Ұшақ бортында стюардессаны ұрып жіберген қазақстандық әншінің есімі белгілі болды

400

0

Фото: go-travel.ru

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мас күйінде стюардессаны ұрған қазақстандық әншіге қатысты қандай шешім шыққанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомство өкілінің айтуынша, кінәлі азамат жауапқа тартылған.

«2024 жылғы 17 қаңтарда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен азамат Бауыржан Нұрымбетов әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 АЕК немесе 55 380 теңге әкімшілік айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылды», – деді ол ОКҚ-да өткен брифингте.

Сұлтанбаев оқиғаның бір жыл бұрын болғанын еске салды.

«Иә, шынында да мұндай факт болды. Кінәлі Бауыржан Нұрымбетов 1982 жылы өмірге келген, Астана қаласының тұрғыны. Ақмола облыстық мәдениет үйінде жұмыс істейді. Ол мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзған», – деді ол.

Еске сала кетсек, 18 желтоқсанда FlyArystan жолаушысы, көпшілікке танымал әнші және актер әуекомпанияның стюардессасына физикалық күш қолданып, агрессия көрсетті деген ақпарат тараған болатын. Жолаушы сырт киімінің багаж сөресінде мыжылғанына наразы екенін айтқан. Содан кейін стюардесса жолаушының сыртқы киімін қол жүгінің үстіне қоюға көмектеспек болды, бірақ жолаушы одан күртесін тартып алып, стюардессаның маңдайынан ұрған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<