Жыл мәресіндегі Жалағаштағы игілік

636

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен Мырзабай ахун ауылындағы дәрігерлік амбулатория ашылды. Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде 27 медициналық нысан салу жоспарланғаны белгілі. Биыл оның 15-нің құрылысы бітті.  Соның бірі – осы Мырзабай ахун ауылындағы амбулатория.

Ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен және жаңа нысанның ашылуымен  құттықтаған аймақ басшысы денсаулық сақтау саласындағы іргелі істерге тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп,  саладағы реформалардың басты мақсатын белгіледі. Ол – бірінші кезекте, медициналық қызметтің қолжетімділігі, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіру. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен аймақтың елді мекендерінде 27 нысан салынуда. Бүгінде 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Жаңа нысан ауыл медицинасының кәсіби деңгейін көтеруге қызмет етсін! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде Денсаулық сақтау саласының үздігі Абдулла Шүленбаев тұрғындарды құттықтап, ақ батасын берді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.

Айта кетейік, амбулатория құрылысын «Бақ-Береке» ЖШС салды. Ғимарат ішінде тіркеу орны, аптекалық бекет, қабылдау, оқшаулау, физиотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалған.

50 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Жұмыс сапарында облыс әкімі 50 отбасыға пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысып, тұрғындарды құттықтады.

– Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өтті.

Кейінгі жылдары Сыр өңірінде бой көтерген жаңа заманауи нысандар аудан орталықтары мен қала сәулетінің, тұрғындардың өмір сапасының артуына қызмет етіп келеді. Бүгін Жалағашта жаңа баспанаға қол жеткізген 50 отбасының қуанышы еселенді. Бұл – тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған  қолдаудың нақты көрінісі, – деді аймақ басшысы.

Рәсімде еңбек ардагері Әбілхайыр Ерәлиев баспана қуанышына кенелген тұрғындарды құттықтап, бата берді. Іс-шара барысында нысан құрылысын сапалы жүргізуге атсалысқан мердігер мекеме өкілдері және ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Жаңадан салынған 25 үйдің әрқайсысында 2 пәтерден бар. Пәтерлерде қонақ, жатын,  жуынатын бөлмелер, ас үй қарастырылған, алаңы 60 шаршы метр.

Айта кетейік, бүгінде Сыр өңірінде 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 2500-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам аймақ тұрғыны қоныс тойын тойлауда.

Аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетсе, Жалағаш ауданының бюджеті 11 млрд теңге болды. Бұл қаражат ең өзекті мәселелерді шешуге жұмсалуда. Жалағаш ауданындағы автомобиль жолдарын жақсартуға 2,5 млрд теңге қаралып, 64,5 шақырым жол жөнделді. Шәменов пен «Ақсу» ауылдық округін газдандыру жұмыстары басталды.

Ауданда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2 нысан салынды. Мырзабай ахун ауылындағы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін «Аламесек» ауылында халық игілігіне тапсырылады. Келер жылы «Қаракеткенде» фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы басталады.

ЖАҢА КӨПІР – ЖАЙЛЫ ӨТКЕЛ

Жалағашта теміржол үстінен жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатқанын көпшілік жақсы білетін. Кеше облыс әкімі  Нұрлыбек Нәлібаев сапар сәтінде  көпірдің ашылу рәсіміне қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекет жергілікті инфрақұрылымды жаңартады. Мұның бәрі өңірлерді тұрғындар мен инвестиция үшін тартымды етеді» деген болатын. Бүгін Жалағаш ауданындағы құрылысы аяқталған маңызды жобалар халық игілігіне берілуде. Жаңа ғана 50 тұрғын үйдің кілтін жерлестерімізге табыстадық. Мырзабай ахун ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория жұмысын бастады. Міне, жылдар бойы шешімі табылмай келген теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі іске қосылады. Халықтың сұранысына сәйкес, аспалы көпір құрылысына облыстық бюджеттен 325,4 млн теңге бөлінді. Көптен күткен қуаныш құтты болсын! – деді аймақ басшысы салтанатты сәтте.

Мұнда сондай-ақ еңбек ардагері Қабылбек Нұрмағанбетов жерлестерін құттықтап, бата берді. Мердігер мекеме өкілдері мен аудан дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Облыс әкімі Жалағашқа жұмыс сапарында Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Жалағаш ауданының тұрғындарын жеке қабылдады.

Оған облыстық сот төрағасы, барлық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Қабылдау ашықтық қағидатына негізделгендіктен, келушілер  көп болды. Жалпы саны 50-ге жуық азаматтың өтінішін екі сағатқа жуық уақыт тыңдаған  облыс әкімі барлық ұсыныс-пікір назардан тыс қалмайтынын жеткізді.  Азаматтар көтерген басты мәселелер тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқсу, қоғамдық көлік жайында болды.

Аймақ басшысы сауалдарды сала мамандары мұқият зерделеп, заң шеңберінде шешім қабылданатынын айтты. Көтерілген мәселелердің  оңтайлы шешілуін қадағалау үшін жауапты басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Азаматтардың сұрақтары бойынша тиісті түсіндірме беріліп, шешу жолдары қарастырылды.

Айта кетейік, ауданға жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Машбекұлы бірқатар нысанның ашылу рәсіміне қатысты. Ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен кездесіп, Сыр өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, алдағы жоспарларды талқылады.

Бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді. Тұрғындар айтқан түйткілдер реттілігіне қарай шешімін тапты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<