәуелсіздік алғанша ел қорғаған Сартай батыр туралы ақиқатты айту  мүмкін болмады. Батыр бабаға арналған  басқосуда ақын, сыншы Мырзан Кенжебай, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, тағы  басқа азаматтар батырдың өнегелі өмірі мен өшпес ерлігі жайлы сөз етті. Ал жұма күні ұлы даланы қаһармандықпен қорғаған бабаларға арнап ас беріліп, Құран бағышталды. Қонақтарға «Сартай батыр – жаужүрек мың бала» атты кітап табысталды.

Сартай Байжанұлы шамамен 1711-1817 жылдары өмір сүрген. Оның ерлігі мен қолбасшылық қызметі туралы ақын Нұрмағамбет Қосжановтың «Сартай батыр» деп аталатын дастанында жырланады. Халыққа батыр жайлы деректің жетуіне осы шығарманың үлесі зор.

Өзі қатарлас жаужүрек жеткіншектер жасағын басқарған 15 жастағы Сартай Әбілқайыр ханның сарбаздары құрамында болған. Шұбартеңіз, Қалмаққырылған және Бұланты шайқастарына қатысқандығы туралы тарихи деректер бар.  Сартай тек батыр ғана емес, би де болған. Генерал-губернатор О.Игельстромның 1785 жылғы Кіші жүзді басқару жөніндегі реформасы бойынша Сартай би, Көбек би және Мұратбек би үшеуі ел басқарған. Даңқты батыр әрі би 1817 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Ақшатау елді мекенінде қайтыс болып, Қазалы жеріндегі Қосымқожа қорымына жерленген.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<