Аудан жаңалықтары

102

0

«Оазис» жаңартылды

ҚЫЗЫЛОРДА. Бүгінде Ы.Жақаев көшесінің Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейінгі аралығына «Техоснастка-ремсервис» ЖШС мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

Осы жоба аясында қала тұрғындары арасында «Оазис» аталып кеткен субұрқақ жаңартылып, оның аумағына брусчаткалар, жолжиек тастар орнатылады. Көгал егіліп, жарық диодты шамдар қойылды.

Кітапхананың креативті жұмысы

АРАЛ. Қамбаш ауылдық кітапханасында «Ауылдық кітапхана – әлеуметтік-мәдени орталық» тақырыбында аудандық семинар өтті.

Шараға «Қамыстыбас» ауылдық округінің әкімі Азат Балмырзаева, жетекші маман Жантуған Айтжанов және ауыл азаматы Нұржау Ділмағанбетов қатысты.

Семинардың басты мақсаты – мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдау, ауылдық кітапханалардың әлеуметтік- мәдени дағдыларын арттыру.

Қамбаш, Сапақ, Қосжар, Аманөткел, Ақбай, Шөміш, Қызылжар, Құмбазар, Бөген кітапханалары креативті жұмыстарын таныстырды. Аталған мекеменің ауыл өмірінде алатын айрықша рөлін ашық көрсете білген кітапханашылар түрлі бағыттағы жобалары мен  үйірме жұмыстарын ортаға салды. 

Тазалық жұмыстары қарқынды

ҚАЗАЛЫ. Әр сенбі сайын «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданда тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.

Акцияға тұрғындар мен барлық мекеме, кәсіпорын қызметкерлері қатысып, орталық көшелердегі қоқысты тазартып, шөпті шауып, туған жердің тазалығына атсалысты. Тазалық жұмыстары Әйтеке би кенті мен барлық ауылдық округтер бойынша орталық көшелерде, адам көп шоғырланатын орындарда өткізіліп, шабылған шөп пен қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Жұмыстың нәтижесін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет көріп, жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.

Кондитерлік цех ашты

ҚАРМАҚШЫ. «Жаңажол» ауылдық округінде жеке кәсіпкер Ғалымжан Шакибеков «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-нан 7 млн теңге несие алып, кондитерлік өнімдер шығаратын цех ашты. Онда тәтті тоқаш, бәліш, торт пісіреді.

Несие қаражатына цехқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Қазіргі таңда кондитер цехы тұрғындарға сапалы және тиімді бағада қызмет көрсетуде.

Сұйытылған газ жеткілікті

ЖАЛАҒАШ. Әлеуметтік маңызы бар сұйытылған газ тапшылығының алдын алу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов газ құю бекеттерін аралап көрді.

Ауданда сұйытылған мұнай газы бойынша 5 оператор, 6 газ құю бекеті жұмыс жасайды. Сыйымдылығы – 55,5 тонна. Қазіргі таңда сұйытылған мұнай газы жеткілікті мөлшерде сатылуда. Бөлшек сауда бағасы  64 теңге.

Жауынгер журналист еңбегі дәріптелді

СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, ақын, әлеуметтік қамсыздандыру ісінің үздігі Бәкір Өтеповтің 100 жылдығына орай өткізілген ғылыми конференцияға қатысты. Онда көрнекті қоғам қайраткерінің өмір жолы мен қызметіне тоқталды.

–    Ардақты ағамыз Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен соғыстан кейінгі жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 15-тен астам медальмен марапатталды. Бүгінде аудан орталығында бір көше Бәкір Өтеповтің есімімен аталады. Парасаттылығымен танылып, бар білімін, күш-жігерін елге жұмсаған Бәкір Өтеповтің есімі ұмытылмайды, – деді аудан әкімі.

Ғылыми конференцияда жауынгер журналистің отты жылдардағы ерлігі, өңір дамуына қосқан қызметі, отбасындағы өнегесі дәріптелді.

Рейд тоқтамайды

ШИЕЛІ. Аудан әкімдігі жанынан құрылған жедел топ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су айдындарын, бассейндерді, ойын аттракциондарын, компьютер клубтарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Топ құрамында полиция, төтенше жағдай, кәсіпкерлік, қоғамдық даму бөлімінің өкілдері бар. Кейінгі күндері суда қауіпсіздік ережелерін сақтамай, белгіленбеген жерлерде шомылу салдары су айдындарында қайғылы жағдайлардың орын алуына әкелуде. Мамандар бассейн әкімшілігіне  және оның жанындағы тамақтану орындарына санитарлық талаптарды сақтауды  ескертті. Рейд күнделікті жүргізілетін болады.

«Домбыра-пати» ұйымдастырылды

ЖАҢАҚОРҒАН. Ұлттық домбыра күніне орай аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі «Домбыра дастан  – домбыра күй» атты  іс-шара ұйымдастырды.

Оған Жастар ресурстық орталығы жастары, Әлшекей атындағы өнер мектебінің ұстазы С.Отарбаев, музыкант А.Қалдыбаеваның жетекшілігімен «Bala-ART» өнер орталығының оқушылары, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.

Дайындаған

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<