Ақылы жолдар көбейеді, тарифі қымбаттайды

81

0

Сурет ашық дереккөзден

Үкімет отырысында ақылы жолдардың тарифін 20 пайызға көтеру ұсынылды. Көлік министрі Марат Қарабаев мәселе әлі пысықталып жатқанын айтты. Әр жолдың ақысы түрлі деңгейде көтеріледі. Себебі ең арзан ақылы жолдар – Қазақстанда: бір шақырымы – 1 теңге. Ал ақыны көтергеннен кейін 1 теңге 25 тиын болады.

– Мәселен, «Астана-Бурабай» жолының ақысы қазір 220 теңгені құрайды. Негізі кем дегенде 400 теңге болуы керек. «Алматы-Қарағанды» жолын әлі іске қосқан жоқ. Бірақ пайдалануға берілгенде бір шақырымы үшін 1 теңге болмайды, анық айта аламын, шамамен 3 теңге болады, – деді М.Қарабаев Үкіметте өткен брифингте.

Министрдің айтуынша, көрші елдерде ақылы жолдың бағасы 7 есе, тіпті, 15-20 есе қымбат.

– Біздің жүк көліктеріміз ол жаққа барғанда 7 есе қымбат төлейді. Ал олардың көліктері бізде 7 есе арзан бағамен жүреді. Біз – транзиттік елміз, сол себепті транзитпен өтетін көлік көп. Ал отандық көлік жүргізушілері үшін 15 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Жолдың бойында тұратын халық абоненттік төлеммен жүреді, – деп атап көрсетті министр. Елімізде тариф Ресей, Беларусь, Түркия, Қытай, Польша сияқты елдермен салыстырғанда, айтарлықтай төмен екенін алға тартты.

Расында, тариф Еуропа елдерінен әлдеқайда төмен. Мысалы, 2023 жылғы мәліметке сәйкес, Италияның ұзындығы 700 шақырымнан астам «Милан-Неаполь» жолы жеңіл көліктер үшін 58,2 евро. Теңгеге шаққанда шамамен 30 мыңнан астам. Осылайша, бір шақырым жол үшін тариф шамамен 40 теңгені құрайды. Ал, Францияның кейбір ақылы жолдарында тариф бір шақырым үшін 60 теңгеге дейін жетеді.

Жалпы, ақылы жолдар – көптеген елдің инфрақұрылымының ажырамас бөлігі. Мұндай магистральдар Еуропада да, Ресейде де бар. Бірақ ақылы жол ең әуелі жылдам әрі жайлы жүруді қамтамасыз етуі керек, яғни өз ақшасын ақтай алуы тиіс.

Ақылы жолдардың тарифін көтеру туралы ұсынысқа қатысты сарапшылардың пікірлері әртүрлі. Бірі жолдарды салу және күтіп-ұстау мемлекеттің міндеті десе, бірі жаңа тариф көлік иелерінің қалтасына ауырлық түсірмейтінін айтуда. Жаңа жолдарды бірден ақылы қылу, олардың тегін баламасының болмауы да наразылық тудыруда. Бірақ заң бойынша қазір Қазақстанда тегін балама жол болуы керек деген талап жоқ, тиісінше кез келген жолды ақылы етіп жасауға болады.

Елімізде ақылы жолдар практикасын енгізу 2013 жылы басталған еді. «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының өкілеттігі кеңейтіліп, ұлттық операторға айналды. Алғашқы ақылы жол телімі «Астана – Щучинск» бағыты болды. 2019 жылы дәл осы тарифпен қосымша тағы да 3 жол телімі қолданысқа берілді. Олар – «Алматы – Қапшағай», «Алматы – Қорғас» және «Астана – Қарағанды» тас жолдары. Енді бүгінде еліміздегі ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымнан асып отыр. Былтыр бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналған. Қаржы оларды күтіп-ұстауға, жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалған.

Сондай-ақ автожол саласын дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысында республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолды күтіп-ұстауға 80 миллиард теңге қажет екені де айтылды. Сондықтан бюджет жүктемесін азайту үшін ақылы жолдарды енгізу жалғаса бермек. Қайта жаңғыртудан өткен жолдарды күтіп-ұстау үшін биыл кезең-кезеңімен ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын 11 жол телімін ақылы ету жоспарланған.

Айта кетсек, елімізде тіркелген 450 мыңнан астам жүк көлігінің 60 мыңы рұқсат етілген тасымалдау параметрлерін бұзады. Бұл жолдардың жағдайына кері әсерін тигізуде. Көлік министрі карьер иелерінің жауапкершілігін күшейту және карьерлік самосвалдардың жалпы пайдаланымдағы жолдарға шығуына тыйым салатын түзетулер әзірленгенін айтты. Бұл салмақ параметрлерін сақтау үшін жасалады. Оларды орындау үшін көліктердің салмағын өлшейтін 220 автоматты станция орнату басталған. Автоматты станциялар «Сергек» арқылы заңбұзушылықтарды тіркеп, айыппұлды онлайн режимде береді.

Ақылы жолдар қайта жаңғыртудан өткен, сапалы жол телімдері екені белгілі. Бірақ қазақстандықтар негізінен жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйіне жиі шағымданады. Сәуір айының басында министр алғаш рет толық реконструкциялаудың орнына шамамен 15 мың шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілетінін айтқан болатын. Бұл шығындарды жеті есе азайтуы тиіс. Жаңа жоба 94 облысаралық жолды жөндеуді көздейді. Жұмысты бастауға қажет қаражаттың бір бөлігі – 450 миллиард теңге Еуразиялық даму банкінен тартылады. Қажетті қаражаттың жалпы көлемі қанша екені, қалғаны қайдан алынатыны әзірге ресми хабарланған жоқ.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<