Облыс әкімінің құттықтауы

647

0

Құрметті жерлестер!

Қадірлі сырбойылықтар!

Санаулы сәттерден кейін 2023 жылды артта қалдырып, жаңа жылға қадам басамыз. Жаңа жыл – халықтың зор қуанышпен асыға күтетін мерейлі мерекесі.

Әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделі болғанына қарамастан, 2023 жыл мемлекетіміз үшін жақсы, нәтижелі болды.  Еліміз соңғы жылдары саяси реформалар арқылы түбегейлі жаңғыру жолына қадам басты. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауынан кейін Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Маңызы зор саяси шараларда жерлестеріміз бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетіп, алдыңғы қатардан көріндік. Алғаш рет өткізілген аудан әкімдерінің сайлауында Шиелі мен Сырдарияның халқы таңдауларын жасап, мемлекетті басқару ісіне үлестерін қосты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы аймаққа жұмыс сапарымен келіп, өңірдің дамуына оң бағасын берді. Облыс үшін маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады.

Экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Өңірлер арасында тамыз айынан бері үздіктер қатарынан көрінудеміз.  Алғашқы үштіктеміз. Аймақ бюджеті 609 млрд теңгеге жетті. Облыстың даму бюджеті 2,5 есеге артты. Экономиканың барлық саласында 45 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды. Жастар арасындағы және жалпы жұмыссыздық көрсеткіші төмендеді. Облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетті.  Сырбойылықтардың 98,1 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылды.  Өңірде газбен қамту көрсеткіші 75 пайызды құрады. Аймақта 2500-ден астам пәтер табысталып, 11 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.

Облыс бюджетінің 61 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. 1000-ға жуық оқушы жаңа ғимаратта білім алуда. 30 жаңа үлгідегі автобус алынып, шалғайдан қатынайтын 4 мыңнан астам баланың мәселесі шешілді. 25 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін 15 дәрігерлік амбулатория ашылды.  Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттауға арналған «Анаға тағзым», «Отбасы орталықтары» қызметін бастады.

Туған жер алдындағы азаматтық парызын адал атқарып, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген елжанды азаматтарымыз мемлекет тарапынан лайықты бағасын алуда. Аймақтағы барша еңбек адамдары мен Сыр еліндегі жасампаз істер бағаланып, жерлесіміз Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алса, өзге де кәсіпкер азаматтар түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Ардақты ағайын!

Өтер жылға өкпе жоқ. Келер жылдан үміт көп. Алдымызда айқын міндет, анық жоспарымыз бар.  Халықтың игілігі, сырбойылықтардың жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін ауқымды жобаларды өздеріңізбен бірге жасаймыз.

2024 жыл – шығыс дәстүрінде тыныштық пен ырыс-құттың белгісі саналатын – Ұлу жылы. Жаңа жылдан халқымыз – ынтымақ пен бірлік күтеді.

Жаңа жыл еліміз бен аймағымыз үшін қарымы қарышты, толайым табысты болғай! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

Жаңа жыл құтты болсын!

Құрметпен,

облыс әкімі

Нұрлыбек Нәлібаев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<