Жамбыл Жабаевтың суреті Америкадан табылды

348

0

Фото: Егемен

Жамбыл Жабаевың суреті Америкадан табылды. Бұл туралы ақпарат «Егемен» сайтында пайда болды.

Бұл – 1951 жылы Нью-Йорк қаласында баспадан шық­қан «Кеңестер Орта Азияда» кітабы. Ұлыбританиялық зерттеу­ші Зелда Коутес пен Уиллиям Коутес бірлесіп жазған бұл кітап сол кездегі кеңес одағындағы республикалардың жағда­йын баян етеді. Тұтас бір тарауын Қазақстанға арнаған зерттеуші­лер қа­зақ еліне келген алғашқы сәтін былай толғайды: «Ташкенттен Алматыға келгенімізде бізді жылы ауа, басын ақ қар шалған асқар тау, айбынды қала қарсы алды. Ұшақтан төмен қарап, жоталарға көз салдық, бірінен-бірі биіктеп бара жатқандай сезілді. Оларға жақындаған са­йын пішінін өзгертіп, бізді бау­рай түсті», дей келе, Алматы қаласының арғы-бергі тарихы мен қазақ жеріне алғаш пойыз келген сәтті суреттейді. Сонымен қатар, айналасын әсем гүлдер көмкерген Алматыда 140-тан астам ағаштың түрі бар екенін де қа­ғыс қалдырмайды. 1946 жылы қаладағы жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің саны 10 мыңға таяу екенін де жазады.

«Қазақстан Үкімет үйінде қала басшысы және өзге үкімет мүшелерімен әңгімелестік, қала­ның архитекторлары да бірге отырды. Қазақ үкіметінің біз кездес­кен өкілдері негізінен орта жастағы кісілер екен. Олардың арасында бір ғана әйел кісі бар, оның ұлты – қазақ, он бір жастағы қызы бар, өзі әскери институтта лектор әрі Ғылым академиясында жұмыс істейді, КСРО Жоғары кеңесінің депутаты. Біз одан осыншама көп жұмысқа қалай төтеп беретінін сұрағанымызда, ол әр істі жүйелі атқарып, күн сайын өз сайлаушыларынан келген хаттармен тұрақты жұмыс істейтінін жасырмады».

Қазақстанның өндірісі, экономикасы, мал шаруашылығы, мектеп, аурухана, ғылым мен техника туралы деректер, санақ­­тар арқылы сол кездегі ел жағдайы­нан хабардар етеді. «1914 жылы халық­тың сауаттылық жағдайы екі пайызға да жетпейтін, елде 2000 мек­теп қана бар еді, оқу жасындағы 150 000 оқушының 450-і ғана орта мектепте оқиды» деген дерек келтіреді. Бұл – халқымыздың кешегі оқу-ағарту жағдайынан мәлімет беретін ақпараттың бірі.

Ал жырау Жамбыл туралы ке­ңінен жазып, оның өмірі, өне­рін оқырманға тәптіштеп түсіндіргісі келгендей.

«Қазақ халқының Абайдан кейінгі ұлы ақыны, ол да патша шенеуніктері мен жергілікті бай-манаптардың қысымына ұшыраса да, бақытты өмір өткізді деуге болады. Жамбыл ақын дүниеге келген жылдары қазақ халқының жазба әдебиеті әлі қалыптаспаған еді. Оңтүстік Сібір мен Орта Азия­ны кең жайлаған қазақ халқы қысы-жазы ұланғайыр далада әрі-бері көшіп жүрді. Ол кезде қалалық өркениет пен егіншілік оларға мүлде жат болатын. Керісінше, олар алда­рына үйір-үйір жылқы салып, қорасын қоймен толтырды. Әне, сондай сайын сахара төсінде олардың ауыз әдебиеті дамып, ұзақ жыр-дастандар ауыздан-ауызға тарады. Біз сөз етіп отырған – Жамбылдың суырып салма ақындық қасиеті, оны алдымен өз руының, сосын күллі қазақтың мақтанышына айналдырды, кейін Қазақстан кеңестік респуб­лика болған соң, ол КСРО ақыны ретінде кеңінен танылды».

Осы тұста авторлар Жамбыл жыраудың бұрын біз көрмеген бір суретін кітабына кірістіреді де, суреттің астына «Қазақстан­ның халық ақыны Жамбыл» деген түсініктеме береді. Жыраудың киіз үйінің алдында төрт жігітпен бірге домбыра шертіп отырған көрінісі даланың соңғы жырауының кескін-келбетін көз алдымызға әкелді. Журналистер бұл сурет бойынша Жамбыл атындағы музейдің қазіргі директоры, Жамбыл Жабаевтың немересі Салтанат Тезекбайқызы Жамбыловаға хабарласып, мән-жайын сұраған.

«Бұл сурет негізінен ІІ дүниежүзілік соғыстан бұрын түсі­рілген болуы керек, ол кісінің суреттері өте көп, бірақ мынау өзгеше сурет екен. Өйткені бұл жерде отырған кісілер де – бізге таныс адамдар. Сол жақта малдас құрып отырған кісі – Ғали Орманов, Жамбыл атамыздың әдеби хатшысы болған. Ал ақ жейделі, жерде жантайып жатқан – атамыздың аудармашысы, хатшысы Павел Нико­лаевич Куз­нецов, ар жағында отырған кісі Қадыр Хасенов. Атамыздың біраз өлеңін ұйғыр, қытай тіліне аударған. Оң жақ­та жантайып жатқан кісі – менің әкем Тезекбай Жамбылұлы. Ал киіз үйдің босағасында отыр­ған – атамыздың ұлы Қожаштың қызы Ділдәхан тәтеміз. Ол кісі сек­сен жастан асып қайтыс болды. Біз бұл суретті көріп, қуанып қал­дық. Атамыздың 1936–1945 жыл­дар аралығындағы суреттері біз­ге жеткен, ал оның алдын­да­ғы кезден 1913 жылғы бір сурет қана бар, осы жылы Романовтар әуле­тінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына байланысты Жетісу өңі­рінен 15 ақынды ақ патшаны мақ­тап, өлең айтасыңдар деп ша­қырған екен, сондағы суреті сақ­талған. Мен 1981 жылдан бастап атамыздың атындағы музейде жұ­мыс істеп келемін, ғылыми қыз­меткер, қор сақтаушы болып қыз­мет атқардым. 2018 жылдың аяғынан бері Жамбыл атындағы му­зейдің директоры болып жұмыс істеймін, бұл суреттің бізде қалай сақталмай қалғанын білмеймін», – деді ол. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<