Еңбек еткенді ел сыйлайды

776

0

Елордамыз Астана төрінде 2015 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдар форумы өтті. Сол форумда «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты өте маңызды құжат қабылданды. Бұл жай құжат емес, аты айтып тұрғандай, әрбір мұсылман баласының қоғамда тұлғалық бейнесі қалыптасуы керек екенін

айқындау болатын.

Оның кіріспе сөзінде: «Қазіргі таңда тұрғындардың, әсіресе жастардың арасында исламға деген қызығушылық артуда. Бұл – қуантарлық жайт. Алайда, кейбір мұсылмандар бір ісін ұқыптылықпен атқарса, екіншісіне немқұрайлық танытуда. Шынайы мұсылманның өмірі мен мінез-құлқы үйлесімге толы, имандылыққа, адамгершіліктің биік шыңына негізделеді. Қоғамымызда соған себеп болатын әрі дұрыс жолмен жүруге бағыт-бағдар беретін, шынайы мүміннің келбетін бейнелейтін көптеген сипаттар бар. Атап айтатын болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани асқақ, биік тұлға» делінген.

Тұлға қалыптасуы үшін ең бірінші жүрегіндегі сенімі дұрыс болуы керек. Дұрыс сенім ғана адам баласын түрлі адасушылықтан, теріс ағымдарға еріп кетуден сақтап, өміріне қорған болады. Сонымен бірге пайдалы білім иесі болуы қажет. Не нәрсеге де жетелейтін, жетістікке жеткізетін – білім мен ғылым ғана. «Білім алу, талап ету – әрбір мұсылманға парыз» делінген хадисте. Бұл жердегі білім тек шариғи ілім алу ғана емес. Дүниенің де, ақыреттің де ілімін қатар ұстаған адам ғана ұтылмайды. Өзгеден оқ бойы озық тұруға жол ашатын байлық – ілім-білімге деген шексіз құштарлық қана. Білімді адам сан мыңдаған белесті бағындырады, асулардан асады. Пайдалы білім адал нан табуға жетелейді. Әлемнің озық ойлыларымен терезесі тең тұрады.

ПАЙДАЛЫ АЗАМАТ БОЛУ – ДІНІМІЗДІҢ ӘМІРІ

Сенімі дұрыс, терең білімге ие болған адам өзінің туып-өскен Отанын жақсы көреді. «Отан отбасыдан басаталады» деген сөз жай айтылмаған. Отбасын қалай жақсы көрсе, Отанын да дәл солай жақсы көріп, оның өсіп-өркендеуіне білімімен, еңбекқорлығымен, адалдығымен қызмет етіп, өзінің сүйіспеншілігін көрсете білуге тиіс.

Қоғам сіз бен бізден құралады. Түбі айналып келіп, біз өмір сүріп жатқан кезеңнің жақсы-жаманына титтей де үлесіміз тиіп, өзіндік таңбамыз қалады. Бүгінгі күн – әр адамның ертеңгі тарихы. Демек, иманды жан басқан ізі мен айтқан сөзінің жақсы болуына, жаман аты шықпауы үшін өзіне бақылау қойып отырады. Өйткені, пайдалы азамат болу – дініміздің әмірі.

Қоғамның ынтымағы, елдің бірлігі үшін талмай еңбек ету – елдік парызымыз. Құранда Алла Тағала: «Бір-біріңе игілікте әрі тақуалықта жәрдемдесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемдеспеңдер. Ал­ладан қорқып, сақтаныңдар!» деп бұ­йырады («Мәйда» сүресі, 2-аят). «Жер бастым деп мәз болма, артыңда ізің қалмаса» деген екен байырғы ұлылар. Әр басқан қадамымыз қоғам үшін жасалған игіліктің ізіне айналуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла үшін адам­дардың ең сүйіктісі – адамдарға пайдалы болғаны» деген екен. Адамдарға қол ұшын созып, сүрінгенге демеу болып, жақсы істерге жол көрсету – шынайы мұ­сылманның бейнесі. Жауапкершілік жүк­телген ісінде немқұрайлық танытпай, тір­шілігіне тиянақтылық, ұқыптылық та­нытқанда өз міндетін атқарған болады. Бүгінгі күні үлкен сын-қатердің біріне айналған білімсіздік пен жалқаулық мұ­сыл­ман пенденің де қыр соңынан қалар емес.

Бабаларымыз: «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деп айтқан екен. Адам бойындағы ар-ұят қана адал еңбекке жол ашады. Ары намысқа, намысы еңбек етуге, еңбегі адалдыққа, адал­­дығы ел игілігіне пайда әкеледі. Мұ­сылман әрқашан білімді, еңбекқор болуы керек. Дініміз осыны бұйырады, осы­ған жетелейді. Бабаларымыз адал ең­бекті сүй­ді. Бірі ұсталықпен, бірі мал шар­уа­шылығымен айналысты, енді бірі кетпен шауып, егін екті. Ұрпақтарына адал еңбек етуді үйретті.

Абай атамыз да: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп насихат қалдырған. Бұл – әр отбасында айтылып отыруы тиіс қанатты сөз. Иманмен су­сындаған ата-бабаларымыз, ақжаулықты аналарымыз кісінің ақысын жемеуге, қоғам мүлкіне қол сұқпауға тәрбиеледі. Маңдай термен тапқан нанның адал әрі тәтті екенін өз еңбектерімен үлгі етіп көрсетті. Мұның барлығы – қанда бар асыл қасиетіміз. Біз оны ұмытпай, ұр­пақтан-ұрпаққа насихаттап, түсіндіріп жет­кізуіміз керек. Маңдай тер, адал еңбек бар жерде береке-бірлік болады. Абырой, сый-құрмет биік тұрады. Ағайынның тілеулестігі артады. Қоғамға пайдалы азамат болу дініміздің әмірі екенін ескеруіміз керек.

Еңбегің адал болса, берекесі сонда артады

Дініміз адал мал табуға, маңдай тер төгіп, еңбек етуге үндейді. Қасиетті Құран аятында былай деп келеді: «Уа, иман келтіргендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға ұмтылыңдар және сауданы қойыңдар. Егер білген болсаңдар, сендер үшін жақсы. Намаз өтелген кезде, жер жүзіне таралыңдар да, Алланың берекетінен несібе іздеңдер. Сондай-ақ Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине құтыларсыңдар» деп айтқан («Жұма» сүресі, 9-10-аяттар). Аталған аят құлшылық уағында тіршілікке сәл тоқтау қоя тұрып, Алланы еске алуға, парыз ғибадатты орындауға шақырады. Ал жамағат болып жұма намазын өтегеннен кейін жер бетіне таралып, Алланың бұйыртқан несібесін ақ адал еңбекпен табу – парыздан кейінгі парызымыз. Себебі, хадисте: «Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – делінген. Абай атамыз «Сегіз аяқ» өлеңінде:

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол, бай тап,

Адам бол, мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде», – дейді. Әр адамның тіршілікке бір ебі болады. Нәпақасын адал табуға бойындағы ебін, мүмкіндігін, қарым-қабілетін қолда­нуы қажет. Қулық-сұмдықпен, ұрлық-қар­лық­пен, арам жолмен мал табуға құмарт­паған жөн. Әрине ұрлықпен, араммен, жа­маншылық жолмен келген дүниенің көл-көсір пайдасы болар-ау, бірақ бере­кесі болмайтыны ақиқат. Береке – адал ең­бекте, маңдай терде. Алла Тағала бы­лай бұйырады: «Әй, адамдар! Жер бе­тіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят). Ар­дақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына әрдайым еңбек ету керектігін, адал жолмен табыс табудың сауапты іс еке­нін насихаттап айтатын болған. Хадис­терінің бірінде: «Сауап тұрғысынан ең ұлы амалдардың бірі – еңбекпен отбасы­на нәпақа табу» десе, бір хадисінде: «Аны­ғында сендердің біреулеріңнің арқан алып, тауға барып иығында отын көтеріп келіп, базарда сатып, сол арқылы Алла Тағала оны мұқтаж қылмағаны, оған кейде беріп, кейде бермейтін адамдардан сұрағанынан әлдеқайда қайырлы» деп айтқан.

Біз Алладан не нәрсенің де берекесін тілеген халықпыз. Тапқаның аз болсын, көп болсын берекесі маңызды. Береке адалдықта, таза нәрседе болады. Еңбегің адал болса, ол жерде береке тұратынын ұмытпа.

Адал кәсіп – жан тыныштығы

Саңлақ сахаба хазіреті Омар (р.ғ.): «Еңбек етіңдер, табыс табыңдар, Алла Тағала ризығымды жұмыс істемесем де жібереді демеңдер! Алла Тағала аспаннан ақша жаудырмайды» деп насихат айтса, енді бір сөзінде: «Кейбір адамды көргенімде ол маған ұнап қалады. Кейін ол адам жайында сұрағанымда, оның жұмыссыз екендігін біліп, оған деген құрметім бірден жоғалып кетеді» деп терең мағыналы ой тастайды. Адамды тоқтық та аздырады, кейде жоқтық та аздырып жібереді. Жоқтық деген сөз – дұрыс кәсіп, ақ адал жұмыстың болмауы. Сондықтан азып-тозбау үшін ең алдымен еңбек адамы болып, адал кәсіп жасау – жанның нағыз тыныштығы. Хәкім Абай атамыз: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деп қалай теңеп айтқан дерсің, осындайда.

Бірде үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи мешітке келеді. Бәдәуиді бұндай жұпыны халде көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасына шақырып, мынадай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Әлгі адам Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жұмыссыз жүргенін, осы себепті азып-тозып кеткенін айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әлгіге қарап:

– Қазір маған арқан мен балта алып келе аласың ба? – деп сұрайды.

Бәдәуи көп ұзамай арқан мен балтаны өзімен алып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған:

– Енді бұларды алып бар да, таудан отын шауып әкел, сосын оны базарға барып сат, – дейді. Әлгі бәдәуи Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанын орындап, аз уақыттың ішінде адалынан мол табысқа кенеледі. Жалқаулықтан тек еңбекке деген талпыныс құтқарады деген осы.

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахаба Сағыд ибн Муазбен (р.ғ.) қол алысып амандасады. Қолдарының күстеніп кеткенін байқап, себебін сұрайды. Сахаба болса, отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа тәнті болған ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Міне, Алла Тағала осындай қолды жақсы көреді» деп еңбек адамының қолына ілтипат көрсеткен екен.

Лұқман Хәкім баласына көп өсиет айтқан. Соның бірінде: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады. Біріншіден, дінін әл­сіретеді, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, ке­дейлік адамды жаман ниеттерге жете­лейді. Екіншіден, ақылын азайтады. Өйт­кені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады. Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді, қоғамға жеккөрінішті болады» деген екен. Әрбір ата-ана жастайынан балаларына Лұқман Хәкімнің осы насихатын айтса, артық етпейді.

Жалқаулық жақсылыққа жеткізбейді

Жалқаулық – адам жанының әуелден дұшпаны. Еңбек ету сөзбен емес, тек іспен болады. Сондықтан алға қарай талпыну үшін жалқаулықтан түбегейлі алыс болу қажет. Абай атамыз қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігер­сіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» деп жағымсыз істің бәрі осы жалқаулық пен бойдағы еріншектіктен туатынын айтып кеткен.

Хадисші имам Әбу Дәуідтен жеткен хабардың бірінде былай деп келеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні саха­баларына: «Кімде-кім маған адамдардан ешнәрсе сұрамаймын деп кепілдік берсе, мен де оның жәннаттық болатынына кепіл боламын» дейді. Сонда Сәубан (р.ғ.) есімді сахаба: «Иә, Алланың Елшісі! Бүгіннен бастап адамдардан ешнәрсе сұрамайтын боламын» дейді. Осы жағдайға куә болған сондағы адамдар сахаба Сәубанның (р.ғ.) дүниеден өтем дегенше адам баласынан ешнәрсе сұрамағандығын айтқан екен. Жалқаулықты жеңген адам ешкімге қол жаймайды, ешқашан тел­мірмейді. Жоқ-жітікке еңбегімен тапқан табысын бөліп, зекет-садақа беріп, мол сауаптарға кенеледі.

Адамда талап болса, тау қопарады. Абайша айтсақ, ең алдымен адам баласын алға жетелейтін талабы тұру керек, екіншісі еңбексүйгіштік қасиеті бойда болу қажет, үшіншісі терең ой ғана табысты етеді. Бабаларымыз «Еріншектің ертеңі бітпейді» немесе «Жалқаулық – жаман ауру» деп бізді мұндай жағымсыз істерден тыйып отырған. Адамның шамасы жетпеген жерге оның дұғасы жетеді деген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұғаларының ішінде адамның әлсіз тұсы осы жалқаулықтан сақтануды қоса тілеген.

Үмметіне үйретіп кеткен дұғаларының бірінде былай келеді: «Иә, Алла! Анығында мен сенен ғана жәрдем тілеймін. Мені әлсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, жауыздықтан, тура жолдан бұрылып кетуден, біреуге тәуелді болудан өзіңнен пана тілеймін». Кежегемізді кері тартқан жалқаулық дертінен құтылу үшін әрдайым дұға етіп жүрген абзал екен. Жалқаулық – жақсылық жолын жабатын шайтанның бірден-бір құралы. Ал асыл дініміз ислам жатыпішер жалқаулықтан, біреуге қол жаятын масылдықтан әрдайым қайтарады.

Еңбек адамын үлгі ет!

Халқымызда: «Еңбек етсең – еленер­сің» деген қанатты сөз бар. Жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Бала тәрбиесінің ең үлкені – еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» деп айтқан екен. Бала кезден еңбекпен тәрбиеленіп, атакәсіппен өскен ұрпақ елінің елеулісі, халқының қалаулысына айналады. Адал еңбекпен өскен ұрпақ ер жеткен соң елдің де ертеңін ойлайды. Бар күш-қайратын, ілім-білімін елі мен халық игілігі үшін жұмсайды. Өзіңнің нәпсіңе емес, адамшылықтың болмысына қызмет ету – үлкен сауап іс. Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді.

Иса (ғ.с.) пайғамбар бір иман келтірген жас жігітке:

– Қайда жұмыс істейсің?– деп сұраған екен. Сонда әлгі жас:

– Ғибадат жасаумен уақыт өткіземін, – деп жауап қайтарады. Иса (с.ғ.) пайғамбар:

– Жарайды, онда қайдан тамақтанасың? – дейді. Әлгі жігіт:

– Бүкіл қажет нәрселерді бауырым береді, – дейді. Сол кезде Иса (ғ.с.) пайғамбар:

– Олай болса, бауырың сенен де құнды ғибадат жасап жүр, – деп терең ой тастар сөз айтқан екен.

Оқиғадан түсінгеніміздей, әр нәрсенің өз уақыты бар. Құлшылықтың орындалатын өз уақыты болғаны секілді тіршілік етудің де уақыт сағаты бар. Құлшылықты да қаза етпей, тіршілікті де тұралатпай алып жүру – кемел мұсылманшылықтың сипаты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз» деген еді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, еңбек бәрін жеңбек. Адал еңбек адамды шынықтырады, төзімділікке тәрбиелейді, мол жақсылыққа жеткізеді. Сондықтан қай кезеңде болмасын ең алдымен еңбек адамын құрметтеп, қолдап, өскелең ұрпаққа үлгі етіп көрсетуіміз қажет. Сонда ғана жас ұрпақ еңбексүйгіш әрі елге сыйлы болмақ.

Болатбек қажы АБУ,

облыстың бас имамы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<