Өзен өзегіндегі өмір

367

0

Қызылордада су шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланды

Кеше Қызылордада «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбында көшпелі отырыс өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, мәслихат депутаттары, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, сала ардагерлері, су шаруашылығы ұйымдары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысты. Орталық атқарушы органдардың өкілдері мен барлық аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері, шаруашылық ұйымдары бейнебайланыс арқылы қосылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев іс-шараға қатысушыларды мол тәжірибелерін ортаға салып, бөлісуге шақырды.

– Су шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелердің шешілуі үшін осындай жиындардың маңызы өте зор деп ойлаймын. Өңірдің басты су артериясы – Сырдария трансшекаралық өзені облыстың барлық аумағынан ағып өтеді. Оның бойында елді мекендердің 85%-ы орналасқан және облыс халқының 93%-дан астамы өзен маңында тұрады. Облысымыздың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген Сыр күріші аймақтың негізгі дақылы болып жылдар бойы қалыптасқан. Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне және Арал теңізіне тікелей байланысты, – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы Сырдария суының 90 пайыздан астамы республикадан тыс жерлерден келетінін, «Арал-Сырдария» бассейнінде ауыр ахуал қалыптасқанын атап өтті. Біріншіден, Қызылорда облысы Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандықтан, жоғары ағыстағы мемлекеттер мен өңірлердің ұстанымына тәуелді. Екіншіден, өңірде табиғи өсірілім егістік жерлер жоқ. Сондықтан көп қаржы жұмсалатын, инженерлік жүйеге келтірілген мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүр.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы қазіргі қолданыстағы «Су кодексі» 20 жыл бұрын  қабылданғанын, су заңнамасын одан әрі жетілдіруді уақыт талап ететінін айтты. Жаңа «Су кодексінің» қабылдануы Сыр өңірінің экологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мол мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Облыс әкімі атап өткендей, «Арал-Сырдария» бассейні мемлекеттері Сырдарияның төменгі ағысына су жіберу бойынша қабылдаған міндеттемелерін әрдайым орындай бермейді. Мәселен, 2023-2024 жылдары мемлекетаралық үйлестіруші комиссияда «Шардара» су қоймасына 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың 1 ақпанына дейін 6,9 млрд текше метр су түсетіні болжанса, оның 76%-ы ғана, яғни 5,3 млрд текше метрі түскен. Бүгінде «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жинақталған судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд текше метрге аз. Арал теңізі мен маңындағы көлдер жүйесінің тартылуы – күрделі мәселе. Соңғы 12 жылда Арал теңізінің суы 6,2 млрд текше метрге азайып кеткен.

– Мемлекет басшысы Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Осы орайда республикалық бюджет есебінен «Көкарал» бөгетін сақтап қалу» жобасының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. 2022 жылы Арал ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі  комиссияда «Көкарал» бөгетін сақтап қалу» жобасы қаралған болатын. Нәтижесінде республикалық бюджеттен қаржыландырылған 4,3 млрд теңгенің жобасын Су ресурстары және ирригация министрлігі іске асыруда, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі Сыр өңірінде су үнемдейтін технологиялар өндіріске жүйелі түрде енгізіліп келетінін атап өтті.

– Суармалы жерлерде 15 мың шақырым суару жүйелері бар. Оның 2,3 мың шақырымы республикалық меншікте, 1,3 мың шақырымы «Табиғат» кәсіпорнының, 11,9 мың шақырымы аудандардың теңгерімінде. Суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін су нысандарын республикалық меншікке өткізу бойынша министрлікпен жұмыс жасаудамыз. Мемлекет басшысы ақпан айының басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Түркістан және Қызылорда облыстарында құрғақшылық қаупі бар екендігін айтып, суды үнемдейтін технологияларды енгізу қажеттігіне баса назар аударды.

Өңірде австралиялық «Rubicon water» компаниясының «Сол жағалау магистральды каналының бойындағы ішкі шаруашылық пен тарту жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру» тәжірибесін енгізу бойынша жұмыс басталды. Алдағы 5 жылда алқаптарды әртараптандыру мақсатында күріш егісінің көлемін 16,8 мың гектарға дейін оңтайландыратын боламыз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Есептеулер бойынша су үнемдейтін озық технологияны енгізу жұмыстары жеделдетіліп, оны қолдану алдағы 5 жылда 24 мың гектарға жеткізілмек. Өңірде су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 9 мың гектарға жүгері және малазықтық дақылдарды егу бағытында инвестициялық жобалар бастау алуда.

Облыс әкімі бұл ретте суармалы суды тиімді пайдаланудағы негізгі міндеттер туралы айтты.

– Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлескен «Суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді. Кешенді жоспарға құны 141 млрд теңгені құрайтын 37 жоба енгізілді. Ол бойынша 1 млрд текше метр тасқын суды жинақтауға арналған «Қараөзек» су қоймасын салу жоспарлануда. Су қоймасы салынса, Қазалы ауданындағы 31 мың гектар суармалы жерді, 120 мың гектар жайылым мен шабындықтарды және ең маңыздысы, вегетациялық кезеңде Кіші Аралға су жеткізуді ұлғайтуға болады. Бұл жобалар іске асқанда, суды үнемдеуге және үнемделген суды экологиялық мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік туады. Еліміздегі су тапшылығын жоюға және су үнемдеу технологияларын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бүгінгі маңызды отырыста жаңа «Су кодексіне» оңтайлы ұсыныстар енгізіледі деп сенемін, – деді аймақ басшысы.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы  Әли Бектаев жаңа министрлікке жауапты міндет жүктелгенін атап өтті. Әлемдегі геосаяси ахуал, ғаламдық жылыну, мұздықтардың еруі, өзен арналарының тартылуы сияқты жағдайлар Қазақстанның да су қауіпсіздігіне әсер етпей қоймайды. Еліміздің географиялық орналасуы, трансшекаралық өзендерге тәуелділігі, қоршаған ортаның ластануы су ресурстарына қатысты проблема туындатып отыр.

ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияздың айтуынша, министрлік су шаруашылығы саласын трансформациялаудың үш бағытын белгілеген. Біріншісі,  су үнемдеуге, тазартылған ағын суды қайта пайдалануға бағытталған жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Екіншісі,  суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру, су үнемдеу технологияларын, жаңа тарифтік саясат  енгізу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту. Үшіншісі, көрші елдермен, Халықаралық Аралды құтқару қорымен әріптестікті нығайту.

«Қараөзек» каналындағы су қоймасына қатысты айтар болсақ, қазір жоба-сметалық құжаттарды дайындау жұмыстары басталды. «Байгелді», «Картон комбинат» және «Қожатай» учаскелерінде сүйемелдеу-қоршау құрылғысы салынбақ. Бұл – еліміздегі салынуы жоспарланған 8 су қоймасының бірі.

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановтың айтуынша, бүгінде Кіші Аралдың тұздылығы артып кеткен. Бұл балық түрлерінің жойылып кетуіне әкелуі мүмкін. 

Аймақ жыл сайын суармалы жүйенің нашарлығынан  миллиардтаған текше метр су жоғалтады. Мұның алдын алу үшін әлемдік тәжірибеге сүйенуге болады. Шығыны көп болса да, арықтар мен каналдарды бетондау жұмысын бастау керек. Оған қоса цифрландыруға ден қойылса, суды бөлу мен есепке алу нақтыланады. Өңірде осы бағыттағы жобаның құжаттарын жасау басталды.    

Жиында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының директоры Серікқали Мұқатаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры  Сұлтанбек Тәуіпбаев баяндама жасады.

Кеше сондай-ақ көшпелі отырысқа келген Парламент, министрлік өкілдері мен тиісті сала жетекшілері «Қызылорда» су торабы мен «Әйтек» су тоспасында болды.

«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаевтың мәлімдеуінше,  биыл Сырдария өзенінің төменгі бөлігіне түсіп жатқан су деңгейі төмен. Қазір «Шардара» су қоймасында 4,9, «Көксарай» су реттегішінде 500 млн текше метр су бар.  Ал «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Роллан Ахметов «Қараөзек» су қоймасының жобасы облыстағы су шаруашылығы саласының жұмысына үлкен септігін тигізетініне тоқталды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов журналистерге тақырыпқа байланысты ой-пікірін білдірді.

– Қазақстанда су ресурстарын пайдалану мүмкіндігі көршілес елдермен салыстырғанда өте шектеулі. Сыр өңірі жоғарыдан келетін су ағынының көлеміне тікелей тәуелді. Сондықтан ҚР Сенатының аграрлық сала және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті өңірлердегі су тапшылығы мәселесіне назар аударып келеді. Бұл мақсатта суды үнемді пайдалану мәдениеті, су шаруашылығы саясатын қалыптастыру, «Су кодексін» талқылау бағытында облыстарда көшпелі жиындар өткізуде. Бүгінгі жиында қызылордалық күрішшілер мен шаруалардың ұсынысына назар аударылды. Кейінгі жылдары кеңінен талқыланып жүрген «Қараөзек» су қоймасын салу – үлкен жоба. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін оң серпін беретіні сөзсіз. Осы орайда комитет тарапынан салалық министрлікпен үйлесімді жұмыс жасау қажет. Нәтижесінде жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізіп, одан әрі республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесі оң шешімін табады деген ойдамын. Мамандар облыста күрішті қанша көлемде егу қажеттігі жөнінде пікір айтып жүр. Күріш егісінің көлемін шектеу топырақтың тұздану қаупін арттыруы мүмкін. Депутаттар облысқа жасаған сапары барысында осындай өзекті мәселелерге ден қойды. Алдағы уақытта бұл мәселелер тиісті шешімін табады деп сенемін, – деді Руслан Рүстемұлы.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<