Теннис орталығының іргетасы қаланды

267

0

Кеше Қызылорда қаласының сол жағалауында үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, игі тілегін білдірді.

– Биыл Ұлыстың ұлы күні Наурызнама онкүндігі аясында атап өтілуде. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – қайырымдылықты, адалдық пен мейірімділікті насихаттауға бағытталған. Елдік пен ынтымаққа шақыратын мерекеге Сыр өңірі баянды бастамалар, жақсы жетістіктермен жетті. Наурызнама онкүндігінде 20 наурыз – Ұлттық спорт күні болып белгіленген. Осы атаулы күнге орай бүгін құны  2,7 млрд теңге болатын үстел теннисі орталығының іргетасы қалануда. Облыста бұқаралық спортпен шұғылданатындардың үлесі 39 пайызға, яғни, 328 597 адамға жетті.  Халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін талапқа сай спорт нысандары қолжетімді болуы керек. Аудандарда 11 денешынықтыру кешені салынды. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай келетін орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталады. Осы спорт нысандарында еліміздің көк байрағын әлемдік жарыстарда желбірететін чемпиондарымыз тәрбиеленіп, түлеп ұша берсін! – деді облыс әкімі.

Үстел теннисі орталығы құрылысының бас мердігері – «СК Дәнекер» ЖШС, бас жобалаушысы – «Шынар Проект және Компания» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Нұрәлем Құрылыс» ЖШС. Орталық 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жиында спорт саласының ардагері Жақсыбек Егізбаев Сыр спортының  жетістіктері мен жеңістері көп болуына тілектестігін білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<