Тұқы шаруашылығы іске қосылды

85

0

Арал ауданында тұқы өсіретін тоған балық шаруашылығы құрылды. «Арал Рыбторг» ЖШС басшысы Қуаныш Өмірзақов қазіргі уақытта 15 гектар аумақтағы  4 тоғанға балық жіберу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

– Маусым айында 7 млн 700 дана тұқы жіберілді. Күзге дейін тоғандардың ауданы 25 гектарға дейін ұлғайтылады, содан кейін қуаттылығы жылына 15-20 миллион шабаққа арналған инкубациялық цехты орнату жұмыстары басталады.  Тауарлы балықтың алғашқы партиясын 2025 жылы алуды жоспарлап отырмыз,– деді Қуаныш Өмірзақов.

Жоба құны – 150 млн теңге, ал қуаттылығы – жылына 300 тонна. Кәсіпкер шаруашылықты дамытуда мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға ниетті.

Айта кетейік, саланы мемлекет тарапынан қолдау балық шаруашылығын дамытуға үлкен қызығушылық тудырды. Балық өсіру шаруашылықтары үшін салықтар 70%-ға төмендетілді, сондай-ақ салынған инвестициялардың 25%, жем-шөп құнының 30% мөлшерінде, шабақтарды, дәрілерін, балықтардың бағалы түрлерінің аналығын сатып алуға және балық өсіру биологиялық негіздемесін әзірлеуге жұмсалатын шығындардың 50%-ы  көлемінде субсидия ала алады.

Балық шаруашылығы субъектілері үшін қаржылық қолдаудың бұл шаралары Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде қабылданды. Осы кезеңде саланы дамытуға 268,8 млрд теңге, тағы 340,5 млрд теңге бюджеттен тыс жеке инвестициялар бағытталатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<