Ғажайып дүниенің сырын жайып…

1196

0

Жалағаш ауданы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде ұлағатты ұстаз, сыршыл ақын, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Зайра Мамырованың 75 жас мерейтойына арналған «Аманат» атты шығармашылық кеші өткізілді. Мерейтой иесін Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов құттықтап, аудан әкімінің алғысын табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Мамырова Зайра Қалиасқарқызы – Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы. 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп, Қызылорда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясында журналист, «Ленин жолы» газетінде корректор болып қызмет еткен. Ал 1978 жылдан бастап Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиеледі. Олардың алды республикалық олимпиадалардан жүлделі орын алып жүретін. Бүгінде әрқайсысы өз саласының мықты маманына айналған. Сонымен қатар, мектептің жас мұғалімдері де білім берудегі шығармашылық ізденістерінде Зайра апайдан тәлім алып, тәжірибе жинақтайтын.

– Өз мамандығымызға деген адалдығымыз болар, бар зейінімізбен жұмысқа берілгенбіз. Үйде болғаннан, мектепте өтетін уақытымыз көбірек еді. Жасыратыны жоқ, отбасындағы кей шаруаларымыз кейінге қалып, орындалмай да жататын. Әйтсе де үміт артып, дайындаған шәкірттеріміз әркез үздік шығып, биіктерден көрінген кезде сол қиындықтардың бәрін ұмытып, ерекше сезімге бөленетінбіз. Ұстаз бақыты дегеніміз бәлкім, осы шығар, – дейді Зайра апай. 

Ол өзінің қырық жылға жуық ұстаздық жолында қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытудың бағдарламасын жасап, жас мұғалімдерге жан-жақты шығармашылық қолдау көрсетті. Сабақтарында халықтық педагогика элементтерін пайдалана отырып, шәкірттерін өз бетінше ізденіп, таным деңгейін арттыруға баулыды. Алаш зиялыларының идеясын ұғындырып, қазақ көркем әдебиетінің жауһарларын жасөспірімдердің жадына сіңіре білді. Сондай-ақ шәкірттерінің әлем әдебиетімен танысып, білім көкжиегін кеңейтуіне күш салды. Осылайша ұстаздың өскелең ұрпақ бойына адами құндылықтар мен отаншылдық рухын дарытып, сол арқылы өз ісіне деген жауапкершілікке тәрбиелейтінін аңғаруға болады. Бұдан бөлек, жеке шығармашылығынан «Аманат», «Ғибратты ғұмыр» кітаптары жарық көрді. Тағдыр табыстырған жолдасы Жақсылық Кенеевпен үш бала тәрбиелеп өсірді. Олардың алды Америкада, өзіміздің өңірде  еңбек етіп жүр.

Ұлағатты ұстаздың мерейтойында осы жолда ізін басып, қатар жүріп еңбек еткен Рауаш Әлиқызы, Мария Орманова секілді білікті де бірегей ұстаздар ыстық ықыластарын білдірді. Сондай-ақ Зүбәйра Қорғанбекова, Жанар Шілдебаева, Жанар Жұбанова, Алматбек Кенжебеков, Нұргүл Мыханова сынды мұғалімдер ардақты ұстаздың абыройлы ізін жалғастырып келе жатқанын айтып өткеніміз жөн болар.

Иә, ұстаз үмітін ақтаған шәкірттері еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүр. Олардың бірі – Сыр журналистикасында жемісті еңбек етіп жүрген, «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Ділдабекова.

– Зайра апайымыздың әрбір сабағына зор ынтамен қатысып, әдебиетке, шығармашылыққа деген құштарлығымыз арта түсетін. Өйткені апай өлең жазатын. Жүрегінен шыққан жыр шумақтарымен санамызды селт еткізіп, әдептілікке, әдемілікке тәрбиелейтін. Бүгінде қолыма қалам алып, журналистика саласына келуіме ұстазымның ықпалы бар деп айтар едім,– дейді Г.Ділдабекова.

Рухани тағылымды кеште ақын шығармалары оқылып, сонымен қатар, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Аудандық білім бөлімі, әріптестері, шәкірттері ыстық ықыласын білдіріп, құрмет-қошемет көрсетті. Әдеби-сазды кешті ақын Қуат Ахетов, жыршы Бейсенбек Төлеубаев жүргізді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<