Дайын өнімге ден қойылады

321

0

Өндіріс көлемін ұлғайту, дайын өнім шығаруға жаппай ден қою – заман талабы. Бүгінгі күні Сыр өңіріндегі жергілікті өндіріс орындары ішкі нарықты отандық өніммен қамтып, импорттық тауарға тәуелділікті төмендетуде. Нәтижесінде экономикалық өсім қалыптасты. Өнеркәсіп саласына тартылған инвестицияның үлесі өсті.

Сыр өңірі инвестиция тарту көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Отандық өнеркәсіпке жергілікті инвесторлар қолдау көрсетуде. Аймақта жұмыс істеуге қызығушылык танытып отырған шетелдік компаниялар да аз емес. Инвестициялық жобалар аясында жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Облыстың өнеркәсіп саласы былтырғы қыркүйек айынан бастап оң динамика көрсетіп келеді. Осы жылдың 5 айының қорытындысына сәйкес, көрсеткіш 6,3%-ға ұлғайып, өнеркәсіптегі өндірілген өнім көлемі 431 млрд теңгені құрады.

Өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика байқалады. Көрсеткіштер 43,5%-ға ұлғайып, 144 млрд теңгені құрап отыр.

Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2019 жылы 17 пайызды құраса, былтыр ол 30 пайызға жетті. Бұған өңірде шыны зауытының іске қосылуы, уран өңдеу өнеркәсібінің жандануы оң әсер етті. Биылға негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша 517 млрд теңгенің межесі қойылған. Оны асыра орындау жоспарда бар. Себебі 5 айдың қорытындысы бойынша өңірге 174 млрд теңге тартылды, өткен жылмен салыстырғанда 40 пайыз артығымен орындалды.

Өңірде шыны зауытының іске қосылуы дамуға айрықша серпін берді. Қазір онда шыны кластерін құру жұмыстары басталды. Кәсіпорын жұмыс істеген уақыт ішінде 27,3 млрд теңгенің 20,8 млн шаршы метр шынысы өндірілді. Бүгінде 15 млн доллар көлеміндегі өз қаражатына қуаты жылына 5 млн шаршы метр болатын энергия үнемдейтін шыны шығаратын жаңа желіні іске қосты.

Шыны зауытының алғашқы өнімі 2022 жылы қазан айында алынған болатын. Жылдық қуаты – 197 мың тонна. Өнімнің 30%-ы экспортқа, 70%-ы ішкі нарыққа бағытталған. Зауыттың өнімдері Орталық Азия елдеріне, Ресейге, Әзербайжанға жөнелтіліп жатыр.

Айта кету керек, ішкі инвестицияның 80  пайызы – жеке инвестиция. Облыста алдағы бесжылдықта құны 1,1 трлн теңге болатын 76 жоба іске асырылады. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Биылдың өзінде 15 жоба іске қосылып, халықты  470 тұрақты жұмыс орнымен қамтиды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<