Айдостың арманы

75

0

Сурет ашық дереккөзден

Париж Олимпиадасының басталуына бір аптадан астам уақыт қалды. Дүбірлі додада еліміздің атынан бақ сынайтын спортшылар арасында қызылордалық Айдос Сұлтанғали бар. Тәжірибелі балуан Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасына ие болған еді.

Білікті мамандар лицензиялық турнирге үкілеп алып барған үздіктер арасынан Айдостың мүмкіндігі жоғары екенін айтқан болатын. Талай жарыста қарсыласының жауырынын жерге тигізген жампоз бұл жолы да сыр алдыра қойған жоқ. Алдымен ол Ирак балуанын жеңіп, ширек финалға шықты. Жарыстың одан кейінгі сатысында тәжікстандық Асламжон Азизовпен кездесті. Қарсыласы да осал емес, бозкілемде талай белдесуді өткізген тәжірибелі балуан болатын. Жанкүйерлер қос мықтының арасындағы тартысты бәсекені тамашалады. Десе де Айдостың шеберлігі жоғары екені байқалып тұрды. Нәтижесінде ол қарсыласын 2:1 есебімен қапы қалдырып, жартылай финал жолдамасына қол жеткізді.

Шешуші кезеңде оған тайпейлік балуан жолыққан еді. Әбжілдігімен көзге түскен жерлесіміз белдесу барысында емін-еркін қимылдап, қарсыласының мысын баса түсті. Сол арқылы тайпейлік балуанды айқын басымдықпен жеңді.

Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оған Виктор Юн және Ғабиден Райымбек сынды бапкерлер тәлім береді. Жастар және жасөспірімдер арасындағы түрлі бәсекелерде топ жарған жерлесіміз 2018 жылы Әлем чемпионатында қола медаль алған еді. Сол жетістігін 2022 жылы тағы бір мәрте қайталады. Сондай-ақ оның еншісінде 2021 жылғы Азия чемпионатында алған алтын медаль бар.

– Грек-рим күресімен екінші сыныптан бастап шұғылданып келемін. Осы уақыт аралығында тек чемпион болуды, Олимпиадада бақ сынауды мақсат еттім. Шыны керек, осы Олимпиаданы 15 жыл күттім. Қандай қиындық кездессе де, мойығаным жоқ. Өйткені, менің Олимпидаға қатыссам, Олимпиадада топ жарсам деген тәтті арманым бір сәтке де ойымнан шыққан емес. Жанкүйерлер сенімін ақтауға бар күшімді саламын, – деді ол.

Айдостың аты күрес әлемінде ерте танылды. Ол 22 жасында Будапештте (2018) өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2021 жылы Олимпиада қарсаңында Алматыда өткен   Азия біріншілігінде  топ жарды. Десе де, талантты балуан Токио Олимпиадасынан сырт қалып, өзінің командаласы әрі қарсыласы Мейрамбек Айнағұловқа жол берді. Бірақ бұл да Айдостың сағын сындырмады. 2022 жылы Белградта өткен Әлем чемпионатында кезекті рет қола медаль иеленіп, өзінің әлем үздіктері қатарына енетінін дәлелдеді.

Ендігі кезекте оның алдында беделді бәсекеде жүлдегерлер қатарынан көріну мақсаты тұр. Әрине, қарсыластары да осал емес. Бұл салмақта қырғыз балуаны Жоламан Шәршенбеков – өте мықты спортшы. Жоламан екі дүркін Әлем чемпионы, Әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері болған. Сондай-ақ жапониялық Кэнитиро Фумита да – тәжірибелі балуан. Бұған дейін Әлем чемпионаттарында екі рет топ жарған, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы. Өзбекстандық Исломжон Бахромов, әзербайжандық Мұрад Мамадов, молдовалық Виктор Чобану, қытайлық Цао Лиго, кубалық Кевин де Армаш, ирандық Мехди Мохсеннеджад, алжирлік Абделькарим Фергат та ешкімге есесін жібермейді.

Облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы жерлестері атынан жақында Айдосқа жеңіл көлік мінгізді. Оның айтулы аламанда жоғары табысқа жетуіне тілектестігін білдірді.

Айта кетсек, облыс атынан бокстан Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары), дзюдодан Абылайхан Жұбаназар (81 келі) және Нұрлыхан Шархан (100 келі) Парижге аттанады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<