Қауіпсіздікті сақтау шаралары ұдайы жүргізілуде

245

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері апта сайын тосыннан келетін қауіп-қатердің алдын алу мақсатында профилактикалық тексеріс жүргізуде. Сондай-ақ, 19 ақпаннан бастап адам көп жиналатын ірі сауда орталықтары мен базарларда “Қауіпсіз сауда” акциясы ұйымдастырылуда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі мен су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар айтылды.

– Қазіргі таңда қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге ұдайы рейд жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, төтеншеліктер полиция департаментімен бірлесіп облыс аумағындағы хостел мен жатақханалардағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт оқиғаларын болдырмау мақсатында “Жатақхана” атты жедел-профилактикалық шараларын ұйымдастырып келеміз. Бүгінде облыс бойынша барлығы 18 жатақхана мен 5 хостел нақтыланды. Негізінен, орын алған оқыс оқиғалардың көбісі тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауынан орын алады. Яғни, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуі, балаларды қараусыз қалдыруы және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы себеп болуда. Сондықтан, облыс тұрғындарына айтарымыз, жасөспірім балаларды қараусыз қалдырмауға, ақауы бар электр жабдықтары мен қондырғыларды, газ пештері мен газ жабдықтарын мамандарды шақырта отырып, жиі тексеруге шақырамыз, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимов.

– Су тасқынының алдын алу бойынша 24 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Сырдария өзені аумағына рейд жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, қазіргі таңда дария деңгейі көтерілген жоқ. Алайда, біздің департамент қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бүгінде 78 жеке құрам, 13 бірлік техника, 1 тікұшақ, 4 жүзу құралы дайын. Бұдан бөлек, департамент тарапынан су басу қаупі бар елді мекендердегі 31 820 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы үнпарақтар таратылды. Жалпы, департамент және оның аумақтық бөлімшелері қысқы кезеңдегі болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға дайын, – деді облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Бейбітхан Оразайұлы.

Қызылорда облысының

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<