Әділетті әлем, бейбітшілік және келісім

112

0

Он алты елдің мемлекет және үкімет басшылары бас қосқан Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының 24-саммитінде жоғарыда аталған үш мәселе ерекше маңызға ие болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір әлемдік қауымдастыққа жетіспейтіні – осы. Геосаяси қақтығыстардың адамзат баласы үшін салдары ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте беделді бірлестік шиеленістерді бейбіт жолмен шешуге, сондай-ақ қауіпсіздікті сақтауға күш салуы тиіс.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде көтерген «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Астана саммиті екі күн бойы әлемдегі күрделі жағдайлар талқыланған және қауіп-қатерді шешу жолы ізделген диалог алаңына айналғаны рас. Жер-жаһанда геосаяси тұрақсыздық артқан тұста әлем көшбасшыларын келіссөз үстелінің басына жинап, маңызды мәселелерді талқылап, шешімін табуға ұмтылуы Қазақстанның дүние жүзіндегі беделін тағы да айшықтай түскендей.

Шанхай бестігі ретінде басталып, кейін «сегіздік» деп аталған, ал күні кеше ондыққа айналған ұйымның келелі жиыны жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, еліміздің әлемдік қауымдастықтағы орны мен ықпалы туралы шетелдік меймандар да, отандық сарапшылар да ерекше атап өтті.

Төменде әртүрлі ақпарат құралында жарияланған пікірлерді топтастырып беруді жөн көрдік.

Чжан Мин,

Шанхай ынтымақтастық ұйымының

бас хатшысы:

– 2023 жылдың шілде айынан ұйымға Қазақстан төрағалық етті. Мемлекет тарапынан әртүрлі салалар бойынша 140-тан астам шара өтті. Серіктестер осы аралықта экономикалық, инвестициялық экологиялық, мәдени-гуманитарлық мәселелерге назар аударды. Қазақстан төрағалығы мазмұнды болды деп нық сеніммен айта аламыз. Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бүгінгі саммиті нәтижелі, маңызды сындарлы шараларды қамтыды. Тарихта қалатын елеулі саммит.

Қазбек Майгелдинов,

«Қытайды зерттеушілер қауымдастығы» ҚҚ төрағасы, саясаттанушы:

– Биылдан бастап Қазақстан бірнеше бастама көтерді. Біріншісі – экологиялық тұрақтылық. Екіншісі – Қазақстан үшін де, жалпы әлем үшін де маңызды цифрландыру мәселесі. Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында цифрландыру технопарктарын құру көзделіп отыр. Бұл не үшін керек? Қазіргі таңда Қытай – әлем бойынша жасанды интеллект, технология жөнінен алдыңғы қатарлы мемлекет. Осы тұрғыда Қазақстан өзге елдермен тәжірибе алмасу мәселесіне ден қойып отыр.

Айше Суберкер,

«ТРТ World» тілшісі:

– Әлемде геосаяси тәуекелдер, жанжалдар артқан тұста Шанхай саммитінің өтуі маңызды. Түркия секілді бақылаушы мемлекеттер де қатысып жатыр. Жақында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Шанхай ұйымымен ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірді. Бұл еліміздің мүддесі үшін маңызды.

Бибігүл Жексенбай,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Мемлекет басшысы Шанхайдың ондығына кіретін барлық елдер үшін стратегиялық маңызы бар негізгі бағыттарды белгіледі. Президент бірінші бағыт ретінде қауіпсіздік саласында өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуды атады. Ағымдағы күрделі жағдай халықаралық қатынастар жүйесінің терең дағдарысының салдары болып саналады. Осы жағдай аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық құқықтың эрозиясын еңсеру, геосаяси бөліністерге жол бермеу, сайып келгенде, кең жаһандық контексте бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін тұрақтандырушы және құрушы рөлін арттыруы тиіс.

Ерлан Ахмеди,

халықаралық саяси сарапшы:

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының мақсаты – әлемді бөлмеу, керісінше, бірлікке шақыру. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті әлем – біртұтас адамзат баласы» деген ұсынысы бар. Сонымен қатар Қытай басшысы Си Цзиньпиннің «Адамзат баласы үшін біртұтас тағдыр» деген ұсынысы бар. Бір-бірімен үндес. Қазіргі күні геосаясатта әлемді глобалды солтүстік, глобалды оңтүстік деп бөледі. Беделді ұйымның мақсаты – әлемді бөліп-жармау, оның орнына біріктіріп, диалог арқылы үстел басында бұл мәселелерді шешу.

Дайындаған

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<