Ұлт тұлғасын ұлықтаған жыр кеші

510

0

Фото автордан

Қазақтың біртуар тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтың 125 жылдығына орай 2023 жыл елімізде Алаш ардақтасының жылы болып жарияланды. Осыған орай Түркия мемлекетінде ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен кең көлемде іс-шара өткені белгілі. Туған жері Сыр өңірінде Т.Жүргенов жылына байланысты түрлі іс-шаралар әлі де өтіп жатыр. Білім саласы қызметкерлері мен ардагер ұстаздар бұл іс-шарада белсенділік танытуда.

Қаладағы №8 Осипенко атындағы орта мектепте ардагер-ұстаздар арасында жыр мүшәйрасы өтті. Оны қалалық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымы мен қалалық білім бөлімі жанындағы ардагерлер ұйымы бірлесіп ұйымдастырды. Аталған жыр мүшәйрасында қазақ ұлт тұлғасының еңбегі мен өнері, білімі мен мәдениетіне қосқан үлесі насихатталды.

Жыр додасына қалалық білім ордаларының ардагер-ұстаздары қатысты. Жыр мүшәйрасына ардагер ұстаз, ақын Үміт Қосекеева, республикаға танымал ақын, «Құрмет» орденінің иегері Ділдахан Торғаева және ҚР БАҚ саласының үздігі, ардагер журналист Кенжалы Ерімбетов қазылық етті.

Жыр бәйгесінің бас жүлдесін ардагер ұстаз Әуезхан Раманқұлов жеңіп алды. І орын қалаға қарасты Абай ауылының ардагер ұстазы Марал Оспановаға бұйырды. Ал ІІ орынды Гүлдариха Ахметова қанжығасына байлады. Жүлделі ІІІ орын Күлпаш Базарбаева мен Орынкүл Мүсірәлиеваға бұйырды. Жеңімпаз қатысушылар арнайы номинация мен ақшалай сыйлыққа ие болды.

Айта кетейік мұндай жыр мүшәйралары жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта ақиық ақын М.Мақатаевқа арналған жыр кеші өтпек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<