Өзекті мәселелер талқыланды

2224

0

Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Үкімет басшысы денсаулық сақтау нысандарының сапалы салынуы мен мерзімінде пайдалануға берілуін қатаң бақылауға алып, жұмысты жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.

Сондай-ақ мәжілісте күн тәртібінен тыс «Ауыл аманаты» жобасы мен ауыл шаруашылығы саласындағы статистикалық деректердің енгізілу мәселесі де қаралды. Үкімет басшысы барлық статистикалық көрсеткіштерді шұғыл қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, берілген тапсырмаларды пысықтады.

– Өткен жылы ұлттық жобамен өңірімізде 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет салынып, ел игілігіне табысталды. Биыл тағы 11 жаңа медициналық нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Құрылысы басталатын медицина нысандарының мемлекеттік сараптама қорытындысын жеделдетіп алуды және сапасына мән беруді тапсырамын. Биыл Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын көпбейінді аудандық орталық аурухана деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізіледі, – деді облыс әкімі.

Жиында аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасына жобалардың мемлекеттік сараптама қорытындысын уақыт создырмай алу және қосымша құрылыс жұмыстарын келер жылға қалдырмай аяқтау мүмкіндіктерін салалық министрлікпен пысықтауды тапсырды. Жаңа денсаулық сақтау нысандарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету кезінде сапасы қатаң қадағалануы керектігі ескертілді. Сондай-ақ медицина ұйымдарының барлығы санитарлық автокөлікпен, білікті мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс екенін айтты.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы облыстық бақылау басқармасымен және аудан әкімдерімен бірлесіп құрылыс сапасына, оның мерзімінде пайдалануға берілуіне жауапты болады.

Ал «Ауыл аманаты» жобасы мен ауыл шаруашылығы саласындағы статистикалық деректердің енгізілу мәселесі бойынша аймақ басшысы бірқатар тапсырмаларды пысықтады.

–    Өңірдегі мал саны мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің статистикалық деректердегі есебі көбіне сәйкес келмейді. Мұны біз Арал, Қазалы аудандарында қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялаған кезде байқадық. Бұл мәселе барлық ауданға тән. Менің тапсырмама сәйкес мал басын өзектендіру жұмыстары жүргізілді. Ендігі кезекте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына қала, аудан әкімдерімен, облыстық жер ресурстарын басқару және статистика департаменттерімен бірлесіп, 1 шілдеге дейін егін алқаптарын түгендеу жұмыстарын өзектендіруді аяқтауды тапсырамын.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша да өткен мәжілісте тапсырмалар берген болатынмын. Биыл өңірге 5,7 млрд теңге қаржы қаралды. Өнім өндіруді арттыру бағытында әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобаларды несиелендіру керек. Қала, аудан әкімдерімен бірлесіп, жобаларды сүйемелдеуді ұйымдастырып, өңірлік жобалар пулын қалыптастыру қажет, – деді аймақ басшысы.

Жиында сондай-ақ жылу беру маусымының өту барысы қосымша қаралды. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин жылу беру маусымының өту барысы туралы баяндады.

– Облыс көлемінде жылу беру маусымы тұрақты жүргізілуде. Бүгінде «Қызылорда жылу-электр орталығы» бойынша №6 бу қазандығы және екінші, үшінші жылу қондырғысы жұмыс істеп тұр. «Жылу-электр орталығында» отынның резерв қоры бар, яғни, 5,3 мың тонна мазут және  233 тонна дизель жасақталған. Негізгі мәселе, Сырдарияның сол жағалауында 18-автономды округтік қазандық салынды. Алайда құрылыс толық аяқталмай отыр. Осыны қала әкімдігі  шұғыл қолға алуын сұраймын. Құрылысты аяқтап, «жылу-электр орталығының» теңгеріміне беруі тиіс. Өйткені жұмыстың аяқталмауы салдарынан жылу беру маусымында екі рет тоқтату орын алды. «Қызылжарма» елді мекенінде де бір қазандық бар. Оның да құжаттарын толық рәсімдеп, орталық теңгеріміне беру керек. Дәл осындай қазандық Байқоңыр қаласында  бар. «Туған ел келбеті» мекемесіне қарасты.  5 көпқабатты тұрғын үйді жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Ол қазандықта да кемшіліктер бар. Бұл туралы аудан әкіміне бірнеше рет айтылып, хаттамамен де берілді. Бірақ тиісті жұмыстар жүргізілмей отыр. Бұл өз кезегінде  жылуды тұрақты әрі сапалы беруге кері әсерін тигізуде. Осы ретте қала және аудан әкімдеріне жұмысты шұғыл атқаруды ұсынамын, – деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының айтуынша, былтыр жылу жүйелерін қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен 8 жобаға 8,2 млрд теңге бөлініп, 8,7 шақырым жылу жүйесі қайта жаңғыртылған. Биылға 6 жобаны жүзеге асыруға 6,4 млрд теңге қаралған. Бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмысы аяқталып, мердігер мекеме анықталған.

– Өздеріңізге белгілі, 19 ақпанда «ҚазТрансГаз» мекемесіне қарасты диаметрі 400-дік полиэтиленді трубада апат орын алып, Шиелі ауданы газдан ажыратылды. 11 елді мекен, оның ішінде 10 мыңнан астам тұрғын үй, 35 әлеуметтік нысан бір тәулікке жуық  газсыз қалды. Бұл жерде айта кетерлігі, Шиелі ауданы әкімдігінің шұғыл әрекет етуінің нәтижесінде апат бір тәулікте қалпына келтірілді. Ал «ҚазТрансГаз» мекемесі мен «ИнтерГазОрталық Азия» мекемесі тарапынан шұғыл әрекет байқалмады. Апатты қалпына келтіруде РУ-6 мекемесі мен қызметкерлері көмектесті және қажетті заттар сол аудан әкімдігінен табылды. Ал жауапты мекемелер – «ҚазТрансГаз» бен «ИнтерГазОрталық Азияда»  авариялық қор жоқ болып шықты.  Бізге қажетті трубаны Шымкент қаласынан іздеуге тура келер еді. Егер сол жақтан келуін күтер болсақ, онда аудан халқы екі тәуліктей газсыз отырар еді, – деп атап өтті М.Усаин.

Сонымен қатар 19 ақпанда Маханбетов ауылында жеке кәсіпкер жер жұмыстарын жүргізу барысында жоғары қысымды газ трубасын зақымдап, соның салдарынан Маханбетов және Наурыз елді мекендері 18 сағатқа жуық газсыз отырған. Одан бөлек, Сырдарияның сол жағалауында да апат орын алып, 3 сағатқа жуық көпқабатты үйлердің тұрғындары газсыз қалды. Осындай апаттар электр жүйелері және су құбырларында  да орын алып жатады. Осы ретте басқарма басшысы жер жұмыстары кезінде қала және аудан әкімдері коммуналдық мекеме өкілдерін қатыстыруды ұсынды.

Сондай-ақ басқарма басшысы жылу беру маусымында әсіресе, қатты аяз күндері тұрғындар тарапынан газ қысымының төмендігіне шағымның көп болатынын айтып, оның бірден-бір себебі техникалық шартты оңды-солды беру екенін алға тартады.

– «ҚазТрансГаз» мекемесі 2021 жылы 5047, былтыр 8218 техникалық шарт берген. Техникалық шарт берерде кез келген  коммуналдық мекеме, мәселен, электр желілері бойынша қуатын қарайды. Ал газ жүйесінде гидравликалық қысымын есепке алып, соған сәйкес ғана техникалық шарт беруі тиіс еді. Алайда біздің байқауымызша, осы гидравликалық есептің дұрыс жасалмауынан тұтыну көп болып, сәйкесінше қысым жетпеуде. Осы орайда «ҚазТрансГаз» мекемесі гидравликалық қысымды дұрыс есептеп, техникалық шартты оңды-солды таратпай, есеппен беруі тиіс деп ойлаймын, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар электр жүйесіне қатысты да бірқатар мәселелерге тоқталып, әлеуметтік нысандарды газға қосудың экономикалық тиімділігі де сарапталды және қатты отын қоры туралы да баяндалды.

Аймақ басшысы  аудандардағы әлеуметтік нысандардың жылу желісін газға ауыстыру бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Бұл ретте көмір қорының жеткілікті болуы, әлеуметтік нысандардың қазандықтарын қайта жаңғырту, тұрғындарды коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету, ажыратуларды болдырмау, алдын алу шараларын қабылдау өте маңызды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<