«Еңлік-Кебек» немесе бастауға оралу

116

0

Сахна әлеміндегі тұңғыштар тағдыры бір сәт те бейжай қалдырып көрген емес. Өткенге оралсақ, 1926 жылдың 13 қаңтарындағы өнер өлкесінде болған ұлы жаңалық – Қызылордада ашылған тұңғыш кәсіби қазақ театрында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектаклі қалың көрермен назарына ұсынылып, осы қойылым арқылы тұңғыш қазақ театр өнерінің шымылдығы түрілген еді.

Қазақ өнерінің тарихында алтын әріппен жазылған атаулы күні ең алғашқы сахналанған қойылым ретінде осынау шығарманың таңдап алынуы да бекер болмаса керек. Себебі бұл туындыда күллі қазақ қоғамындағы айшықты оқиғалар мен өзекті мәселелер көрініс табады. Сол заманның ғасыр індеті, ұлт арасындағы алауыздықтың дүрбелеңі шебер сипатталған көркем туындының кейбір тұстары қазіргі қоғамда да өзекті екені жасырын емес. Оған дәлел, арада ғасырға жуық уақыт өтсе де көркемдігін жоймаған бұл классикалық туынды қазақ театрларының репертуарларынан әлі де көрініс тауып, көрермен тарапынан кең сұранысқа ие болуда.

Өз алдына отау тігіп, бой көтерген Қызылорда қалалық «Жастар театры» да осы керемет туындыны заманауи бағытта Сыр көрермендеріне және қазақ театр қайраткерлерінің назарына ұсынды. Айта кету керек, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мұхтар Әуезовтің шығармашылығынан алынған «Еңлік-Кебек» пьесасына қойылымға сай инсценировка жасаған режиссер, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Ұлан Болатбек.

– Театр артисі болғаныммен қосымша режиссерлікпен, сценарий жазумен айналысамын. «Жастар театрымен» бірлесіп жасап жатқан жаңа қадамдарымыздың бірі осы. Неге дәл осы қойылымды сахналауға шешім қабылдадық? Осыдан біраз уақыт бұрын Қызылордаға гастрольдік сапармен қойылым қойған едік. Н.Бекежанов атындағы театрдың табалдырығынан аттап, қазақ театрының арғы-бергі тарихы туралы сөз қозғап, шын мәнінде 100 жылға жуықтаған тарихи тағылымның құндылығына бойлай бермейтінімізді ұқтық. Сол сәтте осыдан бір ғасыр бұрын қазақ театрының шымылдығын түрген «Еңлік-Кебекті» неге қайталап бүгінгі қоғамға ұсынбасқа деген ой келді. Неге ғасыр өтсе де құндылығын жоймаған дүниені жастардың көзқарасымен қайтадан жасамасқа? Бұл идея бәрімізді шабыттандырғаны сонша, көп өтпей дайындықты бастап кеттік. Шәкәрімнің дастаны мен М.Әуезовтың пьесасын біріктіріп, коллаборация жасап көргіміз келді. Себебі осы күнге дейін қазақ театрларында бұл туынды пьеса желісімен қойылып келгені жасырын емес.

Қазіргі театр өнерінде өзгеріс көп. Сахнаға жастар келді. Бұрындағыдай сахнаны толық декорациямен сәндеп, тау салып, сурет салудың қажеті шамалы. Бүгінгі буынның театрға қызығушылығының артуы – шынайылығында. Кейіпкердің шынайы эмоциялары, жанды музыка, артық бояусыз қойылымдар көрерменді өзіне тартып тұрады. Бұрын әзіл-сықақ театрлары мен әншілердің концертіне билет қалмай, талап алып кететін болса, қазір театрдағы қойылымдарға билет қалмады деп ренжіп жатады. Біздің жарнама – көрерменнің өзі. Қойылымға келген жан келесі жолы досын, бауырын, сүйіктісін ерте келеді. Осылайша жастардың жаңа бастамалары өз көрерменін тауып үлгергендей, – деді Ұлан Болатбек «Жыраулар үйінде» өткен брифингте.

Спектакль стилистикалық жағынан ұлттық салт-дәстүр мен заманауи өнерді ұштастыруға бағытталған. Соған сәйкес қойылымның негізгі декорациялық көркемделуі  ұлттық нақышта көрініс тапты. Кейіпкерлердің костюмдері де арнайы дизайнерлік жобаларға сәйкес қазақ халқының ұлттық коллариттерін, ою-өрнек нақыштарын  дәріптеп, айқындап көрсетеді. Костюмдердің эскиздерінде құрамалы ою-өрнектер арқылы «құрақталған, тағдыры жамалған, жарасы мен жыртығы көп» қазақ ұлтының тағдыры бейнеленген. Қойылымда абыз рөлінде Санат Жүзбай ойнаса, Еңлік рөлін Зарина Ерболқызы, Кебек рөлін Нұрдәулет Әбдіқаппар сахналады. Спектакльдің қоюшы суретшісі – Жарқынбек Қосбаев. Айта кетейік, спектакльдің негізгі идеясы, қазақ қоғамындағы әйел теңдігі, руластар мен рухтастар қақтығысы, махаббат және салт-дәстүр ұстанымдарына негізделген.

Қалалық «Жастар театрының» сахнасында өткен спектакль соңында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев театр директоры Нұрмат Мансұрға Алғыс хат табыстап, ұжымға сәттілік тілеп, өз ризашылығын білдірді.  

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<