Арал ауданында жол құрылысы жандануда

407

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактордың бірден бір бөлігі – сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

Арал ауданында 2024 жылға көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында барлығы 4 млн-ға жуық қаржы жоспарланған. Өткен жылы бастау алған «Самара-Шымкент-Бекбауыл», Аққұлақ елді мекеніне кіре беріс, «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс» автожолдарының құрылысы, «Қаратерең-Жаңақұрылыс», «Қызылжар елді мекеніне кіреберіс» автожолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм» автожолының құрылысы және «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би», автожолдарын орташа жөндеу жұмыстары басталатын болса, Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді ел игілігіне пайдалануға беру көзделуде. Бұл туралы Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев Өңірлік коммуникациялар алаңының ақпарат алаңында баяндады.

– Бұдан бөлек, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайтын Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің автожолына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 2 жоба яғни Арал қаласының 5,3 шақырымды құрайтын 7 көшесінің автожолын қайта жаңғырту жұмыстары өз бастауын алмақ, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Теміржол үстінен өтетін көпірдің құрылысы бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе еді. Аудан орталығында бүгінде 40 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындар шойын жолдың екі бетінде қоныс тепкен. Бір ғана өткел көлік қатынасына айтарлықтай қиындық тудырып келді. Бүгінде құны 2,8 млрд құрайтын көпір құрылысының да жұмысы жүйелі. Брифинг барысында аудан әкімі осы және өзге де автожолдар құрысының жоспарын нақтылап өтті.

– Арал қаласындағы темір жолдың үстінен өтетін көпір құрылысы жалғасын табуда. Бұл жұмыстарды 2024 жылдың аяғына дейін толықтай аяқтап, ел игілігіне пайдалануға береміз деп отырмыз. Оған қоса, Арал қаласындағы бірнеше көшелердің құрылысын бастауға салалық министрліктермен келісім бар. Бюджетті нақтылау қорытындысымен оң шешімі табылады деп күтілуде, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<