14 шілдеде Әйтеке би кенті және Сунақата ауылдық округінің әкімі сайланады

124

0

Фото: облыстық сайлау комиссиясы

Қызылорда өңірінде жыл басынан бері 1 кент және 10 ауылдық округ әкімінің сайлауы өткізілді.

Негізінен, ауыл әкімдері 4 жыл мерзімге сайланады. Биыл аймақта 25 кент және ауылдық округ әкімдерінің өкілеттілік мерзімі аяқталады. Сонымен қатар өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылған ауыл әкімдерінің орнына да сайлау өтеді. Яғни жоспарға енген сайлаулардан бөлек тағы 5 ауылдық округте тұрғындар жаңа әкімді сайлайды.

Осы жексенбіде, яғни 7 шілде күні Шиелі ауданындағы Ақмая және Тұран ауылдық округінде сайлау ұйымдастырылады.

2 ауылдық округ бойынша 3417 сайлаушы дауыс беруге құқылы. 2 учаске құрылып, 14 комиссия мүшесі қызмет атқармақ.

Ал, 14 шілде күні Қазалы ауданының Әйтеке би кенті мен Жаңақорған ауданының Сунақата ауылдық округінің тұрғындары жаңа әкімді сайлауға атсалысады.

Айта кету керек, кент және ауылдық округ бойынша 30 мыңға жуық сайлаушы дауыс беруге құқығы бар.

Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру кабиналары талапқа сай жабдықталды. Мүгедектігі бар азаматтар үшін де қолайлы жағдай жасалған.

Ақмая және Тұран ауылдық округ бойынша 8 мүгедекті бар сайлаушы болса, Әйтеке би кенті мен Сунақата ауылдық округінде 125 мүгедектігі бар азамат дауыс беруге қатысады. Оның 54-і арба қызметін қолданса, 44-і көру қабілеті нашар, 27-і есту және сөйлеу қабілеті қиын азаматтар санатына жатады. 

Еске салайық, Қызылорда облысы бойынша барлығы 146 кент және ауылдық округ әкімі бар. Олардың 143-і ер, 3-і әйел азаматша.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<