Жол-көлік инфрақұрылымы: Сырда соны серпін бар

481

0

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келіп, аймақтың жол-көлік инфрақұрылымы нысандарының жұмысымен танысып, облыс тұрғындарымен кездесті.

Көлік министрі Қызылорда қаласындағы сол жағалауда бой көтерген жаңа автовокзал құрылысымен танысты. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін барлығы 55 автобус маршруты ұйымдастырылады. Мұнан бөлек, Ташкент қаласына 1 халықаралық рейс, 46 ауданаралық, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы (Черняевка), Ақтөбе және тағы басқа қалаларға 8 маршрут жолға шығады. Нысан жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге ыңғайластырылып салынады. Құны 975 млн теңгені құрайтын жаңа автовокзал құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, халық игілігіне қызмет етпек.

Әрі қарай министр күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалына барды. Өткен ғасырдың басында салынған тарихи нысанды жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Бүгінде сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстары аяқталып, ғимарат жаңа кейіпке еніп, келбеті ажарлана түсті. Вокзал аумағындағы 2-перронға және автотұраққа жаңа асфальт жабындысы төселді. Жобаның жалпы құны 577 млн теңгені құрайды. Оған «Қазақстан Темір Жолы» компаниясынан 322 млн теңге және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 255 млн теңге қаржы бөлінді.

Сапар барысында Көлік министрі меценат Болат Өтемұратовтың қоры есебінен құрылысы қарқын алған, халықаралық стандарттарға сай заманауи әуежай терминалымен танысты. Қазіргі әуежай жылына 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін 220 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаймақ. Жалпы алаңы 7500 шаршы метр болатын әуежайда телескопиялық трап, жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылмақ. Терминал құрылысы 2024 жылы аяқталады.

Марат Қарабаев облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің абаттандырылған ауласын көріп, жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен де танысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен аймақтың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады.

***

Сондай-ақ Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында ҚР Көлік министрі аймақ жұртшылығымен кездесті. Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен жиында жол саласына қатысты бірқатар жобалар талқыланды.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев «Бейнеу-Бозой-Шалқар/Сексеуіл» автожол құрылысының ел арасында қызу талқыланып жатқанын, жергілікті жерде өткізілген қоғамдық тыңдауларда жұртшылық бес елді мекеннің үстімен өтетін жолды Сексеуіл арқылы салуды сұрап отырғанын айтты.

Сондай-ақ, тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Теңізбаев автобус паркіне қатысты мәселе көтерді. Бүгінде енгізілген жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік кәсіпорын жолаушылар тасымалымен айналыса алмайды. Дегенмен, еліміз бойынша алты өңірде қоғамдық көлік саласы мемлекет меншігінде. Егер бұрын Қызылордада 600 жеке тасымалдаушы болған болса, қазір 100-ге де жетпейді.

Министр бұл мәселеге біржақты қарамау керегін айтты. Себебі, жекеге өткеннен кейін 20 млрд теңгеге дейін субсидия алып отырған жағдайлар бар. Тіпті, жекелеген аймақтарда бұл көрсеткіш 60 млрд теңгеден асқан. Ал Сыр өңірінде қоғамдық көлік саласы мемлекет меншігіне өткеннен кейін субсидия көлемі 1,2 млрд теңгеге дейін төмендеген. Сондай-ақ, министр саланы қалай дамытуды, жеке тасымалдаушылардың үлесін арттырып немесе керісінше мемлекет меншігіне қайтаруды жергілікті атқарушы орган айқындайтынын жеткізді.

Қызылорда облысының жол саласы бойынша ассоциациясы басшысы, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов аймақ үшін маңызды жоба – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің құрылысы туралы айтты. Қызылорда мен Арал ауданы аралығын 4 жолақтыға кеңейту бойынша тиісті құжаттар келер жылы әзірленбек.

– Жақында ғана Мемлекет басшысының Сыр өңіріне сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президентке көлік дәлізінің Ақтөбе бағытындағы жағдайға тоқталып, жолды екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыстыру бастамасын қолдауды сұраған еді. Президент мән-жайға қаныққан соң, жоба жасау жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл – өте құптарлық шешім. Дегенмен, бір маңызды мәселе бар. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бірінші кезеңі 2010 жылы басталды.

Мен ол кезде  облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы қызметін атқардым. Сол кезде жол құрылысына шетелдік компаниялар тартылды. Солардың қарамағында 15 қазақ компаниясы жұмыс істеді. Қазақ компанияларының арқасында жол салынып шықты. Қазір сапасы жақсы. Енді екінші кезең басталғанда облыстың компаниялары қатысса деймін. Ол үшін конкурс талаптарын реттеу керек, – деді Өмірбек Шәменов.

Өз кезегінде Марат Қарабаев Қызылорда мен Ақтөбе аралығындағы автожолды 4 жолақтыға кеңейту бойынша жұмыстар келер жылы басталатынын атап өтті. Бүгінде Ақтөбе облысы аумағына тиесілі бөлігіне жоба әзірленіп қойған.

Айта кетсек, облыста жүзеге асырылып жатқан тағы бір ауқымды жоба – «Қызылорда-Жезқазған» автожолы. Әсіресе, Қызылорда облысы аумағында қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Келер жылы жолдың біраз бөлігі пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ, Марат Қарабаев Ұлытау облысында да құрылыс жұмыстарын ширатуға барлық шаралар жасалып жатқанын айтты. Жалпы алдағы 5 жылда елімізде 8 мың шақырым республикалық жолдар қайта жаңғыртудан өтпек. Бұл ретте құрылыс жұмыстарына отандық компанияларды тарту бойынша шаралар қабылдануда.

Кездесуде ардагерлер мен сала мамандары көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесін белгілеу, теміржол машинистерінің зейнет жасын қысқарту, автокөліктерді тіркеу, басқа да мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Жиыннан соң министр азаматтарды жеке қабылдап, БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– Қазір «Бейнеу-Шалқар» жобасының құрылысын бастағалы отырмыз. Құжаттары әзірленуде. Бұл ретте халықтың көтеріп отырған мәселесі Бозой арқылы әрі қарай сол жобаның шеңберінде жолды Сексеуіл арқылы өткізу. Мәселені кездесуде ел-жұртпен бірге талқыладық. Келесі жылдың басында тағы да қосымша қоғамдық кеңес өткізіп, соның шеңберінде талқылаймыз деп уағдаластыққа келіп отырмыз, – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев журналистерге берген сұхбатында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<