БИЛ-дың мәселесі биыл шешіле ме?

104

0

Фото: ашық дереккөз

Екі-үш күннен бері әлеуметтік желіде Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған Қызылорда облыстық «Білім-Инновация» лицейінің спорт алаңы мен шағын бағы бар ауласына әкімшілік жаңа ғимарат салмақшы деген ақпарат тарауда. Ал, шын мәнінде БИЛ-дың ата-аналары әкімшіліктің бұл орынға ғимарат салынуына наразы. Біз өз кезегінде мәселенің анық-қанығын зерделеу үшін екі тараптың да пікірін қосып, арнайы материал дайындадық, деп хабарлады Kyzylorda-news.kz.

Жалпы, «Білім-Инновация» лицейіне 2012 жылы желтоқсан айында жаңа ғимарат берілген. Көлемі 5 гектар жер беріліп, қыз бен ер балаларға арналған білім беру мекемесі орналастырылған.

Ата-аналардың айтуынша, әкімшілік мектеп ғимаратының жерін алып, басқа мақсатта қолданып, лицейдің қыз бен ер оқушыларын тас қабырғаға байлап, кешкілік серуендеуге немесе спортпен шұғылдану мүмкіндіктерінен айырып отыр екен. Әкімшілік пен мектеп арасындағы жер дауы биыл ғана басталмаған. Өткен жылдың 24 тамызында лицей-интернат жерінен 0,39 гектар жер басқа нысанға беріліп, жер аумағы азайып, 46 102 шаршы метр болып қайта бекітілген. Ал осы жылдың 9 шілдесінде лицей басшысына Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының хабарлама хаты жіберіліп, лицей учаскесінен тағы да 2,1 гектар жері басқа нысан салу мақсатында алынатынын хабарлаған. Білім беру мекемесінің аймағы талан-таражға түсіп жатқанын естіген ата-аналар әлеуметтік желіге наразылығын білдіріп, видео-үндеу жариялады.

– Аймағымыз үшін өте маңызды нысана деп «Қызылорда аренаны» бұл жерге салмақшы. Осылайша, спорт кешені салу арқылы лицей-интернат оқушыларында тек өздері оқитын ғимарат қана қалғалы отыр. Тіпті сыртқа шығып, серуендеп жүретін жер қалмайын деп тұр. Аптасына үйіне бір-ақ рет баратын оқушыларды лицейде сабақтан шыққан соң, ми тынығуға уақыты болуы керек. Оқушылардың жерін алып қою балаларға жасалған қастаңдық, – деп Разия Молдабекова есімді ата-ана инстаграм желісіне жариялады.

Мәселенің күрделілігін түсінген Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов лицей-интернат ұжымымен және ата-аналармен арнайы кездесіп, салынатын ғимарат жайлы ақпарат берген. Оның айтуынша, бұл жер телімі мемлекет меншігінде екен. Сондай-ақ «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер» ережеге сәйкес, оқушы саны 500 және одан көп болған жағдайда, жер 1 оқушыға 40 шаршы метрден кем болмауы керек. Лицей-интернаттың 500 оқушысына 2 гектар жер тиесілі болуы тиіс. Кешенге бір бөлігі алынғаннан кейін қалған 2,5 гектар жер лицей қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Қолданыстағы заңнама талаптары еш бұзылмастан сақталады. Ең бастысы, салынатын көпфункционалды кешен лицейдің оқу-тәрбие үдерісіне, білім сапасына әсер етпейді деп пікір айтты.

Алайда ата-аналардың айтуынша, әкімшілік бұл қарапайым мектеп емес екенін ескермеген сыңайлы. Себебі мұнда оқушылар өмір сүреді. Қарапайым мектептің оқушылары бір мезгіл ғана барып, қалған уақытын үйде өткізсе, БИЛ оқушылары 24\7 мектеп жанында болуы тиіс. Сондықтан бос уақытын тиімді өткізуге еркін қосымша жері болуы қажет дейді. Бұған қоса күн-түні жұмыс істейтін ғимарат анти-террористік нысанға да кіретінін ескерген жөн. Егер арена мектеп жанына салынса, онда республикалық, облыстық көлемде іс-шаралар өткізілетіні белгілі. Демек сырттан көп адамның шектен тыс келуіне орай, мектеп қызметкерлері бала қауіпсіздігіне екі есе мән беруге мәжбүр. Ата-аналар осы мәселеге алаңдайтынын ашық айтты. Олардың тағы алаңдаушылық тудырған мәселесіне әкімшілік былай жауап қатты.

– Қазіргі қолданыстағы оқушылардың сабақтан бос уақытта серуендеп, тынығуы үшін лицей түлектері есебінен салынған шағын спорт алаңы, беседка, орындықтар ғимараттың артқы жағындағы бос алаңқайға көшіріліп беріледі, яғни мектеп мүлкіне ешқандай материалдық шығын келтірілмейді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мәселе шығын да емес, шынашақтай жерге салынып берілуінде болып тұрғанын аты-жөнін жасыруды сұраған мектеп қызметкері жеткізді. Төмендегі суреттен байқасаңыз, лицейдің артқы бөлігі өте тар. Егер әкімдік айтқанын жасап көшіретін болса, 500 қыз бен ұл мұнда бірге кешке тынығуы керек. 

Әкімшілік бұл тұста «Қызылорда арена» түрлі бағыттағы шараларды өткізуге арналған көпфункционалды кешен салғысы келеді. Бұл нысанға қажетті жердің жалпы аумағы – 2,1 гектар екен. Ғимараттың жалпы алаңы 14000 шаршы метр, 3 қабатты болады. Кешенде 2000 көрерменге арналған әмбебап арена,  50 метрлік олимпиадалық стандартқа сай бассейн және сыйымдылығы 600 көрерменге арналған зал, жекпе-жек жаттығу, конференц зал және хореография залдары қарастырылған. Сонымен қатар аренаның инфрақұрылымдық жүйелері мен автотұрақ мәселесі де шешілмек. Тіпті бұл аренаға әкімшілік лицей оқушыларын тегін кіргізбекке ниетті екенін жеткізді. Десе де мектеп ережесіне сәйкес оқушыларды бақылаусыз жібере алмайды. Бәлкім, бұл да дұрыс-ақ. Мектеп жанынан ашылған алаң орталық болған соң, жасөспірімдер арасындағы төбелес жиілеуі мүмкін. Жан-жақтан жиылған жас спортшылар танысуы шығысумен аяқталмасына кім кепіл? Оның үстіне елімізде жасөспірімдер арасындағы құқық-бұзушылық белең алуда. Әлгінде ғана Шиелі ауданының оқушыларының арасында төбелес болып, бір бала көз жұмған. Ал жыл басында Сырдария ауданындағы мектеп оқушыларының арасында балағаттан басталған төбелестің соңы қайғылы оқиғамен аяқталған. Енді қараңыз, мектеп жанынан көпшілік орталық алаң салу қаншалықты дұрыс? Бұл ата-аналардың айтқаны.

Жә, арена салынып, спорттық жетістіктер көбейіп, медаль иегерлері артатыны сөзсіз. Медальдың екі жағы бар секілді, БИЛ-дан да қателік кетті ме? Әкімшіліктің сөзінше, бұл жер бұған дейін 10 жылдан астам уақыт игерілмей, бос жатыпты. Бағана ғана жер мемлекет меншігінде еді. Және мектеп те мемлекетке қарайтыны бар. Жеке емес. Сонда бос жатуына кім кінәлі? Облыстық білім басқармасы түшкірмепті, БИЛ директоры «жәрәкімалла» демепті деген тіркестің кері болды. 

Лицейдің ерекшелігі тек білім де ғана емес, тәрбиесінде. Бұл мектептің түлектері мектеп өркендеуіне елеулі үлес қосады. Кез келген мектептің түлектері ұйымшылдық танытып, қаржы бөлмейтіні айтпаса да түсінікті.

– Мектеп түлектері тек футбол алаңы емес, көп жағдайда мектеп шараларына үлкен демеушілік жасайды. Мәселен, оқушылардың олимпиадаға дайындық шығындарын көтереді. Жеңімпаз болған оқушыларға қомақты сыйлықтар үйлестіреді. Лагерьлерге тегін баруын да қамтамасыз етеді. КБО финал, КИОТ, Edlight camp сынды байқаулардың басты демеушісі – мектеп түлектері, – деді лицейдің ата-анасы Регина Демеуова.

БИЛ білім бойынша да өзгелерден оқ бойы озық жүргенін білесіздер. Халықаралық және республикалық дүбірлі додаларда 30 жыл ішінде облыстық және республикалық олимпиадалардан 148 алтын, 362 күміс және 526 қола медаль алды. Халықаралық бәйгелерден 16 алтын, 31 күміс және 56 қола иеленіп аймақтың ғана емес, елдің атын шығарып жүр.

– Қызылорда білімінде парадокс. Осы жылдың 13 шілдесінде БИЛ-дың 11-cынып оқушысы Әмина Тынырбай биология пәнінен халықаралық олимпиадада қола жүлдегер атанды. Елге медальмен оралған оны лицей алдынан булдозерлер мен тракторлар қарсы алды. Неліктен? Өйткені облыс әкімдігі ешкімнен рұқсат алмай, мектеп аумағын азайтуға шешім қабылдаған. Әкімдікті екі лицей бір ғимаратта сыйысып отырғаны алаңдатпай ма? – деді білім саласында зерттеуші, ұстаз Нұрлан Иманғалиев.

Ал, әкімдікті «Саяхат», «Сырдария», «СПМК-70» мөлтек аудандары, Тасбөгет кенті, Ақсуат ауылдық округі мен «Сабалақ» саяжайының тұрғындары алаңдатып отыр. Аталған мөлтек аудандар тұрғындарын спорттық нысанмен қамтамасыз ету, шалғайдан қала орталығына қатынап, үйірмелерге қатысатын мектеп жасындағы 30 мың оқушының мәселесін шешпекші екен.

– Кешелі бері БИЛ-дің ат шаптырым алаңына қатысты шу шығып жатыр екен өз ойымды қоса кетейін. Әкімдік жерін бас көз жоқ иемденіп, оған бір кәсіпкер түнгі клуб немесе сауда орталығын салайын деп жатса нағыз дау шығаруға болар еді. Тап-тақыр, бір қылтанақ өспеген кебір жерде (үлкен алаңда) оқушылардың футбол ойнауына да қолайлы жағдай жасалмағаны көрініп тұр. Енді ол жерге заманауи спорт аренасы салынса несі айып? Оның үстіне БИЛ-дің оқушыларына бассейніне шомылып, залында футбол, волейбол ойнауына мүмкіндік жасалса не үшін даурығады? Тіпті, қаладағы бүкіл мектептің азып-тозып тұрған алаңдарының орнына жаңа спорт кешендерін салу керек! Балалар тақыр жерде емес заман талабына сай ареналарда жаттығуы керек. Спорттық инфрақұрылым дамымай ел спорты алға ілгерілемейді, – деді журналист Әділбек Жақанов.

Иә, спорт пен білім қатар дамуы керек. Дей тұрғанмен, ата-аналар аренаға емес, оның мектептің аумағында салынуына қарсы екенін айтуда. Себебі олардың өз жоспары бар екен. Алдағы уақытта БИЛ түлектері футбол алаңын абаттандырып, теннис алаңын салуды көздеп отыр. Сонымен қатар мықты ұстаздар өзге аймақтан келгенде оларға ыңғайлы мұғалімдер жатақханасын және екі лицей бір ғимаратта білім алған соң, оны да кеңейту жоспарда бар екенін айтуда. Мәселе қайда жатыр… «Шешінген судан тайынбас» енді лицей ата-аналары арыз жазып, түгелдей бәрі қол қойып, мәселенің республикалық деңгейде қаралуы үшін e-өтінішке жүгінбек. 

БИЛ-дың мәселесі биыл шешіле ме?

Азамат АБИМОЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<