«Ұлттық қор – балаларға»: Жобадан ел не күтеді?

452

0

сурет ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылады. Оның шарты бойынша барлық кәмелетке толмағандар Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын жыл сайын алатын болады. Төлем алу үшін баланың ата-анасы не істеу керек? Бұл туралы кеше Tengrinews.kz материалында жарияланды.

БЖЗҚ мәліметінше, өткен жылдары балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің бір бөлігі ретінде инвестициялана береді. Нәтижесінде қосымша табыс болады. Ал ата-ана не істеуі керек?

2006 жылы және одан кейін туған балалардың, оның ішінде қорғаншылыққа/қамқоршылыққа тағайындалған балалардың заңды өкілдері бүгінде «Ұлттық қор – балаларға» қор бағдарламасына қатысуды қамтамасыз ету үшін бірқатар құжаттарды пысықтағаны жөн.

Мұнда баланың жеке басын куәландыратын құжатты (балалардың азаматтығын анықтау үшін), оның ішінде ЖСН алу керек. Мәліметтердің болуын және дұрыстығын тексеру: тегі, аты, әкесінің аты; туған жылы; кәмелетке толмаған баланың ЖСН-і және азаматтығы туралы деректер нақтылануы тиіс. Сонымен қатар «Электрондық үкімет» веб-порталындағы «Балалар туралы ақпарат» бөліміндегі жеке кабинетте балалар туралы ақпараттың бар-жоғын тексерген абзал. 

Төлемдер бойынша жобаның операторы мақсатты жинақтардың есебін жүргізетін және төлемдерін жүзеге асыратын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) болып табылады. Мақсатты талаптар мен мақсатты жинақтарды есепке алу доллармен жүргізілмек.

БЖЗҚ сайтында баланың ЖСН-ін пайдалана отырып, оның нысаналы талаптарға қатысушылар санатына қосылуы туралы ақпаратты тексеріп, аударым сомасын білуге ​​болады. Бұл ретте балалардың заңды өкілдері egov.kz сайтындағы жеке кабинетінде тексере алады. Мұнда «балалар туралы мәліметтер» бөлімінде әрбір жыл үшін нысаналы талаптардың сомасына есептелген нысаналы талаптардың және инвестициялық табыстың сомалары туралы деректер көрсетілмек.

Бұл арада ең маңыздысы – ақшаны қашан алуға және неге жұмсауға болады деген мәселе. Келтірілген дерек бойынша, балалар 18 жасқа толғанға дейін нысаналы талаптар мен инвестициялық табыс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептеледі. 18 жасқа толғаннан кейін қаражатты екі мақсатқа, яғни, тұрмыс жағдайын жақсарту үшін және «Қазпочта» АҚ немесе екінші деңгейлі банктер болатын уәкілетті операторлар арқылы оқу ақысын төлеуге алуға болады.

Айта кету керек, мақсатты талаптарды есептеу жобаға қатысушы қайтыс болған немесе қайтыс болды деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда, сонымен қатар азаматтығын жоғалтқанда тоқтатылады. Қайтыс болған жағдайда мұрагерлер заңда белгіленген тәртіппен БЖЗҚ-дан мақсатты жинақтарды алуға өтініш бере алады.

Сонымен қатар Қазақстаннан басқа елге тұрақты тұруға кеткен адамдар Ұлттық қор қаражатын пайдалану құқығынан айырылады. Егер бала кәмелетке толған соң 10 жыл ішінде мақсатты жинақ талап етілмесе, олар оның жеке зейнетақы шотына түседі. Ал оларды алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<