Халықаралық олимпиадада топ жарды

70

0

Астанада Назарбаев университетінің базасында биология пәнінен XXXV халықаралық олимпиада өтті. Оған әлемнің 81 елінен 305 оқушы қатысты. Халықаралық олимпиадаға Сыр өңірінен №10 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әмина Тынарбай қатысып, бақ сынады.

Олимпиаданың практикалық емтихандары биохимия, молекулалық биология, биоинформатика және жануарлар анатомиясы мен физиологиясы бойынша төрт кезеңді қамтыды. Айта кетейік, тапсырмаларды Қазақстанның жас биолог-ғалымдары әзірлеп, IBO-2024 Ғылыми комитетінің мүшелері бекіткен.

Халықаралық білім бәйгесінде дарынымен дара шыққан Сыр түлегі Әмина Тынарбай үздік атанып, қола медальға қол жеткізді.

Олимпиада жүлдегерін «Қорқыт ата» әуежайынан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов және лицей-интернаттың ұстаздары мен сыныптас достары, ата-анасы күтіп алды.

– Әлемнің 81 елінен 300-ден астам үміткер бақ сынасқан бәсекеде жеңімпаз атану оңай болған жоқ. Әйтсе де осы олимпиадаға 5 жылдай дайындалып, өз білімімді сарапқа салуға бекінген едім. Өзім оқитын білім ошағының, білім берген, ғылыми бағытта жетекшілік еткен ұстаздарымның үмітін ақтауға барынша тырыстым. Нәтижесінде, үздіктер қатарынан көріндім. Бұл жеңісім мені әлі де талай ізденістерге жетелейді, – дейді Әмина.

Айта кетейік, Әмина Тынарбай бұған дейін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың алтын медалінің, National Brain Bee республикалық олимпиадасының қола медалінің, Авиценна атындағы халықаралық олимпиаданың күміс медалінің иегері атанған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<