Кәріз құбырлары жаңартылуда

68

0

Бүгінде облыс орталығындағы өзекті мәселенің бірі – кәріз жүйесі. Өйткені басым бөлігінің тозығы жеткен. Осыған орай биыл Қызылорда қаласында кәріз желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жөндеу жұмыстары қарқын алған.

«Шұғыла» шағын ауданында жұмысшы топ тынымсыз еңбек етуде. Мұнда 9 көпқабатты тұрғын үйдің кәріз желісін жаңарту қаралған.  Құбырларды ауыстыру «Ақмолатранстехмонтаж» ЖШС мердігер мекемесінің міндетіне жүктелген. Сонымен қатар техникалық қадағалау қызметін «SD ПРОЕКТ Консалтинг» ЖШС жүргізсе, ал авторлық қадағалаушы қызметі «Қызылорда жоба құрылыс» ЖШС мекемесіне міндеттелген.

– Қазір мұнда 30 адам жұмыс жасауда. Арнайы техника жұмыстың неғұрлым сапалы әрі уақытылы аяқталуына септігін тигізуде. Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Кәріз желісінің ұзындығы – 8352,5 метр. Құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін толығымен аяқталады деп күтілуде, – дейді серіктестік директоры Мұрат Кешубаев бізбен әңгімесінде.

Мамандардың айтуынша, бұл жобада көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар қарастырылған.

– Өздеріңізге белгілі, көптен бері көтеріліп жүрген мәселе – кәріз иісі. «Шұғыладағы» көпқабатты тұрғын үйлердің өздігінен ағатын кәріз су желісі қайта жаңғыртылады. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бір айдан бері жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр. Жоспардағы 13 аймақтың 3-інде жұмыс аяқталды. Негізгі «Шұғыла», «Титов», қалалық парк аумағындағы, Әбілқайыр хан көшесіндегі тұрғын үйлер, №1 емхана, №23 мектеп, Толыбеков көшесіндегі тұрғын үйлердің сыртқы кәріз желілері қайта жаңғыртылады. Жыл аяғына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарымызда бар. Құрылыс материалдарының барлығы сертификатталған, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<