Азық-түлік: Баға бақылаудан шықпасын

474

0

Халық үшін азық-түлік бағасының тұрақты болуы әр кезде де маңызды. Бейсенбі күні облыстық азық-түлік тауарларына баға белгілеудің тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов бастаған комиссия мүшелері қаладағы SMALL мен «Қызылорда» сауда орталықтарындағы бағаны тексеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жай-күйін білді.

Сауда желілері сенімді ақтай ма?

Жалпы, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі бар. Ал SMALL супермаркеті әзірге соның тек бесеуін саудалап жатыр. Мәселен, орталық халыққа күріштің бір келісін 400 теңгеден сатады, яғни, негізгі бағадан 120 теңгеге арзан. Аталған сауда желісінің өкілі Еркежан Тұрсынбай баға саясатын нық ұстап отырғанын айтады.

– Бізге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізгенде бағасын алдын ала ұсыныспен бекітеді. Тауарларды саудалайтын кезде 15 пайызға дейін құн қосуға толық құқығымыз бар. Бірақ біз тек 7 пайызбен ғана шектеліп отырмыз. Қазір күріш, тұз, ұн, пияз бен картоп сатып жатырмыз. Барлығының сапасы жақсы. Май мен қантты, сәбізді Алматыдан алдыртып отырмыз. Алдағы уақытта осы өнімдерді өзімізден алып, саудаға шығарғамыз келеді, – дейді ол.

«Қызылорда» сауда желісінде де баға осы шамада, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін көбейтуге ниетті. Комиссия мүшелері аптасына екі рет сауда орталықтарын аралап, бағаны бақылап отырады.

Заңбұзушылыққа жол берілмейді

Аймақ басшысының өкімімен құрылған  комиссия  жыл   басынан   91 отырыс өткізіп, күріш, пияз бен тұз бағасы бойынша 11 заңбұзушылық анықтаған. Күріш құнын өсірген 6 кәсіпорынға бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті айыппұл салса, қалған 5 факт бойынша бағалар төмендетіліп, сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті негізсіз делдалдарды қысқартқан. Бұдан бөлек, бағаның өсуін тежеу, сондай-ақ инфляциялық қысымды төмендету мақсатында облыста 183 сауда нысанымен 10 пайыздан аспайтын ең төменгі сауда үстемесі туралы екіжақты меморандум жасалған. Осы тұста облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов сауда орталықтарының өкілдеріне бірнеше ескерту айтты.

– Дүкендер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті саудалайтын кезде 15 пайыздан артық өсім қосуға болмайтынын ұмытпаған абзал. Биылдан бастап ірі сауда орталықтары да бағасы арзан болғанымен, сапасы жақсы өз өнімдерімізге қол жеткізіп отыр. Басты мақсат – инфляцияға жол бермеу. Біз әлеуметтік дүкендерде халыққа ет саудалауды қолға алғалы жатырмыз. Жаңа жыл жақындады, бірақ мереке қарсаңы екен деп тауарлардың бағасын қымбаттатуға болмайды. Онсыз да солтүстіктегі ауа райының қолайсыздығына байланысты ұн бағасы өсті, – деді ол.

Енді тұрақтандыру қорындағы жағдайға келсек. Қазір қорда 2092,5 тонна өнім мен 291,6 мың дана жұмыртқа бар. 11 кәсіпкерлік субъектісі арқылы 5901,5 тонна әлеуметтік маңызы бар тауармен қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер белгіленген. Сондай-ақ, күзгі өнімнен 4952 тонна көкөніске форвардтық келісім жасалып, оның 1032 тоннасы тұрақтандыру қорына жеткізілген.

Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері 7480 тонна ұн сатып алынып, облыстағы наубайханаларға таратылып келеді. Осы күні тұрақтандыру қорында 692,2 тонна ұн бар болса, ұн өндіруші кәсіпорындағы көлем 2063 тоннаны құрайды. Соның арқасында нан бағасын 90 теңге межесінде ұстауға мүмкіндік туды.

Жұмыртқа бағасын реттеу үшін жыл басында 571 мың данасы сатып алынып, төмен бағада облыс тұрғындарына ұсынылған болатын. Қазір өңірлік тұрақтандыру қорына тағы да 500 мың дана тауық жұмыртқасын сатып алу бойынша «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен Ақмола облысының құс фабрикасы ресми дистрибьютері ретінде белгіленген «Береке Трейд КЗ» ЖШС арасында келісім-шарт жасалып, әлеуметтік дүкендерде 1 данасы 43 теңгеден өткізілуде.

Облысты 2354,3 тонна қантпен қамтамасыз ету үшін «Мерке қант» зауытынан 204 тонна өнім жеткізілген. Бұдан бөлек, жыл басынан бері апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілуде. Осыған дейін 271 жәрмеңке ұйымдастырылып, 10,3 мың тонна өнім облыс тұрғындарына ұсынылды.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<