Ұлттық құрамада 92 лицензия бар

343

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел спортшыларының ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы есеп берілді. Сондай-ақ лицензиялық турнирлердің қорытындысы жөнінде баяндалды.

Министрдің айтуынша, төртжылдықтың басты додасына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген. Парижде барлығы 80 спортшы ел намысын қорғайды.

Ермек Маржықпаев ұлттық құраманың Олимпиадаға дейінгі оқу-жаттығу жиындары мен спортшыларды қолдау шаралары туралы айтты. Сонымен қатар спортты басқару институттарын жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебін берді.

Мемлекет басшысы Олимпиада ойындарының спортшыларымызға зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы әлем алдында мәдениетті, ұстамды әрі озық үлгілерімен ерекшеленуге тиіс екеніне назар аударды.

Денсаулық сақтау министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның жұмысы және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жоспарлары туралы баяндалды.

Президентке қазіргі уақытта болжамды өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 75 жастан асатыны жөнінде айтылды. Жыл басынан бері инфекциялық аурулардың 21 түрі бойынша, соның ішінде коронавируспен сырқаттану көрсеткіштері төмендеген. Вакцинациялау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ақмарал Әлназарова министрліктің жұмысына қатысты Президент тапсырмаларының орындалуы жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, медициналық қызметтің сапасын және қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылып отыр. Алғашқы және стационарлық медициналық көмекті ұйымдастырудың тәсілдері қайта қаралуда. Сондай-ақ диагностикалық және емдеу стандарттары жаңартылып, саланың кадрлық әлеуеті нығайып келеді.

Министрдің айтуынша, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу жүйесінің тиімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, медициналық мекемелер жұмысының тиімділігін арттырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бақылауды жақсарту үшін заманауи цифрлық технологиялар әзірленген. Олар қолданысқа енгізіліп жатыр.

Президентке жаңа медициналық нысандар салу және сала қызметтерінің сапасын одан әрі арттыру мәселелері қамтылған Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы ақпарат берілді. Қабылданған осы тұжырымдама аясында денсаулық сақтау ұйымдарының оңтайлы және тиімді желісін құруға бағытталған 34 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар медициналық көмек көрсетудің мейлінше нәтижелі болуына назар аудара отырып, денсаулық сақтау жүйесін сапалы түрде қайта құру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ салаға, оның ішінде дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<