Нашақорлық дерт пе, дағды ма?

302

0

«Біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Нашақорлық әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр.  Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек.»  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде елдегі нашақорлықпен күреске қатысты осылай деген болатын.

Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Есірткі – бұл адамның көңіл-күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті, тыйым салынған химиялық зат. Ол адамның есін алып, құмарлық жиілігіне ұшыратады, есірткісіз өмір сүре алмайтын халге түсіреді. Қазіргі кезде есірткіге қарсы күрес жүргізу үшін дүние жүзі мемлекеттері аянып жатқан жоқ. Соның ішінде еліміз де есірткіге қарсы күресте мемлекеттік саясат жүргізіп, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің бағдарламасын іске асыруда.

Грек тілінде ұйқы мағынасын білдіретін «nаrke» сөзі, ағылшын тілінде «narkotik» деген сөзге айналып, ұйықтау, жансыздандыру, сезімсіздендіру деген мағынаны береді. Мамандардың айтуынша, нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің зиянын шегіп жүргендер баршылық.

Есірткі тұтынатындар саны 2010 жылмен салыстырғанда 22 пайызға артқан.  Демографиялық өзгерістерге негізделген болжам 2030 жылға қарай есірткіні қолданатындар саны дүние жүзінде 11%-ға артады дейді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, нашақорлық – адамзат баласының денсаулығы мен елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Ғасыр дертіне айналған есірткі, оны тұтынудың, оған тәуелділіктің алдын алу – бүгінгі күннің өткір мәселелерінің бірі.

Дертпен күрес қызметі

Бүгінде облыс тұрғындарына нашақорлық дертімен күрес қызметін облыстық психикалық денсаулық орталығы құрамындағы 190 төсек-орынға арналған тәуліктік және 10 төсек-орынға арналған күндізгі стационар, 4 БМСК ұйымындағы психикалық денсаулық орталықтары, Байқоңыр қаласы және аудандардағы 8 наркологиялық кабинет көрсетеді.

Осы жылдың 3 айының қорытындысымен облыс бойынша 879 науқас есепте тұрады. Былтыр есепті кезеңде бұл көрсеткіш 765-ті құраған. Нашақорлық бойынша науқастылық көрсеткіші былтыр 3 айда 91,8-ді көрсетсе, биыл  104,4-ті құрап отыр. Нашақорлықпен есепте тұрған әйелдер  саны – 14. Бір қуанарлығы, бұл қорқынышты диагнозбен есепте тұрған жасөспірімдер жоқ.  

Есепте тұратын нашақорлардың 1,1% -ы – апиынқұмар, 62,6%-ы – гашишқұмар, 36%-ы – полинаркомандар, 0,11%-ы, яғни біреуі – синтетикалық есірткі тұтынушы.

Осы жылдың І тоқсанында нашақорлық диагнозымен 55 адам алғаш рет есепке алынса, алғашқы аурушандық көрсеткіші – 6,5. 

– Медициналық куәландыру жұмысы барлық ауданда тәулік бойы жүргізіледі. Биылғы І тоқсанда медициналық куәландырудан 3365 азамат өткізілді. Нашақорлықты ерте анықтау үшін жыл басынан 125 наркотест медициналық куәландыру барысында қолданылды. Олардың 52,8%-нан, яғни есірткілік масаң күйде 5 азамат анықталса, есірткі заттарды тұтыну дәлелі бойынша 61 адам тіркелді. 190 төсек-орынға есептелген наркологиялық стационарда алғашқы тоқсанында  263  науқас емделіп  шықты. Оның ішінде,  маскүнемдікпен  233 (88,5%), нашақорлықпен  – 30 (11,4%). Елімізде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын  іске асыру бағытында 2024 жылдың І тоқсанында біршама іс-шаралар атқарылды, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының наркологиялық қызмет бойынша орынбасары Аман  Тұрсынов.

Аталған орталық есірткі, психотроптық заттар мен алкогольді тұтынуға жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Нарколог, валеолог, психолог мамандардың қатысуымен  оқу орындарында, мәдениет үйлерінде дәріс сабақтары,  семинар-тренингтер, түрлі дөңгелек үстелдер өткізіледі, нашақорлықтың зияны туралы ақпараттық үнпарақтар таратылады.

– Орталықтың психиатриялық және наркологиялық стационарлары типтік емес, мүмкіндігінше бейімделген ғимараттарда қызмет атқарып келеді. Мәселен, психиатриялық стационар Қызылорда қаласы Ғ.Мүсірепов көшесі №71 мекен-жайы бойынша 3 қабатты ғимаратта орналасқан. Ғимарат 1973 жылы пайдалануға берілген, жалпы аумағы – 5915,4 шаршы метр. 2000 жылы облыстық психоневрологиялық аурухана теңгеріміне беріліп, бұл нысанның 70 пайызы тозығы жетіп, ғимаратты күрделі жөндеу үшін республикалық бюджеттен 1 209 461,20 мың теңге қаражат бөлінді. Күрделі жөндеу 2023-2024 жылдарға жоспарланып, қазіргі таңда негізгі ғимаратта құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ауласы абаттандырылуда. Наркологиялық стационар Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылындағы 3 қабатты ғимаратта орналасқан. Облыс әкімінің 2017 жылғы шешімімен облыстық наркологиялық орталықтың теңгеріміне берілген. 2017-2019 жылдары мұнда әлеуметтік-медициналық оңалту бөлімшесі ашылып жұмыс жасады. Бұл ғимаратқа 2019-2020 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, орталықтың Шүкіров көшесі №52 мекен-жайдағы ғимараттағы 255 төсек-орынға есептелген наркологиялық стационары 65 төсек-орынға қысқартылып,  190 орынмен көшірілді.

Орталық сырқаттарға оңалту және диагностикалық шараларды жаңғырту үшін автоматты биохимиялық анализатор және микротолқынды терапияға арналған аппараттармен жабдықталды. Емдеу – еңбек шеберханалары бар медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерін ашып, Баймұрат батыр ауылындағы стационарға былтыр маусым айында қосымша 2,8 гектар жер  беріліп, жалпы көлемі 5,6 гектарға жетті.  Орталықтың әлеуметтік-медициналық оңалту бөлімшесін осы жылдың маусым айында ашу жоспарланған, – дейді Алмас Бөкенбайұлы.

Мамандар біліктілігі маңызды

Халыққа наркологиялық көмек көрсететін өңірлік ұйымдар үшін мамандарды жетекші шетелдік наркологиялық орталықтарда оқытудың, даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың маңызы зор. Осы мақсатта биыл 1-6 сәуір аралығында Санкт-Петербург қаласында Карвасарский атындағы медициналық психология және психотерапия институтында нарколог дәрігерлерге арналған «Химиялық және химиялық емес тәуелділікпен жұмыс жасау барысындағы психологиялық және психотерапиялық аддикцияны емдеудегі заманауи тәсілдер» тақырыбындағы семинарға дәрігерлер Е.Цой мен А.Төленова қатысқан.

Жалпы облыстық психикалық денсаулық орталығында 25 дәрігер, 10 психолог, 150 орта медициналық қызметкер,  1 фармацевт, 130 кіші медициналық қызметкер, 80 әкімшілік-шаруашылық және басқа да қызметкерлер,  жалпы 396 адам жұмыс атқарады. Орталықта 5 стационарлық бөлімше бар. Атап айтқанда, маскүнемділіктен ерікті емдеу, нашақорлықтан ерікті емдеу, еріксіз емдеу және реабилитациялық оңалту бөлімшелері жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау саласының міндеті – нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу, есепке алынған науқастарды динамикалық бақылау және емдеу. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын негізге ала отырып, нашақорлықтың алдын алу үшін жоғарыда айтып өткеніміздей, профилактикалық шаралар жүйелі түрде атқарылады.

Есірткі қылмысымен күрес қарқыны

Нашақорлықпен күресте қаншама ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, ұлт болашағына қауіп төндіретін ғасыр дерті толастамай тұр. Денсаулық сақтау саласы дертпен күресіп әлекке түссе, полиция қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы тосқауылды күшейтіп бағуда. Өйткені есірткімен күрес – ортақ міндет.

Жоғарыда Президенттің ғасыр дертімен күрес туралы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзін келтірдік. Онан бөлек, Мемлекет басшысы жыл басындағы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында еліміздегі есірткі қылмысына қарсы тосқауылды күшейтуді тапсырған болатын. Бұл бағытта жұмыстар барлық өңірде жанданды.

Қызылорда облысы табиғи климаттық жағдайы жоғары сапалы марихуананы дайындауға қолайлы аймақ болғандықтан, республикамыздың басқа аумақтары және ТМД елдерінің есірткі курьерлеріне қызығушылық тудыратыны анық.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биылғы алғашқы тоқсанда  60  есірткі құқықбұзушылығы анықталған.  Оның ішінде 9  есірткі өткізу, 1  есірткі жарнамалау,  1  есірткі өсіру дерегі бар. Заңсыз айналымнан  9 келі 525 грамм  есірткі заты алынса, оның   24,292 грамы синтетикалық есірткі заттары.

– Жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында үй ауласындағы жылыжайдан сора өсімдігін өсіріп, марихуана өндірген қала тұрғыны құрықталып, фито-зертхана анықталып, тінту барысында 214 түп сора өсімдігі мен 5 келіден аса марихуана және гашиш заттай дәлелдеме ретінде алынды. Биыл әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 30 сайт енгізіліп, бұғаттауға ұсыныс берілді.  Есірткінің синтетикалық түрін анықтау мақсатында жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде «Меф» және «a-PVP» синтетикасын аса ірі мөлшерде тасымалдаудың 2 дерегі анықталып, Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарының тұрғындары ұсталды. Сонымен қатар, адам ұрлау және бопсалау деректері де анықталып, қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Темірхан Ахмет.

Қызылорда облысында табиғи ерекшелікке байланысты көбіне жасырын есірткі алқаптары кездеседі. Жыл сайынғы жарты жылға созылатын «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде есірткі бапталған орындар әшкере болады. Тәртіп сақшылары аймақтағы ахуалды тікұшақпен бақылап, күдікті орындарды іздейді. Каннабистік өсімдіктен таралатын есірткі түрлерін орта жастағылар жиі тұтынса, жастар  синтетиканың соңында.

Синтетикалық есірткі схемасы еліміздің бір өңірінде ғана емес, барлық аймағында осы үрдіспен жүргізіледі. Есірткі қылмысына тосқауыл табанды түрде жүргізілсе де, жеңіл ақшаға құныққандар айналымның жолын толықтай бөгеуге мүмкіндік берер емес.

 Халқымызда «ауру қалса да әдет қалмайды» деген сөз бар. Мамандар есірткіқұмарлықты ауруға жатқызса, кейбіреулер дағды деп атайды. Екі пікірге де илануға болады. Құмарлықтан туған әрекет тәуелділікке айналып, ол ауруға ұласады. Күнделікті дәмін татып жүрген соң дағдыға айналары сөзсіз. Ауруды емдеп жазуға болады. Алайда есірткіқұмарлықтан айығу өте қиын. Сонда нашақорлық дерт пе, дағды ма? Қалай болғанда да ұлт болашағына қауіп төндіретін ғасыр дерті табанды күресті қажет етері хақ.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<