«Лайк» немесе лайық…

541

0

сурет ашық дереккөзден

Бұрын «о дүние», «бұ дүние» деген сипаттағы сөздер болса, қазір оған «ә дүние» қосылды, «әлеуметтік желі» деген. Бұл жерде де қайнап жатқан өмір… Қуаныш пен қайғы қатар өріліп, біреудің бағы аспандап, қошеметке бөленсе, енді бірі қарша бораған сынның астында қалып жатқаны.

Ал тағы бір қызығы, осы әлеуметтік желіде жазған «дүниеңе» қанша «лайк» басылса, сенің бағаң сонымен өлшенеді. Оның ішінде «супер» деп бағаласа, тіпті жұлдызға айнала жөнелесің. Сонан соң «лайк» басқан адамның салмағы да үлкен рөл ойнайды. «Лайк» қуамын деп «хайп» ауруына шалдыққандар да жетеді.

Жақсы, сол «лайкы» құрғырды ешкімнен қызғанбайсың ғой, алайда көбіне ашық-шашық суреттерге, мән-мағынасыз, дарақы көріністерге, сонан соң «асып кетті, атып кетті…» деген сияқты жантүршігерлік бейнежазбаларға «лайк» жауып кететіні өкінішті. Демек, оған сонша адам қызығушылық танытты деген сөз. «Апыр-ай, адамдардың жүрегі қатайып кеткен бе?» деп қынжыласың. Жасыратыны жоқ, қаралым (просмотр, рейтинг) санын қуған кейбір сайттар да осындай жазбаларды жариялап, өз абыройына нұқсан келтіріп жатқанын біле бермейді. Мына заманда абыройдан гөрі ақша маңыздырақ шығар, бәлкім, кім білсін… Ал керісінше, мәнді, мағыналы, тағылымы бар жазбалар көбіне назардан тыс қала береді. Неге екенін?

Айтпағыма көшейін, бір күні біздің бір әріптес інішек «Бауыржан ағам «лайк» басты» деп төбесі көкке екі елі жетпей жүр. Қош, қуанышына ортақтасып жатырмыз. Қай Бауыржан дейсіз бе? Біздің жақтың, яғни, Сырдың тумасы, әлеуметтік желіге екі-ақ ауыз сөз естелік жазып, елді елітіп әкететін академик Бауыржан Омаров! Иә, шынында Бауыржан ағаларымыз сынды атынан ат үркетін адамдардың «лайк» басқанын бей-жай қабылдай алмайсың. «Ойпырмай, шын ба?» деп өз көзіңе сенбей, қайтадан қарап барып, көз жеткізесің. Сосын әлгі жазбаңды бастан-аяқ оқып шығасың, «қате жоқ па?» деп.

Қазақтың белгілі ақындары Байбота Қошым-Ноғай, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов ағалар, Қатира Жәленова, Айсұлу Рүстемова, Елена Әбдіхалықова сынды апаларым (Сырдың ақын қыздары), сондай-ақ, Руслан Рүстемұлы сынды әдебиетті терең түсінетін кісілер сиясы кеппеген өлеңдеріме «лайк» басқанда кезекті емтиханнан сүрінбей өткендей қуанып қаламын. Алдыңдағы асқар таудай ағалардың, таланты ерек, табиғаты бөлек жандардың  берген бағасы бір жағынан шабытыңды қамшылай түссе, екінші жағынан мойныңдағы жауапкершілік жүгін де еселейтін сияқты.

Айтпақшы, осы әлеуметтік желіге салған бір оймақтай ойыма жоғары лауазымды, әлгінде айтқандай, салмағы басым, сыйлы кісі «лайк» басыпты. Шынымды айтсам, қуанып қалдым. Сондай кісілермен ойымның орайласып жатқаны көңіліме дем бергендей.

Жалпы достығымдағы жүздеген жандар жазбаларыма, өлеңдеріме оң пікірлерін білдіріп отырады. Олардың орны өзінше бір бөлек. Өйткені олар – етене араласып кеткен достар. Тіпті олардың арасында туыстай жақын болып кеткен жандар да бар. Әлбетте, өз тарапымнан да көңілім жеткенше қоштап, қолдау көрсетуден аянып қалмаймын.

Иә, айтпағым көп, әйтсе де сөзімді осылай қысқа қайырғаным жөн болар. Өйткені қазір ұзақ жазбаны ешкім оқымайды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<