Бірреттік әлеуметтік көмек беріледі

4164

0

Фото: ашық дереккөз

Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 21 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан. Бұл жылдық меженің 47,1 %-ға орындалғанын көрсетеді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының І жартыжылдықта атқарған жұмыстары брифинг барысында белгілі болды.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаеваның айтуынша, жұмыспен қамтуда облыс республика бойынша алғашқы үштіктің қатарына шыққан. Бүгінде қандай бизнес идеяңыз болсын оны жүзеге асыруға мүмкіндік көп. Былтырдан бері қайтарымсыз грант тек әлеуметтік осал топтарға жататындарға берілетін болды. Оған 2,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 1556 адам қамтылады деп жоспарлануда.

– Грант бөлудің  бірінші легі аяқталып, арнайы құрылған комиссия шешімімен 492 көпбалалы отбасы, 88 мүгедектігі бар адам, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 95 және атаулы көмек алушы 22, асыраушысынан айырылған 25 отбасы қайтарымсыз грант иеленді.  Екінші лек тамыз айында өтеді. Қайтарымсыз грантқа ие болғандардың 36%-ы мал шаруашылығымен айналысуды көздесе, 64%-ы технологиялық жабдықтар мен еңбек құралдарын сатып алуға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында  былтыр 492 жас өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Биыл да бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 400 адамға 2 млрд теңге жоспарланып отыр. Қазіргі таңда министрлік тарапынан қаржыландыру мәселесінің шешілуі күтілуде, – деді Жанар Дәулетбаева.

Жыл басынан бері облыс бойынша 48 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Онда 684 жұмыс берушіден 3 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылып, 2 мыңнан астам жұмыссыздың ішінен 1397 адам жұмысқа орналасты  және 30 адам оқуға жолданған.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке биылға 5,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Жасыратыны жоқ, ұсынған жұмыстан бас тартып, атаулы әлеуметтік көмекті алуға ұмтылатындар әлі де бар. Ал мемлекеттік көмек шын мұқтаждарға берілуі керек. Жүргізілген мониторингтің қорытындысына қарағанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 811 адамға немесе 33,6 % төмендеген.

Халықтың осал топтарына барлығы 925 млн теңгеге көмек көрсетілген. Оның ішінде аз қамтылған отбасылардың  коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін тұрғын үй көмегі 1777 отбасына берілген. Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен жекелеген санаттағы азаматтарға көрсетілген әлеуметтік көмектер бойынша 12 279 адамға 849,4 млн теңге төленген.

Өңірде 33 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде 6663-і – 18 жасқа дейінгі балалар.  Биылға мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасын орындауға республикалық және облыстық бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін оңалтудың жеке бағдарламаларын 90%-дан төмен емес көрсеткіште орындау жоспарланған. Әлеуметтік қызмет порталы арқылы 23 925 мүгедектігі бар адамның  81,5 пайызы оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес  техникалық оңалту құралымен қамтамасыз етілді.

Облыста инватакси қызметін 40 автокөлік жүзеге асырады. Оның ішінде 11 автокөлік кресло-арбамен жүретіндер үшін бейімделген. Осы 40 автокөліктің қызметін қамтамасыз етуге биылға бюджеттен 124,3 млн  теңге бөлінген.

Облыс әкімінің ұсынысына сәйкес биыл «100 игі іс» науқаны аясында Қызылорда және Байқоңыр қалаларына мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға құны 23 млн теңге тұратын 2 инватакси сыйға тартылды.

Сонымен бірге, биыл алғаш рет облыс бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар мен балалардың әрқайсысына 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек беруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл қаржы 25 қазан – Республика күніне орай беріледі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<