Дүние дүрмек

356

0

Тақтан бас тартты

Дания патшайымы II Маргрете жаңажылдық үндеуінде күтпеген жерден тақтан бас тартқанын жариялады. Тақтан бас тарту рәсімі ресми түрде 14 қаңтарда, патшайым болғанына 52 жыл толғанда өтеді.

Маргрете кеткеннен кейін оның тұңғыш ұлы, тақ мұрагері Фредерик патша болады. 83 жастағы II Маргрете – Дания тарихындағы ең ұзақ басқарған монарх, ол 1952 жылы таққа отырған.

Батыс Еуропаны басқан су

Германия мен Францияның бірқатар аймақтарында толассыз жаңбыр жаууда. Өзендер арнасынан асып, су басу аймағы кеңеюде. Германияда бірнеше аптадан бері жаңбыр толассыз жауып тұр.

Мамандар көптеген аймақта бөгеттер көтерілген су қысымына төтеп бере алмауы мүмкін екенін айтуда. Әсіресе, Хунте өзені арнасынан асқандықтан, Ольденбург аймағында жағдай қиын. Ал Францияда елдің батысы мен солтүстігіндегі 10 департаментте «қызғылт сары» ескерту деңгейі жарияланды.

Алғашқы Микки Маус

Микки Маустың 1928 жылы салынған ең алғашқы нұсқасының авторлық құқық мерзімі бітті. Мультфильм кейіпкері тіркелгеннен кейін 95 жыл өткен соң, биылғы 1 қаңтарда Disney компаниясының меншігі болудан қалды.

Қазіргі Микки Маустан айырмашылығы, 1920 жылдардағы тышқанның үлкен сары етігі, ақ қолғабы мен көзінің қарашығы жоқ. Енді суретшілер, киногерлер мен жалпы жұртшылық оның бейнесін авторлық құқықты төлемей пайдалана алады.

Қонақ үй үш есе қымбаттады

Олимпиада ойындарының басталуына 7 ай қалғанда Париждегі қонақүйлердің бағасы 3 есе өсті. Бұл туралы UFC-Que Choisir тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығы жүргізген зерттеуде айтылған.

Сарапшылар Олимпиада жақындаған сайын бағаның өсуі жалғасып, 500 пайызға жетуі мүмкін деп есептейді. Енді ең қарапайым париждік қонақүйлердің бағасы да барлығына бірдей қолжетімді емес.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<