«Жайлы мектеп» атына заты сай болуы керек

1776

0

Сейсенбіде өткен  Үкімет отырысының күн тәртібінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы, су тасқынына қарсы іс-шаралар  бойынша ахуал қаралды. Сала басшылары мен өңір әкімдері атқарылған жұмыстарды баяндады.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, берілген тапсырмалар бойынша алдағы жұмыс бағыттарын нақтылады.

–    Үкімет басшысы Олжас Абайұлы мектептер құрылысын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл тапсырылатын 10 мектептің мердігері анықталып, 9-ның құрылысы қарқын алды, 1 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы кеш шығуына байланысты жақын күндері басталмақ. Ал 2025 жылы 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.  Қазіргі кезде ұлттық жоба аясында құрылысы былтыр басталған барлық мектептер бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, құрылыс қарқынды жүруде. Инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді, 9-на сараптама қорытындысы алынды, 1-еуі аяқталу сатысында. Инженерлік желілер жүргізуге облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күні мердігер мекемелер анықталды. Жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамы өкілдерімен бірлескен жол картасына сәйкес жұмыс жүргізілуде, – деді аймақ басшысы.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аймақ басшысы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына мердігер мекеме басшыларымен тығыз жұмыс жасауды тапсырды. Былтыр басталған 10 мектеп биылғы 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі және сыртқы инженерлік инфрақұрылым жүргізу алдағы маусым айының соңына дейін аяқталуы керек. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері осы жылдың 1 тамызына дейін мектептер аумағын жол-көлік желілерімен, жарықтандыру, абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолдарымен және аялдамалармен қамтамасыз етуі тиіс.

Айта кету керек, өткен аптада «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамы басшыларының Қызылорда облысына іссапары кезінде арнайы мәжіліс өткізіліп, ұлттық жобаны өңірде жүзеге асырудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша су тасқынының алдын алу шаралары пысықталды.

– Биылғы 20 ақпандағы жағдай бойынша облыс аумағына секундына 200 текше метр су түсуде. Аралдан бастап Қызылорда қаласы аумағына дейін өзен арнасында мұз толықтай ұстасқан. Мұздың шеті Шиелі ауданының «Керкелмес» су бекетінің тұсында. Жаңақорған ауданында өзен беті мұздан таза.  Мұздың орташа қалыңдығы 10-28 см. «Қазгидромет» Қызылорда филиалының мәліметіне қарағанда, айдың үшінші онкүндігінде ауа температурасы 5 градустан 10 градусқа дейін, оңтүстік пен шығыста 17 градусқа дейін жоғарылауы мүмкін. Ауа райы жылынысымен өзен арнасында мұз қозғалысы басталады. Кез келген уақытта мұз кептелісі салдарынан су деңгейі көтерілуі ықтимал. Қала, аудан әкімдері мен тиісті мекемелер дайындық шараларын күшейтуі керек, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Қайрат Сәрсенбаев Сырдария өзені  арнасындағы су шаруашылығының қазіргі ахуалын баяндады.

– Сырдария өзенінде көршілес республикалардың, яғни, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанда  төрт су қоймасы орналасқан. Олардың жалпы сыйымдылығы 26,6 млрд текше метр. Бүгінде онда шамамен 13,4 млрд текше метр су жиналған. Бұл 50 пайызды құрайды. Оның ішінде  толық су жинаған Тәжікстанның су қоймасы. Ол қазір транзиттік режимде жұмыс істеп тұр.  «Шардара» мен «Көксарайға» келсек, «Шардараның» жалпы сыйымдылығы 5,2 млрд  болса, онда қазір 4 млрд 156 текше метр су жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 800 млн-дай төмен болып тұр. «Көксарай» су реттегішінің жалпы сыйымдылығы 3 млрд, былтыр осы кезеңде 1,7 млрд    жинақталған болатын, биыл 436 млн текше метр. Екі су қоймасын қосқанда өзімізге түсетін су көлемі 2,1 млрд текше метрге  төмен болуда. Жалпы «Шардара» су қоймасына  вегетацияаралық кезеңде, яғни, былтырғы 1 қазан мен биылғы 1 сәуір аралығында  11,172 млрд текше метр су түседі деп болжанған. Бүгінге 8,3 млрд текше метр түсу керек болса, нақты 6,6 млрд, яғни, 1,7 млрд текше метр су кем болып тұр. «Шардара» толуға жақындады, әрі қарай «Көксарайға» жинауға байланысты ұсыныс берілді. Одан басқа облыс аумағында  6 су қоймасы бар. Оның жалпы сыйымдылығы 34,7 млн текше метр. Толу дәрежесі 30 пайызды құрауда, – деді инспекция басшысы.

Жиында облыс әкімі өңірде су тасқынының алдын алудың бекітілген алгоритміне сәйкес шаралар қабылдауды және мұз қозғалысы кезінде жеке құрамның күшейтілген режимге көшуін қамтамасыз етуді тапсырды. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері жергілікті азаматтық қорғау қызметтері күш-құралдарының үнемі дайындықта болуын қадағалуы тиіс. Өзен бойындағы қауіпті учаскелерге бақылауды күшейтіп, тәулік бойы кезекшілікті жалғастыру қажет. «Қазсушар» мекемесі Сырдария өзенімен келетін артық суды алу үшін барлық су таратушы каналдар мен «Қараөзек» су арнасын әзірлеуге жауапты. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына түсетін судың бекітілген кестеге сәйкестігіне бақылау жасайтын болады.

Мұнан бөлек, тиісті басқармаларға мол су келген жағдайда облыс аумағындағы көлдер жүйесіне су алуды ұйымдастыру, авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдарының дайындығын үнемі әзірлікте ұстау және мұз жару жұмыстарын жүргізетін арнайы мердігер мекеменің дайын болуын қамтамасыз ету міндеттелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<