Қызылорда – Сыр жағасындағы серпінді қала

640

0

Қызылорданың тарихы – қасиетті Сыр тарихының алтын қазығы. Қамысқала – көненің көзі, өлмес мұралардың көмбесі. Арғы Ақмешіт – ғасырлар тоғысының өткелі. Әр дәуірдің өз үні, өз шежіресі бар.  Тарих тәлімі жылнама жаңалығын жіліктеп өзі-ақ таратып береді.

Скиф-сақ кезеңінен кешегі хандық заманына дейінгі қалалар мен астана, ордалықтардың дені шоғырланған Ұлы Дала. Көшпенділердің керуен жолдары сайын далада сайрап жатыр. Ат дүбірінің ізі түскен соқпақтан бүгінгі тоғыз жолдың торабына айналған аймақта екі ғасырдан астам тарих таңбасын тануға болады.Облыстың 85 жылдығы аясында қаланың қатпар-қатпар хабары баршылық. Ендеше, құлақ түріңіз, сөз тізгінін ағыттық.

Тұран ойпатының тамаша ордасы

Сырдария өзенінің шығысынан батысына дейін өн бойын кесіп өтетін Қызылорда облысының, әсіресе оның саяси-экономикалық және рухани ордасы – Қызылорда қаласының тарихы тереңде жатыр. Облыстың әкімшілік аумағы Тұран ойпатының ауқымды құмды-саздақ жазығында орналасқан. Облыс жерінің оңтүстігінде Қызылқұм шөлінің солтүстік бөлігі, солтүстігінде орталық Қазақстанның оңтүстік шетіндегі үштік-бор қыраты мен Қарақұм құмдары. Аймақтың ауқымды бөлігі – Сырдария өзенінің ескі атырауы. Академик В.Бартольдтің анықтамасы бойынша, «Тұран – Арал теңізінің бассейні».

Қызылорда қаласы – 1938 жылы құрылған облыстың әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық, білім, ғылым және мәдени орталығы. Шаһар өзінің оңтайлы экономикалық географиялық орналасуымен ерекшеленеді. Қала Сырдария өзенінің төменгі ағысының оң жағалауында, шығыс бойлық пен солтүстік ендікте, Балтық теңізі деңгейінен 126-130 метр биіктікте орналасқан. Жер аумағы 3683 гектарды құрайтын мұнда 2019 жылғы халық санағы бойынша 241416 адам тұрады. Қызылорда қаласы, Тасбөгет, Белкөл кенттері, Қосшыңырау, Қызылжарма, Талсуат, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма, Қарауылтөбе ауылдық округтері болып,1 қала, 2 кент, 7 ауылдық округ әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрады.

default

Қала негізі Қамысқала атты елді мекенде 1817 жылы салынған Қоқан хандығының Ақмешіт бекінісі ретінде қаланды. 1853 жылдың тамызынан генерал В.Перовскийдің атымен бекініс Перовск форты аталды. 1867 жылы қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды. 1901-1906 жылдары Орынбор-Ташкент теміржолының салынуына байланысты қала халқы тез қарқынмен өсті. 1917 жылы 30 қазанда (12 қараша) Кеңес өкіметі Қазақстанда бірінші болып Перовскіде орнады. 1922 жылы қаланың Ақмешіт аты қайтарылғанымен 1925 жылдың сәуірінде Қызылорда деп қайта өзгертіліп, Қазақ АКСР-нің астанасы мәртебесі берілді. Демек, қала тарихындағы оның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік жағынан гүлденген кезі 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болған кезеңі еді. Республика астанасы болған жылдарында Қызылорда қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер иелері, әдебиет майталмандары қоныс теуіп, еліміздің мұрат-мүддесі жолында аянбай еңбек етіп, тер төкті.  Қазақтың тұңғыш театры 1926 жылы 13 қаңтарда (М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық театры) ашылды. Осы жылдары қала әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салаларда өсіп, дамып, өркен жайды. Денсаулық сақтау, білім беру орындары көбейді. 1938 жылы облыс орталығына айналды. ХХ ғасырдың 30-жылдары қалада электр станция, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары аяқ киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы іске қосылды. 1956 жылы қала іргесіндегі Тасбөгет кенті жанынан су бөгеті салынды. 1974 жылы «Қызылордакүрішмаш» зауыты іске қосылды. Көптеген оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. 1996 жылы 8 қазанда ҚР Президентінің Жарлығымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» (АЭА) құрылды. Оның бағдарламасы бойынша қалада жекешелендіру, акционерлендіру, инвестиция тарту секілді жұмыстар жүргізілді. Түрлі меншік иеліктері, шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мекемелері құрылды. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді. Экономиканың жандануы мемлекет және қала бюджетіне түсетін қаржы сомасын арттырды.

Тәуелсіздік жылдарындағы тыныс

Қызылорда қаласының тәуелсіздік жылдарындағы даму тарихы қазақ қоғамындағы үдерістерден бастау алды. 1993 жылғы басты оқиғалардың бірі мүліктерді мемлекет иелігінен алу мен жаппай жекешелендірудің басталуы болды. Еліміз бойынша 6000-нан астам нысан жекеге өтті. Экономиканы тұрақтандыру және нарыққа көшу жағдайында Қызылорда қаласында біршама жұмыстар жүргізілді. 1994 жылдың І тоқсанында облыста тұрғын үй жекешелендіру купондары толығымен есептеліп, мемлекеттік тұрғын үй қорының 78 пайызы жекешелендірілді. 1993 жылы базалық салалардың өнім өндіру көлемі азайды.

Осындай қиыншылықтарға қарамастан, дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар мен әлеуметтік-экономикалық реформаны тереңдетудің бағдарламасын орындаудың жаңа жолдары қарастырылды. Нарықтық экономикаға өту негізінде жәрмеңкелер өткізу кең етек алды. Меншіктің көптүрлілігі, сауда-саттық, коммерцияның кең ашылуына қолайлы жағдай туғызды. 1993 жылдың жаз айында қалада 12 рет жәрмеңке өткізіліп, 10 млрд сомға жуық өнім мен тауар сатылған.

Өтпелі кезеңде де қала өмірінде көптеген оң өзгерістер орын алды.

Алдымен 9 жыл бойы салынып жатқан «Оңтүстік жылу орталығы» бір жылдың ішінде іске қосылды. Қаланың шағын аудандарында көпқабатты үйлер салу жұмыстары қарқынды жүрді. Экологиялық апат аймағындағы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында облыстың өз күшімен күніне 1200 адам қабылдайтын ірі медициналық диагностикалық кеңес беру орталығы салынып, пайдалануға берілді. ТМД елдерінде теңдесі жоқ 660 орынға арналған кешенді аурухана құрылысының негізін қалауға қаржы көзі табылды.

1994-1996 жылдары Ұлы Жеңістің жарты ғасырлық мерекесінің құрметіне «Тағзым алаңы» салтанатты түрде ашылды. Шаһардың коммуналдық мәселелерін шешуге күш салынды.

Бұдан әрі тауар өндірушілердің әлемдік нарық жағдайына бейімделуіне жәрдемдесуге, басым бағыттағы өндірістің дамуы мен шетел капиталы енуінің жаңа үлгілерін іздестіруге, меншік қатынастарын жаңартуға маңыз берілді. Білікті басшылар Қызылорда экономикалық аймағын құруға ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс қолдау тауып, 1997 жылы 27 маусымда ТМД елдері арасында бірінші болып Қызылорда арнайы экономикалық аймағының тұсаукесер таныстырылымы өтті. Шараға 17 мемлекеттің Қазақстандағы елшілері, 15 халықаралық ұйым өкілдері, республика министрліктері мен комитеттерінен арнайы өкілдер келді. Ерекше мәртебеге ие облыс орталығында кәсіпкерлікті өрістетуге мүмкіндік туып, бірқатар өндіріс орындары ашылды.

Арнайы экономикалық аймақ кезеңі Сыр бойына жаңа серпіліс әкелді. Ал 1999-2000 жылдар ел өмірінде саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени оқиғаларға толы жыл болды.

Қала өмірінің маңызды оқиғаларының бірі – «Қала күні» белгіленіп, қызылордалықтар тұңғыш рет қазан айында оны атап өтіп, мерекелік шеру ұйымдастырды.

Қалада жылу орталықтары, су және канализация басқармасы қаланың коммуналдық меншігіне өтті. «Жылу электр орталығы» АҚ банкроттыққа жіберіліп, орнына «Қызылордақуаторталығы» мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Қала бойынша негізгі сала – өнеркәсіп өнімінің көлемі жылдан-жылға өсуі байқалды. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2001 жылы 44,4 пайызға артты. Бұл жылдары қаладағы 30 өнеркәсіп кәсіпорындарының 25-і жұмыс жасаған. Қаланың ауыл шаруашылығы саласында ірілендіру, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді тиімді игерудің нәтижесінде 6080 гектар жерге дақылдар егілді.

Экономикадағы тағы бір жетістік – «қара алтынды» қызылордалықтардың игере бастауы еді. 2000-2001 жылдары «Ай-дан» және «ҚуатАмлонМұнай» терминалдарының іске қосылуы облыс экономикасының дамуына, әлеуметтік саланың гүлденуіне зор үлес қосты.

2004-2007 жылдары Қызылорда қаласын сәулеттендіру бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Облыс орталығында халыққа қызмет ету орталығы, қаланың оңтүстік аймағында «Сәулет» шағын ауданында 50 пәтерлік 2 тұрғын үй салынды.

Қала мен кенттердің инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға бірінші болып бетбұрыс жасалды. Жер асты суларын ел игілігіне пайдалануға және аймақты газдандыруды одан әрі жалғастыруға күш салынды.

2008 жылы энергетика саласын дамыту басым бағыт ретінде айқындалды. 2009 жыл Сыр өңірінде елеулі оқиғаларға толы болды. Қызылорда  облысының 70, Қызылорда қаласының 190 жылдығын атап өтуге дайындық шаралары жан-жақты ұйымдастырылды. Бұл мерекенің халыққа берері мол шара ретінде жаңаша сипатта өтуіне басымдық берілді.

2009 жылы қалада индустриялық-инновациялық даму стратегиясы шеңберінде жалпы құны 1207 млн теңге болатын 5 жоба іске қосылды. Республикалық және аймақтық индустрияландыру картасына енгізу үшін 25 жоба ұсынылды. Бағдарлама аясында осы уақытта 8 инвестициялық жоба жүзеге асты. Облыс халқы үшін маңызды жаңалық – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің құрылысының жүргізілуі еді.

Бұл жолдың 814 шақырымының Қызылорда облысының аумағынан өтуі аймақтың өсіп-өркендеуіне серпін берді.

Онан берідегі жылдарда тарихи қаланың жаңаша дамуына негіз болған бастамалар қолға алынды.

Қалада қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қала басшылығы облыс орталығындағы апатты жағдайдағы үйлер мәселесін кезең-кезеңмен шешуді бастады. Сол уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы 2,5 есеге артты. Жол инфрақұрылымындағы қаланың күретамыры, стратегиялық тұрғыдағы аса маңызды әуежайдан қалаға дейінгі аралық жол күрделі жөндеуден өтіп, жарықтандырылды. Орталық Жібек жолы көшесі 6 жолақтық болып қайта жаңғыртылды.

Әлеуметтік салада да жақсы жаңалықтар болды. Облыс орталығында «Мұз айдыны» іске қосылып, Бейбарыс  сұлтан  көшесінің бойынан әсем де сәулетті облыстық мекемелер үйі, Темірбек Жүргенов атындағы шығармашылық үйі, дарынды балалар мектебі пайдалануға берілді.

Шырайы артқан шаһар

Бүгінде аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығында бірқатар жобалар жүзеге асуда. Кейінгі кезеңдегі шаһар шырайының артуы мен көркеюі расында адам айтарлықтай өзгерді. Жасарып, жасанған өлкенің ажары күн сайын еселеніп келеді.

Қызылорда – тек облыс орталығы ғана емес, сондай-ақ, ғылым мен білімнің мекені, әдебиет пен мәдениеттің қайнаған ортасы, жеті ауданды бір жерге тоғыстырған күретамыр. Бүгінде алып құрылыс алаңына айналған Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалаға жұрт қызыға қарайды. Сырттан келген мейман шаһардың келбетіне, ондағы тынымсыз құрылысқа, әдемі ғимараттарға көз салары анық. Ілгеріде ілкімді істер оқта-текте ғана жасалатын шағын шаһарда қазір күн сайын өрісі кеңейген өрелі өзгерістерге куә болудамыз. Дария бойындағы дүйім елдің көз қуанышына айналған биік үйлер мен әсем ғимараттар сонау жерден менмұндалап көрінеді.

Жаңа көпірден өткен бойда «Болашақ» университетінің зәулім ғимараты қаланың шырайын одан әрі арттырып тұр. Оған қарсы бетте орналасқан «Жастар» орталығының мұнтаздай әсем бейнесіне көзіңіз тояды.  Сонымен бірге, жаңа көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Сол жағалауда құны 36,4 млрд теңгені құрайтын бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2,9 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығының» құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Қала сәулетінің артуында көптеген азаматтардың дара қолтаңбасы  жатыр. 1980 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан «Интегрострой» ЖШС директоры Бақдәулет Ысқақов шаһардың сол жағалауын өркендетуге үлес қосты.

– Біздің мекеме 1998 жылы бұрынғы облыстық «Агропромстрой» тресіне қарасты №1 ЖМК базасында құрылды. 1998-2012 жылдар аралығында облыс және аудандарда, Қызылорда қаласында көптеген құрылыс нысандарын салып, күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне пайдалануға беріп келеміз. Қала орталығындағы әсем ғимараттың бірі – Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананы, Бесарық ауылдық округіндегі әкімшілік ғимаратты, Айдарлы ауылындағы 150 орындық ауылдық клубты, Тасбөгет кентіндегі 140 орындық балабақшаны салдық. Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтеріп жатқан көрікті тұрғын үйлер де «Интегрострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыстары екенін мақтанышпен айтуға болады. Сол жағалаудағы және СПМК-70/4 тұрғын кварталындағы 40,50,60,70 пәтерлі тұрғын үйлер халық игілігіне берілді. Кез келген өсіп-өніп, кемеліне келген адамның кіндік қаны тамған туған жеріне тағзым жасап, оның көркейіп, өркендеуіне өз үлесін қосуы перзенттік парызы деп білемін. Өңірдің құрылыс саласын дамытып, қаланы сәулеттендіруге үлес қосқаным үшін бақыттымын, – дейді ол.

Тамыры терең, тарихы кенен, түркі өркениетінің алтын бесігі саналатын қасиетті өлке Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл аясында атқарылған шаруа көп. Шаһардың дамуына жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар белсенді араласып, қайырымдылық шараларына, Сыр елінің көркеюіне сүбелі үлес қосып отыр. Бүгінде аймағымызда демеушілікпен барлығы 31 млрд 700 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Терминал 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне табысталады. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,7 млрд теңгеге «Анаға тағзым» орталығы салынып, пайдалануға берілді. «ҚазГермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде 2,3 млрд теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы басталды.Бұдан бөлек, жерлесіміз, меценат Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен 1 млрд теңгеге орталық алаң абаттандырылуда.

Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңгеге қала орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталып, шаһар шырайы артты. Дәл осы секілді демеушілер 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандырды. Биыл қалада құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Отбасы орталығы» бой көтерді. Сонымен бірге 3,7 млрд теңге болатын мың орындық «Өнер орталығы» ел игілігіне берілмек. Оған қоса құны 975 млн теңгені құрайтын заманауи үлгідегі жаңа автовокзал құрылысы да салынуда. Бұл нысан жыл соңында пайдалануға беріледі.

Қызылорда облысы әкімдігінің жеті қабатты еңселі ғимараты – қаладағы ең көрікті нысандардың бірі. Биылға дейін әкімдіктің биік  қоршауы болған еді.Аймақ басшысының тапсырмасымен ғимаратты  «Ашық Үкімет» қағидасына сәйкестендіру үшін айналасындағы қоршау алынды. Бүгінде әкімдік алды қала тұрғындары серуен құратын, балалар асыр салып ойнайтын аллеяға айналды.

Қазір Тәуелсіздік және Н.Назарбаев даңғылдары арасындағы аумақ – абаттандырылған, түнгі жарығы төгілген, демалысқа қолайлы жағдай жасалған орын. Бірнеше субұрқақ, орындықтар орнатылған. Көше 6 жолақты болып кеңейтілді, Назарбаев зияткерлік мектебі, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицей секілді әлеуметтік нысандардың алдына автотұрақтар салынды.

Тіректі салалардағы толымды істер

Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары биыл қаңтар-қазан айларында 533 034,4 млн теңгенің өнеркәсіп тауарларын өндірді. Өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 91,3 пайыз.Кен өндіру өнеркәсібінде 417 203,6 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 89,5 пайызды көрсетті. Бұл – жалпы өнеркәсіп өнімінің 78,3 пайызы. Есепті мерзімде 2793,4 мың тонна мұнай өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 90,1 пайыз болды. Табиғи газ өндіру 359,8 млн текше метр, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайызға жетті.

Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 82972,2 млн теңге, 106,1 пайыз көрсетті. Есепті мерзімде резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 105,9, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 103, машина жасау саласы 119,5 пайызға артты.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 194 903 млн теңгеге жетіп, 123,4 пайыз болды. Облыстағы үлесі 50,4 пайыз.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 69 211 млн теңге, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 111,2 пайызды құрады. Облыстағы үлесі 55,4 пайыз.

Биыл қалада 28 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Облыстық бюджеттен 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына 11139 млн теңге бөлінді. Жеке инвесторлар қаражаты есебінен 35 мың шаршы метрлік 450 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй құрылысы салынуда. Сырдария өзенінің сол жағалауынан халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 634 пәтер сатып алуға 6322,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда 34 пәтер сатып алынды.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 392 529 шаршы метр, өткен жылмен салыстырғанда 123,1 пайызды құрады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен барлығы 3283,6 млн теңге бөлінді. Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінің 36,4 шақырым болатын 46 көшесін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 992,8 млн теңге қаралды.

Сонымен қатар, Ұлттық қордан Қызылжарма, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма, Талсуат ауылдық округтерінің көшелерін жарықтандыруға 639,1 млн, жаяу жүргінші жолдарын салуға 531,7 млн, жол салуға 1 061,3 млн теңге бөлінген.

Қызылорда қаласы, Баймұрат ауылында дәрігерлік амбулатория салуға  Ұлттық қордан 128,1 млн теңге, Досан елді мекеніндегі медициналық пункт құрылысына 106,8 млн теңге берілді. Жоба аясында Талсуат ауылдық округіндегі 150 орындық ауыл клубының құрылысын аяқтауға 128,3 млн теңге және Қарауылтөбе ауылдық округіндегі 150 орындық ауыл клубының құрылысын аяқтауға 82,9 млн теңге қаржы қаралып, пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, биыл Ақсуат ауылдық округі «көгілдір отынға» қосылды. Игілікті іс жалғасын тауып, қазір Қосшыңырау ауылдық округінің Абай, Досан елді мекендеріне газ құбыры тартылуда. Бұл жобаға республикалық және облыстық бюджеттен 662,7 млн теңге бөлініп, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 36 871, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 34 018, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,3% артты. «Өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың бірыңғай индустрияландыру» картасы аясында  жалпы құны 68,4 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылуда, оның бүгінгі күнге 4-уі іске қосылып, жұмыс жасауда.

Жыл басынан бері жалпы сомасы 15 362,5 млн теңгені құрайтын 853 жоба қаржылай қолдау тауып, 1253 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында субсидиялау бағыты бойынша 8222,5 млн теңгенің 275 жобасына қаражат берілді.

«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы ЖШС арқылы өз қаражаты есебінен 621,5 млн теңгенің 71 жобасы қаржыландырылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Жастарға арналған несие» (2,5%) бойынша 128,8 млн теңгенің 29 жобасы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ микрокредиттері бойынша 790,5 млн теңгенің 45 жоба қолдау алды. «Шағын және орта бизнес кредиттері бойынша ішінара кепілдендіру» арқылы 5 337,4 млн теңгені құрайтын 243 жоба қаржыландырылды.

Қызылорда – киелі топырағынан талай тұлғаны түлеткен Тұран өлкесінің тағылымды тарихында көптеген игі істердің қазығы қағылып, бүгінде қанатын кең жайған әсем қалаға айналды. Жерінің асты да, үсті де байлыққа толы.

Сыр өлкесі – қазақ халқының байырғы қонысы.Бүгінгі жаңарған бейнесі  өскелең өмірін көрсетеді. Облыстың шежірелі 85 жылдық тарихында өткен мен бүгіннің арасындағы алшақты жақындатуға тырыстық, шежіресін шерттік. Бұл – біздің қала!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<