Тау баурайында тыныққан балалар

71

0

Биылғы жазғы демалыста қала сыртындағы 8 лагерьде 7 мыңнан астам  бала демалса, аймақтан тыс жерде орналасқан лагерьлерде 6 мыңға жуық бала демалады деп жоспарланған. Осындай демалыс орнының бірі – Жаңақорған ауданында тау баурайында орналасқан «Талдысу» лагері. Негізі бұл нысан облыстық білім басқармасына қарасты «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы» деп аталады. Өйткені бұл орталықта жыл бойы пәндік олимпиадаларға дайындық жұмыстары жүргізіледі.

Орталық 2011 жылдан бері қызмет көрсетеді. Соңғы үлгідегі типтік жоба бойынша салынған. Жер көлемі 15 гектар, бір ауысымда 300 бала демалады. Облыс аумағы мен Жаңақорған ауданы мектеп оқушыларының жазғы демалысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткеніміздей, жылдың басқа мезгілдерінде сабақтан тыс дайындық жұмыстарын, мәдени-танымдық іс-шаралар өткізуге лайықты жағдай жасалған.

Жатақханалар екі қабатты, төрт корпустан тұрады. Әр корпуста 80 адамға арналған жатын орын, тәрбиешілер бөлмесі, душ, ваннасы бар. Оқушылар сарайы жұмыс жасайды. Онда көрме залы, кітапхана, оқу залы, тынығушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған үйірмелер бар. Оқушылардың қызығушылығына қарай жас кітапханашылар, шахмат, домбыра, қолөнер, сурет, робототехника, стол теннисі, ән-әуез, би өнері бойынша үйірмелер қызмет көрсетеді. Орталықтағы тәрбие және үйірме жұмыстарын 8 тәрбиеші мен спорт нұсқаушысы атқарады. Сонымен қатар медициналық бекет, 160 орындық асхана және жазғы клуб бар. Асханада бес мезгіл тамақ беріледі. Бұдан бөлек, екі футбол алаңы, волейбол және балалар ойын алаңы жабдықталған. Онда түрлі жаттығуларға арналған тренажерлар орналасқан.

– Жазғы маусымда орталықта алдын ала жоспарланған іс-шараға сай мәдени-танымдық, шығармашылық, интеллектуалдық және спорттық бағыттағы тәрбиелік жұмыстар жүргізіледі. Әр ауысым сайын тауға, тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылады. Саяхатқа тынығушылар орталықтың арнайы автокөлігімен тасымалданады.

Тәрбиелік және мәдени, спорттық іс-шараларға белсене қатысқан үздік оқушылар «Алғыс хатпен» марапатталады, – дейді орталық директорының міндетін уақытша атқарушы Нұрлыбек Байымбетов.

Иә, тау баурайы, жасыл желекпен көмкерілген табиғат аясында балалардың демалысы жақсы өтіп жатқан секілді. Спорттық алаңдарда топ-топ болып ойнаған, енді бір жерде ән айтып, күй тартып, көңіл көтерген, сондай-ақ көлеңкеде орналасқан үстелдерде сурет салып отырған балаларды көзіміз шалды.

Оның үстіне, біз барғанда «Анаға тағзым» орталығының облыстық білім басқармасымен бірлескен көшпелі «Даму LIFT» жобасы бойынша «Тау самалы» және «Талдысу» лагерьлерінде біркүндік іс-шара өткізіліп жатыр екен. Дәлірек айтсақ, жоба аясында Аралдан бастап Қаратауға дейінгі аралықтағы әр ауданның жазғы тынығу лагерьлерінде шеберлік сағаттары өткізілген.

Оның мәнісі – бүгінде ұзақты күн смартфонды серік еткен балаларды асық ойнап, ләңгі теуіп, садақ атып, физикалық әрі логикалық тұрғыда пайдасы зор ұлттық ойындарға тартып, сергектікке баулу. Ал қыз балалар үшін қолөнермен шұғылданып, тоқыма тоқу, гипспен жұмыс істеу, кесте тігу әдістері үйретіледі.

Бұдан бөлек, балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беріп, өздеріне деген сенімділігін арттыру үшін арнайы жыр терапиялары мен психологиялық тренингтер өткізіліп келеді. Жалпы жазғы лагерьлерде тынығып жатқан 1000-нан астам бала көшпелі «Даму LIFT» жобасының  танымдық бағдарламасына қатысқан.

Орталықта штаттық кесте бойынша 57 қызметкер болса, оның 15-і – педагог. Демалыс маусымында қосымша 4 тәрбиеші қабылданған. Биыл, яғни 2023-2024 оқу жылының жазғы тынығу маусымында «Талдысу» лагерінде 2100 бала демалады деп жоспарланған. Қазір мұнда 300 бала тынығып жатыр.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<