Лимон өсіріп, миллион табуға болады

701

0

Екі жыл бұрын мемлекет тарапынан қолдау ретінде берілетін қайтарымсыз грантты ұтып алған жерлесіміз цитрус жемістерін жерсіндіру арқылы өнімге қол жеткізуге болатынын дәлелдеген. Лимон өсіріп, миллион табуға болатыны маңдай терден қашпаған әрбір жанға аян. Желі мен құрғақшылығы қабаттасқан Қызылордада бұрын-соңды жерсінбеген жемістердің өсуі қаншама адамның кәсіп бастауына жол ашты.

«Болашақ» университеті жылыжайының агрономы, аға оқытушы, ауыл шаруашылығы ғылымының магистрі, жылыжай саласында 20 жылдан аса тәжірибесі бар маман Ақерке Тәжекеева жұмыссыз қызылордалықтар үшін жылыжай ісі таптырмас кәсіп екенін айтады.

– Осы күнге дейін аймақта лимон өсірілгенін естіген емеспіз. Жылыжай саласында жүргендіктен, бұрын-соңды өспеген жаңа жеміс өсіріп көру қызық. Бұл салада 20 жылдан аса тәжірибем бар.

Лимон өсіру идеясының туындауына 4 жыл бұрынғы оқиға әсер етті. Өзім жұмыс істейтін «Болашақ» университетінің жылыжайына шетелден арнайы мамандар шақырылып, лимонның көшеттерін әкеліп, егіп бастаған еді. Алайда ешқандай нәтиже болмады, өнім алынбады. Шетелдік мамандар бар тәжірибесін салып, күні-түні бағбандық етті. Өңірде судың ащы, жердің тұзды екенін айтты. Тәжірибелі мамандардың қолынан келмеген соң басқа не істей аламыз деп ойланып-толғанып қойғанбыз.

Кейіннен көрші Түркістан облысы Сарыағаш ауданында да өсіріліп жатқанын естіп, сол жақтың жылыжайынан тәжірибе алмасып, өзіміздің жерге көшеттерін отырғызып көрдік. Жай-күйін зерттеп, су мөлшерін бақылап жүрдік. Көп күттірмей өнімін алып, өзімізде де лимон өсіруге болатынына көз жетті.

Лимон цитрус түрі ғой. Сарыағашта тәжірибе жинақтап жүріп, олардың еккені 7-8 жылдық ағаш екенін байқадым. Өніміне келсек, бір ағаш 100-150 келі лимон береді. Негізі 3 жылдан соң өнім алуға дайындау керек екен. Оған дейін өсіп, өзінің деңгейіне жетеді. Еккен уақыттан бастап гүлдей береді. Гүлдерін алып тастап отыру қажет. Әр гүлдеп, түйіндегенде зерттеп отырдық. Өнім бір болғанмен, климат ерекшеліктеріне қарай әр жердің егу, баптау тәсілдері әрқилы. Оңтүстік жақта көбіне шіріген көң пайдаланады. Біздің лимонға ол жақпайды. Күннің ыстықтығы бар. Сондықтан тәжірибе жасап, жаңа көңді калифорниялық шылаушындарға жегізіп, содан шыққан тыңайтқышты пайдалануды жөн көрдік. Нәтижесі жаман емес, – дейді ғылым мен кәсіпті қатар қанаттандырып жүрген Ақерке Кеңесбайқызы.

Айта кетейік, жылыжай ісін дамытуды мақсат еткен мамандардың ғылыми тәжірибесінде лимон өсіру эксперименттің алғашқысы да, соңғысы да емес. Аға оқытушының айтуынша, жаңа жеміс түрін егіп көрудегі басты мақсат – жерсіндіру.

– Бізде жылыжай десе, қыстыгүні өнім беретін қияр мен қызанақ қана елестейді. Осы жаттанды түсініктен арылуды жөн санап, алғаш рет құлпынай өсіріп көргенбіз. Құлпынай негізінен жаздыгүні далалықта өсіп, өнім бере береді. Ал қыстыгүні жылыжайда өсіру – қиын шаруа. Сонымен арнайы сорттарын іздеп, зерттей бастадық. Кореялық «Қысқы хош иіс» деп аталатын сортқа тоқталып, тапсырыспен алдырдық та, жақсы өнім жинадық. Алғашқы зерттеуіміз осыдан басталған еді. Облыс бойынша бірінші рет жылыжайда құлпынай өсіру бойынша авторлық құқық алдық. Содан кейін қызығушылық артып, анар өсіріп көрдік. Алайда ол жылыжайға бейімделмеді. Жапырақтары тым тәтті болғандықтан тез құрттап кетеді, яғни, жылыжайда өсіру мүмкін емес екен. Одан кейін маракуйя ағаштарын отырғызып көрдік. Ол да анар сияқты тәтті болғандықтан, жапырағына жиналған шыбын, құрт-құмырсқаға иммунитеті төтеп бере алмады. Ал содан кейін өсіргеніміз осы лимон ағашы болды. Негізінен лимонды ұйықтатып, демалдырып, содан соң барып өнім алуға дайындау керек. Үш жылдан соң алғашқы жемісін береді. Өңірде лимон өсіруде де алғашқылар ретінде авторлық құқық алдық. Осындай бірнеше тәжірибенің нәтижесіне сүйене отырып, жылыжайда құлпынай мен лимон өсіру бағыты бойынша методикалық нұсқаулық кітап жазып шығардық. Сонымен қатар қызымыз екеуміздің зерттеуіміз бойынша жазылған Қызылорда өңірі тұрғындарына арналған жылыжайда қияр-қызынақ өсірудің әдістемелігі бар. Оңай жолдарды ұсынған бұл әдістемелік жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге арналады, – дейді ол.

Ересекке де, енді ғана етек-жеңін жинай бастаған жасқа да жылыжай – жақсы кәсіп. Аймақта мүлде жоқ емес, әрине, жылыжай ісін бастағандар жетерлік.

– Қызылордалықтар шығынынан өнімі мол кәсіпті бастап, табысқа жетсе, өзімізде де біраз нәрсені өсіруге болатынына көз жеткізсе деймін. Сонымен қатар биыл банан ағашын өсіріп көру жоспарда бар. Көшеттерін отырғызып, бастап қойдық. Қазір жерсіндіріп, зерттеудеміз. Мандарин, апельсин, папайя, манго ағаштарын да жерсіндіріп көргім келеді, – дейді ол.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<