Қызылорда ғылымның көмегімен жасыл қалаға айналмақ

325

0

Фото: Аңсар Әмірхан

«Қызылордада тал жоқ» деп орынсыз әзілдейтін заман өтті. Себебі, соңғы жылдары облыс орталығында егілген де, көгеріп-көктеген де ағаштар саны аз емес, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Тіпті, «Жасыл Қызылорда» атауымен жаңа мекеме құрылған. Жергілікті билік енді ағаш егуге ғылыми көзқараспен қарауды бастады.

Қалаға тәжірибе алмасу үшін Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ және Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ҒЗИ мамандары шақыртылған болатын. Олар «Жасыл Қызылорданың» қызметкерлерімен тал егу, суландыру бойынша пікірлесті.

«Қызылорда қаласы әкімдігінің шақыруымен арнайы келіп отырмыз. Іс сапар мақсаты – қаланың жасыл желектерін, орман патологиясын анықтау. «Отырғызып жатқан ағаштардың келешектегі бағыты қалай жүруі керек?» деген сұраққа жауап береміз. Біз ғылыми тұрғыда, теорияны ғылыми нұсқаулықпен, кеңеспен өндіріске ұсыныс беруге дайынбыз», – дейді Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының өсімдіктерді биологиялық қорғау бөлімінің жетекшісі Нұржан Мұхамадиев.

Яғни, алдағы уақытта облыс орталығын көгалдандыру жұмыстары ғылыми тұрғыда негізделіп, жоспары жасалып, ауқымды жобалар жүзеге асады. Арнайы келген мамандар қаланың бірқатар аумағын аралап, талдарға жасалуы тиіс күтімдер бойынша зерделеу жүргізді.

Биыл Қызылорда қаласын көгалдандыру мәселелерін шешу үшін «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік комуналдық мекемесі құрылды. Қазір мекеменің жасақтау, мамандар және техникамен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр.

Бұған дейін «тендерден» әртүрлі жеке серіктестіктер жеңіп алып, олар кейде бірімен-бірі соттасып, қызметтің шала болуы ағаштардың уақытылы суарылмауына, қурауына, арықтардың тазаланбауынан су жүйелерінің істен шығуына әкелді.

Мәселе көп, бір жылда шешілмейтін, қордаланып қалғаны да жетерлік, олар – суару жүйелерін қалпына келтіру, бар талдарды күтіп-ұстау, молайту.

Алматыдан арнайы келген ғалымдар тобымен 2 сағат қаланы араладық, біз де өз білгенімізді айттық. Жалпы, көп мәселеде ғалымдармен ойымыз бір жерден шығып отыр. Суару жүйесі, жерсінген ағаштар егу, талдарды күтіп-ұстау, балақтап кесу, оған арнайы мамандар тобын оқыту, топырақты құнарландырып егу, биоеңдеу, бәрі-бәрі үшін ғылымға жүгіну керек.

Ғалымдар қаладағы талдарды инвентаризация, паспорттау, дендрологиялық жобасын жасаумен қатар, тал питомнигі керегін айтты. Бұл мәселеде біз көптен айтып келе жатқан ұсыныс қабылданатын шығар.

«Мамандар қалада су үнемдеуші құбырмен тамшылатып суару жүйесі басталғанын да жақсы бастама деді. Талдарды биологиялық өңдеу, басқа да мәселелер сөз болды», – дейді табиғат жанашыры Болат Нұрқожаев.

Сондай-ақ, ол бұл жұмыстарға белгілі бір мекеме, әкімдік емес, қоғам болып атсалысудың маңызы зор екенін айтады.»

«Жасыл Қызылорда» мекемесінің жұмысы жолға қойылса, нәтижесін де көруге, қаланы жасыл қылуға мүмкіндік бар. Бірақ, оған көпшілік болып атсалысуымыз қажет. Себебі оттегі, салқын самал, көлеңке, ал ол – денсаулық. Бұл жалғыз әкімдікке емес, ең бірінші өзімізге, яғни бәрімізге қажет!

Ең болмаса, үйіміздің алдына әр отбасы мүшесіне 3 талдан егейік, оған күніне 1 шелек суды табуға болады, одан соң тек ауламызды емес, көшемізді де көгалдандырайық! Сонда 5-7 жылда орман қылмасақ та, қаланы жасыл Қызылорда ете аламыз», – деп сөзін жалғастырды ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<