Ардагерлер ән салған күн

422

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында  «Ардагерлер әуендері» атты облыс ардагерлері арасында байқау өтті. Ұлттық өнерді, рухани құндылықты насихаттауға бағытталған байқауда ардагерлер халық әнін және Сыр композиторларының әндерін орындады.

Ерекшелігі сол, бүгінде естілмей жүрген ескі әуендер шырқалып, көрермендер зор қошемет көрсетіп отырды. Байқауға облыс аумағынан түрлі салада еңбек еткен 30 ардагер қатысты. Ақ сақалды ата, ақ жаулықты әжелер жеке орындаушылығымен қатар, домбыра, сырнай, гитара аспаптарымен ән салып, жастық шақ әуендерін жаңғыртты.

Байқау қорытындысымен бірінші орынды қазалылық денсаулық саласының ардагері Шамшагүл Захар және Шиелі ауданынан келген мәдениет саласының ардагері Рахия Қожахметова жеңіп алды. Ал екінші орынды аралдық білім саласының ардагері Болатбек Тәжімбет, Сырдария ауданының білім саласының ардагері Сәрсенкүл Қалмаханова иеленсе, үшінші орынға Қызылорда қаласының қоғамдық тамақтандыру саласы ардагері Күләш Сырымова және Жаңақорған ауданының ішкі істер саласының ардагері Әлібек Сүгірбаев, Шиелі ауданының білім саласының ардагері Дилара Оразымбетова лайық деп танылды.

Ардагерлердің ән байқауына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Рамазан Тайманов, ҚР Еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова, Мәдениет саласының үздігі Сәбит Ұлықпанұлы сынды өнер өкілдері қазылық етті.

– Елдің, аймақтың дамуына өз үлесін қосқан аға буын өкілдерінің зейнет шағында қоғамнан қалыс қалмай, мәдени, рухани іс-шараларға белсенді араласуы бізді қуантады. Мемлекет ұстанып отырған саламатты өмір салтының шынайы көрінісі осы, – дейді қазылар алқасының төрағасы.

«Ардагерлер әуендері» ән байқауын қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев кеңестің алдағы жоспарына сай осындай рухани-танымдық іс-шаралар әлі де ұйымдастырылатынын атап өтті. Сондай-ақ жеңімпаздарды марапаттап,  сый-сияпат табыстады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<