Дүние дүрмек

516

0

Tesla арзандады

Tesla Қытайда екі электромобиль мо­делінің бағасын төмендетті. Financial Times порталы дерегінше, автокөлік сату өсімі баяулағандықтан, Қытайдағы ав­то­өндірушілер арасындағы «баға со­ғысы» жалғасуда.

Енді Tesla Model 3 седандарының құны 5,9%-ға, ең көп сатылатын Model Y жол талғамайтын көліктері 2,8%-ға арзандайды. Жалпы, қытайлық электромобиль өнді­ру­шілерінің акциялары айтарлықтай төмен­деуде.

Корея ит етін пайдалануға тыйым салды

Оңтүстік Кореяда Ұлттық жиын сейсенбі күні ит етін пайдалануға тыйым салатын арнайы заң жобасын қабылдады. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады. Ит өсіріп, союға, сондай-ақ ит етін таратып, сатуға тыйым салатын заң жобасын пар­ламент мақұлдады – 208 парламент мүшесі қолдап дауыс берсе, екеуі қалыс қалды.

Басқарушы партия мен негізгі оп­по­зициялық партия бірлесіп жануарлардың құқықтары туралы мәлімет артып, елдегі үй жануарлары саны артқанына байланысты ит ұстап, оны союға тыйым салатын ар­найы заң жобасын қабылдау қажет деген мәселе көтерді.

Фонтаннан 1,6 миллион еуро жинап алды

Италия астанасындағы Треви фон­танына монета лақтыру дәстүрі 2023 жылы 1,6 миллион еуро табыс әкелді. Жиналған қаражатты басқаратын Caritas қайырымдылық ұйымы мәліметінше, әртүрлі валюталардың монеталары әлі еу­роға айырбасталмаған. Сондықтан, нақты сомасы әлі белгісіз.

Римдік Acea энергетикалық компа­ниясы аптасына бірнеше рет субұрқаққа түсетін тиындарды жинайды. Былтыр ту­ристер фонтанға жалпы салмағы 33 тонна тиын тастаған. Бұл сома Римдегі орташа мұражайдың табысынан асып түседі.

Тракторлар шеруі

Румыния фермерлерінің патриоттық одағы субсидия төлемдерінің кешігуі, астықтың төмен бағасы және жосықсыз бәсекелестікке байланысты Бухарестте наразылық шеруін өткізді. «G4Media» пор­талының хабарлауынша, бірнеше округтің фермерлері тракторларымен көшеге шыққан.

Шерушілер ел астанасының кіребе­рісіне тоқтады. Бастапқыда акция стихиялы болғандықтан алдын ала хабарланбаған. Фермерлер одағының жетекшісі Стефан Маске фермерлердің саяси күштермен ешқандай байланысы жоқ деп сендірді.

Ғалымдар дабыл қақты

Ғалымдар әлемде жастар арасында қатерлі ісік аурулары көбейгенін айтуда. Бұл туралы Wall Street Journal хабарлады. Ауру жасарып барады.

Доктор Андреа Черчек бұған адамдар тұтынатын тамақ, дәрі-дәрмек немесе қоршаған ортадағы бізге белгісі қандай да бір өзгеріс себеп болуы мүмкін екенін айтқан. BMJ Oncology журналындағы зерттеуде де әлемде 50 жасқа дейінгі адамдар арасында онкологиялық аурулар санының күрт өскені айтылған.

Ақпарат көздерінен дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<